Қазақстан аруы анықталды
Қазақстан аруы анықталды
617
оқылды

Елордада «Қазақстан аруы – 2019» байқауы өтті. Күні кеше Қазақстанның һас сұлулары бәстескен бұл байқау­дың нүктесі қойылып, халық Қазақ­станның ең сұлу аруын таңдады.

Аталған сұлулық байқауы осымен 22-мәрте дәстүрлі түрде өткізіліп отыр. Биыл байқау Жастар жылына тұспа-тұс келіп, соған бағытталып өткізілді. Айта кетерлігі, байқаудың форматы да жа­ңарған. Қазақстан аруы – 2019 байқауының басты ерекшелігі – еліміздің туризм саласын дамытуға бағытталуында. Себебі, байқау барысында әр өңірдің сұлуы туған жерінің кереметін, табиғат аясының көркемдігін бейнетаныстырылым арқылы үйлесімді баяндап, оны қалың жұртқа паш етті. 
Әсемдік пен талғамның символы іспет­тес байқауда Қазақстанның түк­пір-түкпірінен кіл мықты мен хор қызындай сұлу 32 бойжеткен іріктеліп, ақтық мәреде олар өзара сайысқа түсті. Арулар­ға өз ісінің мамандары, сән мен сахнаның майталмандары қазылық етті. Нә­ти­жесінде, олар Топ-5-тің қатарына: Диана Әбішева (Алматы), Сәния Мерғалиева (Нұр-Сұлтан), Мадина Батық (Павлодар), Надежда Недосекова (Семей), Бал­жанат Анас (Шымкент) есімді арулар­ды лайық деп таныды. Ал ары қарайғы шешім, сайыстың нүктесін қоюды ха­лықтың еншісіне тапсырды. Яғни, Қа­зақ елі онлайн дауыс беру мен СМС-хабарлама арқылы таңдау жасап, Қазақ­станның ең сұлу аруын ашық түрде таңдады. 
Дауыс беру қорытындысы бойынша, «Қазақстан аруы – 2019» атағына Керекулік Мадина Батық, үшінші вице-мисс Сәния Мерғалиева, екінші вице-мисс Надежда Недосекова және бірінші вице-мисс аталымына Диана Әбішева лайық деп танылды. 
Алдағы уақытта Мадина «Әлем аруы – 2019» байқауында Қазақ елінің намысын қорғап, әлемдік сахнада тағы бір мәрте бақ сынайды.  
М.Батық С.Торайғыров атындағы Пав­лодар мемлекеттік университетінде ту­ризм мамандығы бойынша білім алып жүр.

Інжу БАЛТАБЕКҚЫЗЫ