Қарағанды облысында Қылмыстық-атқару жүйесіне қарайтын мекеме объектілеріне және оған іргелес жатқан аумақтарға қызметкерлерді, азаматтық тұлғаларды және сотталғандарды жіберу шектелді.
Қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді кездесулер тоқтатылды, сотталғандарға туыстарымен бейне кездесу ұйымдастыру мәселесі пысықталуда. Жағдайдың күрделенуіне жол бермеу мақсатында қамаудағыларға сәлемдемелерді қабылдау сақталады, бірақ қатаң түрде өлшеп-оралған және буып-түйілген дезинфекциялық өңдеу жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
Ғимараттардың бақылау-өткізу пункттерінде санитарлық-дезинфекциялау режимі күшейтілді, жеке құрам гигиена құралдарымен қамтамасыз етілген.
Карантин кезінде сотталғандар мен жеке құрам арасында мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу тоқтатылды.
Қызметкер үшін жұмыс күні қысқартылды. Қазандық, асхана, наубайханаға тартылатын сотталғандарды жұмысқа шығару шектелді.
– Арнайы контингент арасында гигиена ережелерін мұқият сақтау қажеттілігі, коронавирустық инфекция симптомдары болған кезде уақытылы жүгіну қажеттігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – деді облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Ләззат Қожахметова,
Қарағанды облысы