Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ауылдағы ағайынға, елден түлеп ұшқан түлектерге үлкен қозғау болды. Бүгінде әр ауылдан «Туған жерге туың тік!» ұранымен туған елге, ауылға қарайласып, ерте көктемде сенбілік ұйымдастырып, туған өлкенің көркеюіне мұрындық болып отырған бауырлардың тірлігін естіп, біліп, қуанып қаласың. Осындайда ағайынның үлкендері бас болып, інілеріне жөн көрсете біледі. Тіпті ешкімді ешкім қинамай, мәжбүрлемей, көпшілік игілікті іске жұмыла кететінін көріп, тағы бір мерейің тасып қалады.
Өткен жылы Талас ауданы Ойық ауылдық округіне қарасты Сейілбек ауылының маңында шоғырланған Қарақожа мешіті, Бөлтірік шешен кесенесі, Ілебай датқан кесенесі, Қызыл қорған тарихи қалашық орны, осында жатқан Тұрар Рысқұловтың әкесі Жылқайдар қорымының аумағын абаттандыру шаралары басталған еді. Сол жолы ауыл түлектері бес жүз түп тал-дарақ отырғызып, сенбілік өткен-ді. Биыл сол дәстүрді үзбей, жоғарыда атап кеткен аумаққа 1 000 дана жас дарақ егілді, жасы үлкен-кіші сенбілікке қатысып қайтты. Ағайынды ортақ іске жұмылдыра алатын ағалар аман болсын! Үлкендердің сөзіне жығылатын бауырлар аман болсын!
– Амандық болса, алдағы төрт-бес жылда бұл маң адам танымастай болып өзгеретініне сенімдімін! Бастысы бауырлардың, ағайындардың ынтасы зор. Бір қуанарлығы – бұл іске жастар да тартылып отыр, – дейді осы істің басы-қасында жүрген Қибат Асқарбеков.
Мұндай игі іс осы ауданның Сәду Шәкіров ауылында да жалғасып отыр. Ерте көктемде ауылдағы ағайын жазғы және күзгі тірлігіне ерте қамданып жатады. Алайда кейде қолда барды ұқсата алмай, қала берді техника жетпей, бір істің қиуы кетіп жататыны тағы анық. Ал мұндайда төмендегі жігіттердің ісіне тіпті риза болып, «Әй, бәрекелді!» дейсің. Сәду Шәкіров ауылының 1973-1993 жылы туған түлектері игі істі қолға алып отыр. Бірнеше жыл бойы тазаланбай, арнасы біткен «Қазақбай» каналын тазалап, көзін ашып шаруа мен диқанға ағынсудың кедергісіз жетуіне мұрындық болды. Каналдың бойы тазаланды. Суды реттейтін бөгет салынып, жағасы бектілді. Күндіз-түні канал басында жүрген жігіттер канал арқылы суды ауылға жеткіземіз деп отыр. Каналға су Талас өзенінен келеді. Мұнда оншақты техника жұмысқа жегілген. Шамамен жігіттер екі миллионға жуық қаржы жинап, елдік шараны бастап кеткен. Сондай-ақ ауыл ішіндегі арық көздері тазаланып, көшелер де ретке келтіріліп отыр екен. Жігіттер осындай іске қолдау көрсетіп, басы-қасында жүрген алматылық ауылдастары Ғалым Асқаров пен Шариф Назархан арнайы техникалармен көмек көрсеткенін де айтады. Рас, бүгінде бұл бастама көрші жатқан ауыл ағайындарына да үлгі болып отыр.
– Бір қызығы, осы істі бастар тұста ауыл түлектерінің басын қосып жиған болатынбыз. Сонда бәрі бірауыздан келісті және тағы бір ескерер жағдай – ауылда ұрлық, қылмыс деген азайды. Өйткені қазір ауылда болып жатқан жаңалықтарды ортақ «чат» арқылы естіп отыратын болдық. Оның үстіне ауылдағы учаскелік инспектор ауылдағы жағдайды бізге жеткізіп отырады. Елді біріктіруге, ауыл жастарының үлкендерге қарап бой түзеуіне аз да болса себепші болатын іс болды, – дейді Шариф Назархан.
Ал осы ауылмен көрші жатқан Аққұм ауылында да ауыл тұрғындарының ауызбіршілігін, ынтымағын және жарасымын көрсетсе берекелі іс жалғасын тауыпты. Міне, жақсы бастама, жақсы іс жалғасын тапты деген осы. Аққұм ауылының 1977-1994 жылы туған түлектері ортадан 1 800000 теңге қаржы жинап, ауылды абаттандыру шарасын қолға алыпты.
Ерман ӘБДИЕВ, Жамбыл облысы