Соғыс неге созылып кетті?
Соғыс неге созылып кетті?
269
оқылды
Алда «Жеңіс күні» келе жатыр. Фашистердің капитуляциясына – 74 жыл. Тағы да дауласамыз. Мерекелеу қажет пе, жоқ па? Кімді қорғадық, қай елдің идеологиясы үшін күрестік?! Не десек те соғыста шейіт болған Кеңес Одағының 27 миллион халқын қайта тірілте алмаймыз. Қырылған немістің өзі бір төбе. Майданда жүріп 125 500 қазақтың опат болғаны да демографияға үлкен жара. Мұншама шығынды Гитлердің мойнына барып ілдік. Ақтап алатын шынымен бірде-бір дәйек жоқ. Неміс ұлтын үстем етемін деп, адамзат тарихындағы шығыны көп ең үлкен соғысты тудыртты. Үрім бұтағына дейін қарғысқа ұшыраған Гитлерді неге ерте баста ауыздықтамадық деген ой келеді. Міне, осындай сұрақтың жауабын іздеп отырып тамаша деректерді Питер Франкопанның «Жібек жолы» туындысында кезіктірдім. Екінші дүниежүзілік соғыстың негізгі себебі – бидай мен мұнай болды. Алғашқысы өмірдің нәрі, ал екіншісі экономиканы алға сүйреуші күш... Немістерде бәрі бар еді: білім, ғылым, ауыр және жеңіл өнеркәсіп, экономикалық өсім, мәдени жетістіктер. Тіпті спортта да Германия оқ бойы озық тұрды. Бірақ, толық бақытты болуға екі нәрсе жетпеді: бидай мен мұнай. Біріншісі Кеңес үкіметінде, ал екіншісі Британияның еншісінде көп болатын. Содан Адольф мырза мұндай бассыздықты көтере алмай батысы мен шығысына шабуылдап қоя берді. Не керек, 1945 жылға дейін Кеңес халқы, тұтас Еуропа азап пен қиыншылықты бастан өткізіп, қиындықты көрді... Енді сәл шегініп қояйық. Гитлер соғыстың мұнша ұзақ боларын өзі де білмеді. 1939 жылы Сталинмен одақтас екенін дәлелдейтін құжатқа қол қойып алды да Польшаға шабуылдап, демде поляктарды еншісіне түсірді. Сосын Францияны, Голландияны, Белгияны бір-біртіндеп бағындырды. Мұның бәрі азғантай уақытта жүзеге асты. Содан, кезек бидай мен мұнайдың державасы КСРО мен Британияға ауды. Бұларды да 1 жылдың айналасында фшистердің айтқанына көнетіндей етуді көздеді. Алайда, ол арман орындалмады. Сталин де фашистік Германияның шабуылдайтынын білмеді. Одақтас екенін дәлелдейтін құжатқа қол қойды да, қорғанысқа көп көңіл бөле қоймады. Оның үстіне 37-38 жылдары елдің бетке ұстар қаймағын қырып салды. Кеңес Одағында хаос орын алды. Елдің бәрі бір-бірін сатуға, тыңшы деп айыптап, біріншілердің қатарында болып жеткізуге тырысты. Атылғандары өліп, тірі қалғандары итжеккенге айдалды. Тіпті Қызыл Армияның темірдей тәртібіндегі әскерилер бірін бірі айыптап, Сталиндік қуғын-сүргіннің құрбандарына айналды. Ең үлкен шені бар 101 әскеридің 91-і қамауға алынды. Оның 82-і ату жазасына бұйырылды. Олардың ішінде КСРО-ның 5 маршалының үшеуі, 2 адмирал, әуе күштерінің басқарушы құрамы түгелдей атылды. Қызыл Армия бір сәтте есеңгіреп қалды. Және де тез арада айығуы екі талай болатын. Қаншама ғалымдар мен инженерлер сібірге айдалды. Елдің өндірістегі әлеуеті төмендеп, жаңалық ашу жайында қалды. Міне осындай мықты кадрларды қолдан құртып алған Сталин 1941 жылғы соғысқа дайын болмай шықты. Сөйтіп 5 жыл бойы адам тағдырын отқа тастап, әзер дегенде Гитлерлік Германияны тізе бүктірді. ...Егер де осы келеңсіздік орын алмағанда Ұлы Отан соғысы ерте аяқталар ма еді?! Миллиондаған жазықсыз жандардың өміріне араша болар ма едік...