Жақында «Айқынның» бір мақаласы елдегі балалар семіздігіне арналды. Бұл – үлкен проблема. Біздің қазақ «Семіздікті қой көтереді» дейтін еді, семіздікті адам да көтере алатынын көретін заманға жеттік. Семіздік – әлеуметтік дертке айналды.
Америкада болғанда семіз адамдардың көптігін көріп қайран қалған едім. Араб елдерінде де семіз адамдар көп кездесті. «Ойпырмай, мынаның бәрі не жеп семіреді екен?» деп бас шайқағанбыз. Енді сол «семіздік» Қазақстанға да келгендей: фастфуд пен аз қимылдаудың салдарынан еліміздегі 14 жасқа дейінгі әрбір бесінші бала шектен тыс семіріп кеткен. Кәмелетке толмаған 5 миллиондай баланың 15 пайызы артық салмақ көтеріп жүр. Семіздіктің 10 пайызы ағзадағы гармондардың бұзылуынан болса, 90 пайызы дұрыс тамақтанбаудың салдарынан туындайды.
Қазақстандағы балалардың 22 пайызы, ал ересектердің 55 пайызы – соның ішінде әйелдер – 58 пайыз, ерлер – 53 пайыз семіздік дертіне шалдыққан көрінеді.
Денсаулыққа салғырт қараған адам семіздікке тез ұшырайтыны белгілі. Шамадан артық салмақ өмір сүру ұзақтығын шамамен
7 жылға қысқартады екен.
Ұлттық дұрыс тамақтану орталығының мәліметтеріне қарағанда, әрбір үшінші оқушы қалтасындағы ақшасын фастфудқа жұмсайды. Әрбір үшінші бала кем дегенде аптасына бір рет «ит ішпейтін» сары су ішеді, әрбір оныншысы энергетикалық сусын сатып алады. Студенттер де жетісіп тұрған жоқ: 60 пайызы жеңіл-желпі фастфудпен қоректенеді.
«Заман – жаман» дейміз. Өткен ғасырдың басында Кеңес өкіметінің қолдан жасаған ашаршылығы салдарынан қынадай қырылдық. Ішерге – ас, киерге – киім таппай, қаншама қазақ баласы босып кетті. Тігерге тұяқ қалмаған сол заманмен қазіргі жағдайымызды бір салыстырып байқайықшы.
Тоқтықтан кекірік атып жүрген жан қаншама.
Ақша беріп, арықтап отырған елміз.
Бүгінде үлкеннің де, жастың да қимылы азайды. Есігінің алдындағы он сотық жерін арамшөп басып, жерден бір шырпы көтермей, барлық кінәні билікке артып қойып, қарап жатқан замандасқа не дейсіз? Бәріміз кезінде ойын баласы болдық: ата-анамыз кешке таман үйге әзер кіргізетін; күндікке неше түрлі ойын ойнап, әбден сілеміз қатып, шапқылаудан босамайтын едік.
Қазір баланы сыртқа шығару да бір қиямет. Қолында – қалтафон, айналдырғаны – айфон, аузын не болса сонымен тығындап отыр. Тамағы тоқтық, қимылы жоқтық семіздікке апармағанда, қайда апарады?!.
Ел азаматтарында ауру көп: қант диабеті, жүрек-қантамыр аурулары белең алып кетті. «Ауру – астан» деп ата-бабамыз текке айтпаған. Дұрыс тамақтанбаудың арты неше түрлі дертке ұшыратады.
Биологиялық цикл бұзылды: түнде кеш жатып, түске таман ұйқыдан тұру әдетке айналды; Қазақстанды мекендеп отырған түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің тұрмысына қараңыз – ұйқысы бұзылған қазақтар ғана!
Ұйқысы бұзылған ұлттың ұйытқысы құриды. Семіз ел – кеміс ел.
Шымыр адам ширақ болады. Сізге қайсысы жақсы?!.