Мәжіліс депутаттары Маңғыстау өңіріне жұмыс сапарымен келіп, бірқатар нысанды аралады. Халық қалаулылары алдымен «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС-де болып, ұжыммен кездесті.
Комбинат Ақтау қаласы мен жақын маңдағы кенттердің тұрғындарын, сондай-ақ өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындарын ауызсумен, жылумен және электр энергиясымен жабдықтайды.
Комбинатта 4000-ға жуық жұмысшы мен маман бар. Қазіргі уақытта комбинат 600 мвт-тан астам электр қуатымен жұмыс істейді және тәулігіне 60 мың текше метрден астам дистиллят шығарады. Комбинаттың тиісті қызметтері кәсіпорын жұмысының қоршаған ортаға әсеріне тұрақты мониторинг жүргізіп отырады. 2018 жылдың 3 шілдесінен бастап «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС жарғылық капиталындағы 100% қатысу үлесі «Самұрық-Қазынаға» тиесілі.
Кездесу барысында Мәжіліс депутаттары негізгі басым бағыттарға, оның ішінде әлеуметтік қамсыздандыру саласына баса назар аударып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға ерекше мән беріліп келе жатқанын алға тартты. Еңбек ұжымы халық қалаулыларына ұсыныстарын білдіріп, пікір алмасты.
Өңірдегі күрмеулі мәселелерді сөз еткен Мәжіліс депутаты Сәкен Өтебаев барлық саланы дамыту бойынша жұмыстанып жатқанын айтты.
– Маңғыстау – мұнайлы өлке. Жұмыссыздық мәселесі көтерілсе, тұрғындардың басым бөлігі мұнай саласына жұмысқа тұрғысы келетінін айтады. Себебі айлық жалақының жоғары екеніне қызығады. Дегенмен мұнай компанияларын да түсінуге болады. Барлығына бірдей жалақысы жоғары жұмыс тауып бере алмайды. Сол себепті басқа салаларға да көңіл аудару қажет. Осындай сұрақтарды біздің әріптестеріміз Үкімет отырыстарында үнемі көтеріп келеді. Алдағы уақытта бұл проблема өзінің шешімін табады деген ойдамын, – деді Мәжіліс депутаты.
Басқосуда бірқатар өзекті әлеуметтік мәселе көтеріліп, айтылған барлық ұсыныс-пікірлер Мәжіліс депутаттарының назарына алынды. Алда депутаттар өзге де кәсіпорында болып, тұрғындарды жеке сұрақтармен қабылдау жоспарда бар.