Елдегі індетке байланысты Атырау 30 наурызда карантинге қақпасын жапты. Екінші сәуірден соң төтенше жағдай күшейтілді. Соған қарамастан түнгі уақытта мақсатсыз жүрушілер қатары көбейген.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, төтенше жағдай режимі жарияланған сәттен бастап облыс аумағында 269 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Оның ішінде 10 адам ӘҚБтК-нің 478-бабы бойынша , 211 адам төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот қаулысымен 88 адамға қатысты әкімшілік айыппұл салынып, 89 азамат қамауға алынды.
Кеше түнде Атырау қаласында түнгі серуендері үшін 48 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Осы түнде карантин талаптарын бұзғандардың арасында Өзбекстан мен Түрік Республикаларының төрт азаматы болды. Құқық бұзғандарға қатысты ӘҚБтК 476-бабының 6-бөлігі бойынша ресімделген материалдар сотқа жолданды.
Төтенше жағдай режимі жарияланғаннан бері төтенше жағдай талаптарын бұзу фактілері бойынша 40-тан астам субъект жауапкершілікке тартылды, олардың арасында, 6 кафе, 10 азық-түлік емес дүкендер, 9 асхана, 3 букмекерлік кеңселер, 1 фотосалон, 2 компьютер клубтары, 1 шаштараз, 1 сауна, 2 көлік жуу орны бар.
Ескеретіні карантин кезеңінде белгіленген ережелерді сақтамаған азаматтар ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы бойынша ескерту алады немесе 10 АЕК (26510 теңге) көлемінде айыппұл салынады немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады. Сайып келгенде төтенше жағдай талаптарын сақтамағандар теңгелетіп айыппұл төлейді. Сондықтан полиция қызметкерлері карантин кезінде тәртіп бұзбауға үндеп отыр.
Тұрсын Жұмабекқызы,
Атырау облысы.