Ғаламды жайлаған коронавирус пандемиясының психологиялық, экономикалық, әлеуметтік салдары мемлекет басшыларын ғана емес, қарапайым тұрғындарды да күтпеген әбігерге салып қойғаны ақиқат. Әлемдік аяда неше түрлі сараптамалар мен ақпараттар, ғылыми талдаулар мен тәжірибелік болжамдар бүкіл тіршілікке, тіпті адамдардың өзара қарым-қатынасына дейін қайта қараудың қажетін айтып отыр. Мына қауіп-қатерге байланысты көп елдің ғасырлар бойы қалыптасып қалған өмір салтын мүл-дем басқа өлшемге сәйкестен-діру, ортақ тәртіпке бағындыру жеңіл-желпі іс емес. Яғни, сананы өзгерту ісінің көкейкестілігі, оның шекарасы біздің елмен ғана шектелмейтінін уақыттың өзі дәлелдей түсті. Сондықтан бұл жағдайды Елбасы Н.Назарбаевтың «жаһандық деңгейдегі үлкен өзгерістердің бастауы» деп бағалауы мәселенің аса күрделі және елеулі екенін аңғартса керек. Ұлт Көшбасшысы халыққа арнаған үндеуінде мемлекет үшін ең басты байлық – адам өмірінің маңызын алға тарта отырып, отандастарымыздың өзіне, еліне деген сенімін ең зор күшке теңеді. Айтса айтқандай, соның арқасында жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан дүниежүзі таныған, азат та дамыған мемлекеттермен терезесі тең ел болды. Елбасы үндеуінде атап көрсеткендей, «қазіргі Қазақстанды Кеңес Одағы ыдыраған өткен ғасырдың 90-жылдарындағы Қазақстанмен салыстыруға болмайды». Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет тарапынан әлеуметке берілетін нақты көмек түрлерін мәлімдеп, елдің еңсесін көтеруге бағытталған іс-шараларды жариялауы – соның айғағы болса керек. Осындай кезде қазақтың мақтанышы, жазушы-академик М.Әуезовтің «Қай істің болса да өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң күш керек, одан соң тәртіп керек» деген дана сөзі еске түседі. Тәуелсіз еліміздің қазығы қағылған кезден мемлекетті талай қиындық пен дағдарыстан көш бастап алып өткен Елбасының саламатты, салмақты сөзін халқымыз дәл осы жолы да күткені рас. Сондықтан үндеудегі байсалды ой, ақ ниет дағдарған қалың жұртшылыққа арналды. Бұл Президент мәлімдемесімен үйлесімді елдік жол, бағдарлы құжат деңгейінде ұғынылды. Елбасының ауыртпашылық кезеңнен аман-есен өтуге «қажетті нәрсе – қаржы-қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түлік – бәрі бар. Алаңдайтын, абыржитын еш негіз жоқ» деп толық сеніммен айтқаны халықтың көкейіне қонды. Сондай-ақ Тұңғыш Президент орындаушылық тәртіп мәселесін де тиянақтауды ұмытпады. «Әрбір министр, әрбір облыс, қала және аудан басшылары жүйемен, тәртіппен, үйлесіммен, нақты жоспармен, нық сеніммен әрекет етіп, уақытша қиындықтан шығуға барлық күш-қуатты жұмылдыруы қажет. Nur Otan партиясының мүшелері де осы бір сауапты істің алдыңғы қатарынан табылуы тиіс» деп аталған тұлғалардан лауазымдық қызметімен қатар азаматтық ұстанымға да нық болуын ескертуі жұртшылыққа ерекше ұнады. Екінші жағынан сенімді ақтамаған мемлекет қызметкері, тіпті әлеуметтік сала маманы немесе қарапайым адам төтенше жағдай заңын бұзғаны үшін ғана емес, ар-ождан қағидатына қайшы әрекеті үшін жазалануы қисынды. Бұл – уақыттың қатаң талабы. Мұны Қазақстанның әрбір азаматы есте ұстағаны абзал деп ойлаймыз. Елбасы кез келген қиындықты жеңудің тағы бір кілтін атап көрсетті. «Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген барлық табысымыздың қайнары – ең алдымен халқымыздың береке-бірлігі» деп ынтымақтың қоғамдағы орнын тағы да айқындады. Расында, тірліктің тірегі – бірлік. «Алла Тағала бізді осы бірлігімізден де, тірлігімізден де айырмасын!» деген ақ жарқын тілегін аға ұрпақ пен зиялы қауым өкілдеріне, жаңа өскін-жас ұрпаққа және іс адамдары-кәсіпкерлерге арнайы бағыттап жеткізді. Ұрпақ пен дәстүр сабақтастығы орныққан жерде игілік пен ізгілік қатар өркен жаятынын ұмытпауға шақырды. Үндеудің өн бойында халық даналығы мен данышпандар сөзі тілге тиек етіледі. Елбасы мұны да елдік парасатпен дәйектеп отыр. Өйткені мемлекеттің алтын қазынасы да, рухани арқауы да – бұрынғы мен кейінгінің баянды да батыл тәжірибесі. «Мәңгілік ел» жолындағы Қазақстан бұл қиындықты да Елбасы нұсқаған береке-бірліктің күшімен еңсеретініне сенімдіміз.