Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласында әкімшілік кедергі көп, сыбайлас жемқорлықтың қаупі де жоғары. Ал жергілікті атқарушы органдардың қитұрқы әрекеті салдарынан мемлекеттік-жекеменшік серіктестік «біржақты тендерге» айналып кетті.
Бұл жөнінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлер құқын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы Қайырбек Сүлейменов мәлімдеді. Кәсіпкерлер палатасында өткен кеңес отырысында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік (МЖС – ред.) мәселесі қаралған болатын. Қ.Сүлейменовтің айтуынша, Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік туралы заң бойынша екі жақ бірлесіп жұмыс істеуі керек. Мәселен, кәсіпкер белгілі бір әлеуметтік нысанды салады. Мемлекет, яғни жергілікті билік оның шығындарын біртіндеп өтеп беруі тиіс. Бірақ әкімдіктер осы саладағы жобаларды ұсынған кәсіпкерлерді әуре-сарсаңға салып қойып, тапсырысты таныстарына таратып отырады. Оған қоса, МЖС саласындағы жобалар, көп жағдайда, білім мен денсаулықпен ғана шектеледі. Ал сумен қамту, энергетика, көлік, жол құрылысы, құтқару қызметі, туризм сияқты қаржысы көп салаларда ортақ жобалар қолға алынбайды екен. Мысалы, заңда арнайы экономикалық аймақтардың инфрақұрылымын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салу тетіктері бар. Бірақ соңғы үш жылдың ішінде осы бағытта бірде-бір жоба іске аспаған. – Себебі, көлік, құрылыс, энергетика сияқты салалар «майлы шелпек» жерлер. Содан оны МЖС-ке бергісі келмейді. Оны ашық айту керек. Кәсіпкерлер ақша салуға даяр. Бірақ әкімшілік кедергілер жол бермей отыр, – деді Қ.Сүлейменов. Кеңес төрағасы жергілікті билік органдары өз басымдығын пайдаланып, бірлесіп жасаған жобаны тартып алу фактілері барын да айтып қалды.
– Павлодардан келген бір кәсіпкерді қабылдадым. Ол мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде мектеп салып шықты. Ішінде спорт залы да бар. Табысты жұмыс істеп жатқан мектеп. Ақыры ол мектебін тартып алды. Енді, заңды түрде алып қойды ма, оны әлі зерделеп шығуымыз керек. Ол кәсіпкер заңды бұзған да шығар. Дегенмен, кәсіпкер бәрін өз ақшасына салды, мектепті құрды, артынан соның бәрін алып қойған дұрыс емес қой. Бір қызығы, дәл мектепті ашып отыр», – деді Қ.Сүлейменов.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов мемлекеттік-жекешелік әріптестік жүйесін өзгертуді ұсынды. – Мемлекеттік-жекешелік серіктестік кезінде кәсіпкердің инвестициялық шығындары өтеледі. Негізі, ондай жүйенің мердігерліктен еш айырмасы жоқ. Бір өзгешелігі, ол шығындарды асықпай қайтарады. Сол жағынан мемлекетке тиімді. Бірақ инвестициялық шығындарды өтеу мерзімі қысқа болса, несі тиімді? Мәселен, үш жыл дейік, кәсіпкер келіп, өз ақшасын салады. Ал үш жылда оның барлық шығынын маржамен бірге қайтару қажет. Оған қоса, салынған нысан кәсіпкердің өзінде қалады, – дейді О.Бектенов. Оның ойынша, мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің тиімді тұстары екі жаққа да ортақ болуы қажет.
– Мысалы, біз былай істедік, алдымен күрделі жөндеуді қажет ететін балабақшалардың тізімін жасадық. Сосын кәсіпкерлерге жөндеу жұмысын жасауды ұсындық. Олар шығындарды мойнына алды. Соның орнына мемлекеттік тапсырысты ұзартып бердік. Меніңше, бұл – өзара тиімді серіктестік. Ал инвестициялық шығындарды өтейтін болсақ, өзара тиімді әріптестіктің болуы екіталай. Мәселен, мемлекет өз тарапынан инфрақұрылымды тартып береді. Бизнес болса, өз ақшасына нысан салады. Міне, өзара тиімді мемлекеттік-жекешелік серіктестік деп осыны айтуға болады, – дейді О.Бектенов. Ең қызығы, мемлекеттік-жекешелік серіктестік конкурстары әлі күнге дейін қағаз жүзінде өткізіледі екен. – Бұл салада шешілмей жатқан проблема баршылық. Мәселен, бүгінде мемлекеттік сатып алулар толығымен электронды түрде жүргізілсе, МЖС конкурстары әлі күнге дейін қағаз жүзінде атқарылады. Конвертті скотчпен орап әкеледі де, комиссия мүшелерінің талқысына салады. Ешқандай тәртіп жоқ. Ал тәртіп жоқ жерде сыбайлас жемқорлық қаупі жоғары, – дейді О.Бектенов.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ