Энергокомбинат жұмысымен танысты
Энергокомбинат жұмысымен танысты
214
оқылды

Мәжіліс депутаттары Маңғыстау өңіріне жұмыс сапарымен келіп, бірқатар нысанды аралады. Халық қалаулылары алдымен «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС-де болып, ұжыммен кездесті.

Комбинат Ақтау қаласы мен жақын маңдағы кенттердің тұрғындарын, сондай-ақ өңірдің өнеркәсіптік кәсіп­орындарын ауызсумен, жылумен және электр энергиясымен жабдық­тайды. 
Комбинатта 4000-ға жуық жұмысшы мен маман бар. Қазіргі уақытта комбинат 600 мвт-тан астам электр қуатымен жұмыс істейді және тәулігіне 60 мың текше метрден астам дистиллят шығарады. Комбинаттың тиісті қызметтері кәсіпорын жұмысының қоршаған ортаға әсеріне тұрақты мониторинг жүргізіп отырады. 2018 жылдың 3 шілдесінен бастап «МАЭК-Қа­затомөнеркәсіп» ЖШС жарғылық капи­талындағы 100% қатысу үлесі «Самұрық-Қазынаға» тиесілі. 
Кездесу барысында Мәжіліс депутаттары негізгі басым бағыттарға, оның ішінде әлеуметтік қамсыздандыру саласына баса назар аударып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға ерекше мән беріліп келе жатқанын алға тартты. Еңбек ұжымы халық қалаулыларына ұсыныстарын білдіріп, пікір алмасты. 
Өңірдегі күрмеулі мәселелерді сөз еткен Мәжіліс де­путаты Сәкен Өтебаев барлық саланы дамыту бойынша жұмыстанып жатқанын айтты. 
– Маңғыстау – мұнайлы өлке. Жұмыссыздық мәселесі көтерілсе, тұрғындардың басым бөлігі мұнай саласына жұ­мысқа тұрғысы келетінін айтады. Себебі айлық жалақының жоғары еке­ніне қызығады. Дегенмен мұнай компанияларын да түсінуге болады. Барлығына бірдей жалақысы жоғары жұмыс тауып бере алмайды. Сол себепті басқа салаларға да көңіл аудару қажет. Осындай сұрақтарды біздің әріп­тестеріміз Үкімет отырыстарында үнемі көтеріп келеді. Алдағы уақытта бұл проблема өзінің шешімін табады деген ойдамын, – деді Мәжіліс депутаты. 
Басқосуда бірқатар өзекті әлеуметтік мәселе көтеріліп, айтылған барлық ұсыныс-пікірлер Мәжіліс депутаттарының назарына алынды. Алда депутаттар өзге де кәсіпорында болып, тұрғындарды жеке сұрақтармен қабылдау жоспарда бар. 

А.ЖАСАНҰЛЫ