Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығы иегерлерінің көпшілігі жазушылар, ақындар не драматургтар екені белгілі. Ал 2015 жылы Нобель тарихында алғаш рет белорусиялық журналист Светлана Алексиевич беделді сыйлыққа ие болды. Нобель комитеті Светланаға бірауыздан дауыс беріп, оның шығармашылығындағы ерлікті ерекше бағалады. Швед ғылым академиясының секретарі Сара Даниус «Ол – үйреншікті журналистика аясынан шығып, жаңа әдеби жанр қалыптастырған әдебиетші және керемет жазушы» деді. Қаламгер «У войны не женское лицо», «Цинковые мальчики», «Чернобыльская молитва», «Время секонд хэнд» атты кітаптарымен ел ішінде танымал болды. Әскери прозаға жаңа леп әкелген оның туындылары әлемнің 19 елінде жарық көріп, соның желісінде спектакльдер сахналанып, фильм түсірілді. 2001 жыл Ремарк премиясын иеленген ол 2006 жылы АҚШ-тың Ұлттық сын премиясын, 2013 жылы Неміс кітап саудагерлерінің сын премиясын, ал 2014 жылы Өнер және әдебиет орденінің офицерлік крестімен марапатталды. Светлана Алексиевич кітаптарының негізгі идеясын былай айқындайды: «Әрдайым адамның ішінде қаншалықты адам бар екенін және сол адамды қалай қорғап қалуға болатынын түсінгім келеді». Қаламгердің Academy of achievement ұйымына берген сұхбатынан үзіндіні назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Нобель сыйлығын алған басқа қаламгерлерге қарағанда, сіздің жұмысыңыз өзгеше екені анық. Сіз адамдардан сұхбат алып, оларға ішіндегі сырын ақтаруға мүмкіндік бересіз. Кейіпкерлеріңіз бен олардың хикаясы сізді несімен өзіңе баурады?– Соңғы 20-30 жылда көп дүние өзгерді. Әсіресе, мұны музыка мен өнерде байқауға болады. Ал әдебиет неге өзгермеуі керек? Толстой кезіндегі әдебиет салтанат құрмайтынын ұғынған абзал. Менің ата-анам ауылда мұғалім болған. Балалық шағым ауылда өтті. Мұндағы айтпағым, ауылдың қарапайым әйелдерінен естіген әңгімелер оқыған кез келген кітабымнан да әсерлі. Олардың басынан жан түршігерлік күндерді өткізгенін есту жадымда жатталып қалыпты. Ауыл адамдарының әңгімесін тыңдап, зұлмат күндердің ауыртпалығын көзіме елестетіп өстім. Осының барлығы менің шығармашылығыма түрткі болған шығар. Мені қазір алаңдататыны сол, ата-ана мен бала, көшедегі адамдар арасында тілдесу жоқ. Жай ғана әңгімелесуден де қалып бара жатырмыз.
– Үлкендердің асүйдегі әңгімесін тыңдап өскен бала болдым деп айта аласыз ба?
– Шынын айтсам, көшедегі әңгімелердің ықпалы зор болды. Бала болғасын, көп уақытымыз далада өтті. Ауыл әйелдері жұмыстан келгесін аулада жиналып, әңгімелерін айтатын. Біреуі сұрапыл соғыс жылдарындағы қиын кезеңдерді күрсіне есіне алса, тағы біреуі махаббат хикаяларын баяндайтын. Қай әңгіме болмасын, барлығын құлшына тыңдап, түсінуге тырыстық.
– Осындай әңгімелер ішінде жадыңызда сақталып, жүрегіңізден ерекше орын алғаны бар ма?
– Ресейде дүниеден өткендерді еске алу күні бар. Барлығы зират басына жиналып, өлгендерді еске алады. Зират басында жалғыз отырған әйелді үнемі көретінмін. Оның неге жалғыз отыратынын білгім келетін. Содан оның жантүршігерлік оқиғасын естідім. Соғыс кезінде жұрт неміс әскерлерінен жасырынған кезде, бұл әйелдің жылауық баласы болған екен. Аш бала үнемі жылай беретін көрінеді. Бала бәрін ұстап береді деген үреймен олар әйелге өз баласын суда батырып өлтіруін сұрайды. Әйелді өз сәбиін өлтіруге мәжбүр етеді. Бірақ бұл оқиғадан кейін халық оны кінәлап, сыртынан айналып өтетін болыпты. Тіпті оны ауылдың сыртына көшіріп тастайды.
Есімде қалған тағы бір әңгіме бар. Ол кезде Белорусияда тұрдық. Жазғы демалыста Украинаға әжеме қыдырып баратынбыз. Егістік алқапқа шығып, әжеме көмектесетінбіз. Сонда ол орманға бармауымызды өтінетін. Неге баруға болмайтынын сұрағанымда, бұл жерде соғыс жылдары көптеген орыс және неміс әскері өмірден өткенін айтты. Орыс әскерлерінің мүрдесін жинап қайта жерлесе, неміс әскерлерінің мүрдесі қараусыз сол жерде қалған екен.
Бала күнімде Украинадағы ауыр ашаршылық жылдары жайында да көп естідік. Әжеммен егістік алқабынан үйге қайтып бара жатқанымызда бір үйден алыс жүретініміз есімде. Әжем бұл үйдің жанынан үндемей өтуімізді сұрайтын. Неге екенін айтпайтын. Есейген соң бар шындықты жайып салды. Ашаршылық кезінде адамдар еш нәр таппағаннан жануарлардың нәжісіне дейін жеген екен. Ал біз айналып өтетін үйде өз балаларын жеген әйел тұрған еді. Бұл оқиғаның өзі санама серпіліс әкелді. Осындай мұңға толы күндер туралы біліп өсу жазушы болуыма ықпал етті.
– Сіздің кітаптарыңыз сұхбаттардан жинақталған. Алайда кейіпкеріңіздің оқиғасы арқылы тақырыпты аша білетініңіз және оны әр оқырманның жүрегіне жеткізу шеберлігіңізді үлкен өнерге балауға болады. Неліктен әңгімелеу емес, осы әдісті таңдадыңыз?
– Әр естіген әңгімені өз сөзіммен жеткізу мүмкін емес. Бұл – мыңдаған оқиға. Тіпті бір кітабымды жазуға 40 жылдай уақытым кетті. Сол еңбегімді өз сөзіммен жазуға тырыссам,тақырып ашылмайтыны анық. Бұған қоса оқырман кейіпкердің ішкі сезімін, сұхбаттардың беретін күш-жігерінсезіне алмас еді. Ал өмір – өнер.
Әр кітапқа шамамен 7-10 жыл уақыт керек. Бір кітап үшін 700-ге жуық адамнан сұхбат алып, тақырыпты жан-жағынан қамтуға тырысамын. Кейбір кейіпкерлеріммен тілдесуге бірнеше күн кетеді. Ортақ сұлбасын жасаймын. Мұны симфониямен салыстыруыңызға болады. Бұл – өз бетінше үлкен өнер. Әр оқиғаны кірпішке балайтын болсақ, мен сол кірпіштерді қалап ғаламат сарай салатын құрылысшы болармын.
Қазіргі фантастика көпшілік көңілінен шыға алмай жүргенін білеміз. Бұрындары көркем әдебиет мықты насихат құралы ретінде қолданылғандықтан, қазір адамдар жаңа дүниеге құмар. Сондықтан оқырман сенетін жалғыз кейіпкер – сол оқиғаны көрген куәгер. Мен сұхбат алу үшін алдымен адамдарды таңдап, сұрыптаудан аулақпын. Қарапайым адамдармен тілдескенді жаным сүйеді. Бұл адамдар сол заманның жүйесі үшін маңызды орын алмағанымен, сол тарихты көрген басты куәгерлер. Ешкім олардың өмірі туралы сұрақ қоймаған. Олар – сол заман жүйесінің құрбандары. Мен өткен күндерді қозғап, сол сауалдарды қойдым. Бір жағынан олардың емін-еркін ашылып өз сырын ақтарғанын жоғары бағалаймын.
Бұл – үлкен сенім. Көзі ашық адамдарға жүйе үгіт-насихатының ықпалы зор болса, қарапайым адамдарбәрін қаз-қалпында айтады. Олар тарихты, шындықты сол күйінде жеткізеді. Адамдар радио не телевидение арқылы уақытқа байланған. Сондықтан оларға әр нәрсеге басқа қырынан қарауға мүмкіндік бер.
– Сұхбаттарды шағын бөліктерге бөліп, оны бүкіл кітап бойы күрделі жолмен орналастырасыз. Байқағанымыз, кейде кейіпкерлеріңіздің шын есімін қалдырасыз, ал кейде жасыруды жөн көреді екенсіз. Мұның себебі неде?
– Деректі әдебиеттің басқа стилін қолданамын. Бұрын адамдар жеке басына қатысты жайттарды айтуға болмайды деп санайтын. Ал мен барлығын қамтимын. Кейіпкерлерімнің ойын да редакцияламаймын. Кейде кейіпкерлерім қоғамның қабылдауынан сескеніп, есімдерін өзгертіп беруімді сұрайтын. Ал кейде басында есімдерін өзгертуін өтінгендер артынан есімін жазуымды сұраған. Себебі, бұл – тарих.
– Жақсы сұхбат ала білу де – үлкен өнер. Кейіпкерлеріңізді әңгімеге қалай тартасыз? Ешкімге айта алмаған сырын ақтаруы үшін қалай баурайсыз?
– Бұл – ерекше қабілет деп айта алмас едім. Мұның еш қиындығы да жоқ. Мен адамдармен дос болуға тырысамын. Мұғалімдер әулетінен шықтым, үлкен атамнан бастап әкеме дейін ұстаздықты кәсіп қылды. Туып-өскен ауылымның адамдары да бір-бірімен үлкен отбасындай жақын араласатын. Сол ортаның да әсері болған шығар. Кіммен болса да тез тіл табысып, өзіме жақын тартып әңгімелесіп кете аламын.
Бір кездескен адамды отырғызып бірден сұхбат алып кете алмаймын. Себебі, кез келген адамның өз ішкі дүниесін ашып, соны әңгімелеуіне көп уақыт қажет. Әуелі жалпы өмір туралы толғаныстарымызды бастаймыз. Бұл – ұзақ әңгіме болатаны анық. Сол әңгімелердің тек бірсыпырасы ғана кітапқа айналады. Мысалы, соғыс тақырыбын жазғанымда, кейіпкер әйелдің отбасы, балалары туралы да сөз қозғадым. Себебі, кейіпкерімді түсіну үшін оны жан-жақты тани білгенім аса маңызды.
Бродский жақсы әдебиет пен жаманы арасындағы айырмашылық жайында былай деген екен: «Барлық құпия – метафизикада. Кейіпкер туралы жай ғана ақпарат жинасаңыз, бұл – журналистика. Ал сол адамды сипаттап, оның ішкі дүниесін түсінуге тырыссаңыз, бұл – әдебиет». Бұл сөзбен толық келісемін. Кейіпкерімді жай ғана танымай, оның ішкі күйзелісі мен мұңын білгім келеді. Кейіпкерімнің махаббат жайлы, өлім жайлы пікірі де алаңдатады. Осының барлығын бір жүйеге жинағым келеді.
– Сіздің «Безжизненное лицо войны» атты алғашқы кітабыңыз Екінші дүниежүзілік соғыста қан майданға шыққан әйелдер жайында. Неліктен әйелдер тақырыбын таңдадыңыз?
– Алғашқы кітабымды қарсылық формасы деп қабылдауға болады. Себебі, осыған дейін естіген оқиғалардың барлығында батырлар ерлігі айтылатын. Халық соғыс жылдарының басқа қырын да білсе деген ойым болды.
Ағылшын тілінен аударған
Ақбота ИСЛӘМБЕК