Мәжіліс депутаттары Ирина Аронова, Гүлнәр Бижанова, Мұрат Теміржанов, Жәмилә Нұрманбетова, Айгүл Нұркинаның астықты аймақтағы жұмыс сапары облыс орталығында жалғасын тапты. Халық қалаулылары облыс активімен кездесіп, Елбасының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Бақытты отбасы», «Құтты мекен», «Ауыл – ел бесігі», «Халыққа көмек» жобаларының маңызын түсіндіріп, өңірдегі жұмыстардың жүзеге асырылу деңгейімен танысты. Кездесуде Қостанай облысындағы моноқалаларды дамытуға 10 млрд теңге бөлінетіні айтылды. Арқалық, Лисаковск, Рудный және Жітіқара қалалары Ұлттық экономика министрлігі тарапынан қаржыландырылады.
– Жыл сайын әр моноқалаға 10 млрд теңге бөлінеді. Бұл өте қомақты сома. Осы соманың қаншалықты тиімді жұмсалатыны біз үшін де, халық үшін де маңызды. Ақшаның көп бөлігі жаңа кәсіпорындар құрылысына, жаңа жұмыс орындарын ашу түріндегі бизнес-жобаларды қаржыландыруға бөлінетіні белгілі, – дейді депутат Гүлнәр Бижанова.
Әлеуметтік көмек көрсету бойынша критерийлердің өзгеруіне байланысты бір ғана Қостанай облысының өзінде әлеуметтік көмекке 20 000-нан астам адам қол жеткізген. Орта есеппен аймақта айына бір балаға көмек мөлшері 4 706 теңгеден 20 789 теңгеге дейін немесе 4,4 есеге дейін ұлғайды. «Құтты мекен» жобасы аясында 2 млрдтан астам қаржыға 46 жобаны жүзеге асыру көзделуде. Халық қалаулылары әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған бастамалар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Одан кейін, Мәжіліс депутаттары Қостанай облысындағы өндіріс орындарын аралады. Олар аграрлық салаға қатысты заң нормаларының жергілікті жерде қалай жүзеге асып жатқанына куә болды. Халық қалаулылары сүт өнімдерінің 70-ке жуық түрін шығаратын зауыт жұмысымен танысты. Мұнда бүгінде 600-ге тарта адам еңбек етеді. Өндіріс барысы соңғы үлгідегі «ақылды» машинамен басқарылады. Кәсіпорын бес жыл бойы тауарын Ресейге экспорттап келеді. Былтыр сыртқы нарыққа жіберілген өнімнің үлесі 12 пайызға артқан. Айта кеткен жөн, зауыт шикізатты жергілікті өндірушілерден сатып алады. Бұл сүт өндіретін шаруашылықтар мен ауыл тұрғындары үшін аса тиімді.
– Жыл сайын ауылшаруашылығы саласына 600 млрд теңге бөлінеді. Соның тең жартысы субсидия, яғни, қайтарымсыз қаржы. Мұның бәрі бизнесті, соның ішінде ауылдық жердегі өндірісті дамыту үшін жасалып жатқан жұмыс, – дейді Мәжіліс депутаты Мұрат Теміржанов.
Мұнан кейін халық қалаулылары аумақтық кәсіподақ аясында жұмыс істейтін жастардың кеңейтілген отырысына қатысты. «Жастарды еңбекпен заманауи үлгіде қамту – болашақ экономиканың негізі» тақырыбында өткен жиында Jas project әлеуметтік жобасына қатысып, «Кішкентай» атты тігінханасын ашқан кәсіпкер Айгүл Мұстафина сөз сөйлеп, жастарға жасалып жатқан көмектің маңыздылығына тоқталды.
– Мені Jas project жобасының негізгі мақсаты бізді қатты қызықтырды. Біз үш бағытта жұмыс істедік. Соның бірі ерекше күтімді талап ететін балғындарға сауықтыру өнімдерін шығара бастадық. Шала туған нәрестелерге арнайы тоқылған киімдерді тіктік. Жобаны сәтті қорғап шықтық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі бұл бастамаға ерекше лебізін білдірді, – дейді жас кәсіпкер.
Кездесу еркін форматта өтті. Өз жетістіктерімен бөліскен жастар өздерін толғандырған сұрақтарына мардымды жауап алды. Халық қалаулылары ұсыныстар мен өтініштерді алдағы Мәжіліс жиынында көтеретінін жеткізді. Айта кету керек, Қостанай облысына келген депутаттардың жұмыс сапары әлі де жалғасуда.