Қазақстанның Тұңғыш Президенті Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері Серік Қирабаевты қабылдады. Елбасы әдебиеттанушы-ғалыммен әңгіме барысында төл әдебиетіміздің қазіргі жағдайы мен даму перспективасын талқылады.
Қазақ әдебиетінің өзекті мәселелеріне арналған сыни мақалаларымен танымал Серік Қирабаев білім беру саласындағы кейбір мәселелерді қозғады. Тұңғыш Президент кезек күттірмей шешуді қажет ететін мәселелерге қатысты ой білдіріп, ғалым пікірін тыңдады. Серік Қирабаев Елбасының президенттік өкілетін тоқтату туралы шешімінің маңыздылығына тоқталып, Н.Назарбаевтың алдағы қызметіне табыс тіледі.
Қазақстан Тұңғыш Президентінің қабылдауында академик Уәлихан Қалижан да болды. Елбасы ғалымның төл әдебиетіміз бен өнерімізді дамытуға қосқан өлшеусіз үлесін атап өтіп, Қазақстанды өркендету жолындағы табысты жұмысына алғыс білдірді.
Кездесу барысында Уәлихан Қалижан Нұрсұлтан Назарбаевқа М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қолға алған қазіргі ғылыми-зерттеу жұмыстары жөнінде мәлімдеді. Елбасы ғылыми мекеменің жетістіктері мен жақын болашаққа құрған жоспарлары туралы мұқият тыңдап, институт ұжымына табыс тіледі.