Бүгінде базар мен арнайы сауда орындарында теріден жасалған түрік, қытай, қырғыз тондары мен аяқкиімдері сұранысқа ие. Неге? Өйткені шет елдерде тері өңдеу технологиясы өте жоғары дамыған.
Ал біз керісінше, мал терісі мен жүнін сол мемлекеттерге экспорттап күн көріп келеміз. Шетелдіктер болса, шикізатты арзан бағаға алады. Қой терілері көбінесе, шіріп далада қалады да, басты саудаға ірі қара мал терісі түседі. Енді өзіңіз есептей беріңіз, бір келі сиыр терісі 500 теңгеден өтсе, көрші елдің кәсіпкерлері одан 5-6 аяқкиім жасап не жейде тігіп, әрқайсысын өзімізге 8-10 есе қымбатқа сатады. Міне, мәселе қайда жатыр?! Бізден алған арзан шикізат арқылы өз елінің бюджетіне миллиондап ақша құюда. «Жерасты байлығымыз мол!» деп қашанғы аузымызды қу шөппен сүртіп жүре береміз? Осындайда «өз байлығымызды өзіміз неге игермейміз?» деген де сұрақ туындайды. Енді осы сыртқа кетіп немесе өзімізде қалып, шіріп жатқан шикізаттардан қандай өнім алуға болатынын қараңыз: «Күздік тері – қазан, қараша айларында сойылған малдың өңі қалың терілері. Бұл теріден тон, шалбар, ішік, бөрік тігуге болады.
Соғым терісі – жүндес, қыртысы қалың, мықты терілер. Тақыр тері – жүнін қырқып алысымен сойылған немесе жүнін жидітіп алған тері. Бұдан жарғақ шалбар, қап, тұлып, дорба сынды заттар жасалады. Сеңсең – үш ай мен бес ай аралығындағы қозының қырқыл-маған терісі. Көбінесе ішік, тымақ, бөрік, бөстек жасауға қолданылады. Елтірі – туғанына 2-3 ай болған қозы терілері. Одан ішік, тымақ, бөрік, жаға тігеді. Жабағы – қой-ешкінің сәуір, мамыр айларындағы жабағы жүні, қопсымаған қалың түбітті терісі. Қырықпа – жабағы жүн мен күзем жүндері қырқылғаннан кейін сойылған малдың сұйық жүнді терісі. Мари – туа салып немесе бір-екі тәулікте өлген қозы-лақ терілері. Бөрік, тымақ тігуге, әдіптеуге, киім тысын көмкеруге қолайлы. Маридің жүні тықыр, жылтыр, таңдай өрнекті болып келеді. Жылбысқы – іште жатып өлген немесе туа салып өлген қозының өте жұқа терісі. Тоқтышақ терісі – сеңсеңі қырқылғаннан кейін біркелкі майда жүн өскен, 4-5 айдан асқан қозы терісі. Ол – киімнің барлық түрін тігуге жарамды, жеңіл әрі жылы, жұмсақ тері. Одан қаптама тон жасайды». Бұл – біздің ұлттық құндылығымыз.
Ата-бабаларымыз жалаңаш жүрген жоқ, суықтан қорғану үшін киіз үйді ойлап тапты, тоңбас үшін киім-кешектің түр-түрін, аяқтарына да аяқ киімді өздері тікті емес пе, басқаға жалынбай?! Міне, осының бәрін төрт түліктің арқасында жүзеге асырды. Ал қазір біз сол үрдістен айырылып қалдық. Қалтамызда шетке өткізген тері мен жүннен түскен тиын-тебеннің сылдырлағанына мәзбіз. Әлемде қой терісін ең көп импорттайтын елдердің көшін тағы да Қытай бастап тұр. «Таза ел» сайты былай деп жазды: «Гуонжоу қаласы тері өнімдерін тереңдеп өңдейтін кәсіпорындары, сапалы терілерден тігілген аяқ киім фабрикаларымен аты шыққан. Теріні терең өңдейтін кәсіпорында технолог болып жұмыс істеген қандасымыз Орынбасар Тәжидің қазір Алматыда ескі аяқ киімдерді жамайтын кішкене нүктесі бар. – Теріден тігілген аяқкиімдерді дайындау күрделі процесс. Гуонжоудағы аяқкиім шығаратын зауыттарда технологияық тізбек механизмі дұрыс үйлестірілген. Теріні терең өңдеу, оны бояудан аяқкиімге дейінгі жұмыс бір жерде кезең-кезеңімен жүргізіледі. Шикізатпен қамтамасыз ету жағы алдын ала келісімшарттар бойынша шешіліп қойған. Сіздерде осындай жүйелілік әлсіз. Кәсіпорындардың жабылып қалуы себебі, киімдерде талғамға және сұранысқа қарай үйлестіріп отыратын мамандармен жұмыс жүргізілмейді. Кез келген кәсіпорын бірінші кезекте осы факторға басымдық береді, – дейді Орынбасар Тәжи». Айтқаны орынды. Бізде құлық жоқ! 90-жылдары ауылымызға Моңғолия елінен қазақтар көшіп келген болатын. Олар өздерімен бірге нағыз қазақы бұйымдарды да ала келді. Әкем сол кісілермен бұрыннан танитын адамдардай араласып та кетті. Айтпағым, бір-екі ешкісін солардағы ертоқым, жүген, қайысқа айырбастап, кәдімгідей алыс-беріс жасайтын. Ол кісілер әлі де сол ауылда тұрады. Неге соларды қол-дамасқа? Дайынды сырттан тасымай, өзімізде барды оңтайлы пайдаланатын уақыт жетті.
Жалпы, осы біз неге төрт түліктің терісі мен жүнінен теңге тап-паймыз?! Қашанғы сыртқы елді байытып, өз-өзімізді өгейсітіп жүреміз?! Өп-өтірік асып-таса бермейік, бар байлықты сыртқа шаша бермейік, ағайын!
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ