Қазақстанда төтенше жағдай және карантин режимі сәуір соңына дейін ұзартылды. Алайда біраз кәсіпорын қайта ашылады. Елде COVID-19 бойынша кең ауқымды тестілеу басталмақ. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қатаң сынға ұшырады және қайта қаралады. «Жұмыспен қамту жол картасының» әр жобасын арнайы топ бақылауға алады. Осы және басқа да мәселелер бойынша Президент Қ.Тоқаев өз шешімін жария етті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысына қатысып, сөз сөйледі.
– Коронавирустың таралуын барынша бәсеңдету үшін қажетті шараларды дер кезінде қабылдадық. 15 наурызда алғашқы науқастар белгілі болған сәттен бастап төтенше жағдай жарияладым. Бірден екі ірі қаламызда карантин енгізілді. Шын мәнінде, қазір – бүкіл әлем жұртшылығы үшін сын-қатерге толы уақыт. Осындай күрделі кезеңде Елбасымыз арнайы мақала жариялады. Бұл халқымыздың еңсесін көтеретін өте мазмұнды, маңызды үндеу. Береке-бірліктің арқасында Қазақстан бұл індетті артқа тастап, зор сеніммен алға басады, – деді ол.
Ел Президенті мемлекетіміздің шұғыл шаралар арқасында індеттің кең таралуына жол бермегенін нықтады. Тұрғындарға және бизнеске қолдау көрсету мақсатында дағдарысқа қарсы нақты шаралар қабылданды. Азаматтарға көмектесу үшін бұрын-соңды болмаған көлемде қыруар қаржы бөлінді. Көптеген мемлекеттер халқына осындай қолдау көрсете алған жоқ. Мемлекет басшысы Үкіметке сол қаражаттың сапалы әрі мақсатқа сай жұмсалуын қадағалауды жүктеді.
– Пандемия зардабын бүкіл дүниежүзі тартып отыр. Бұл індет ел экономикасына теріс ықпалын тигізуде. Дағдарысқа қарсы нақты шаралар қабылдадық. Карантин шаралары арқасында вирустың жаппай таралуын бәсеңдеттік. Тұтастай алғанда, жағдай бақылауда. Елорда мен Алматыда жағдай тұрақты. Бірақ Қарағанды, Ақмола, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарында ауруға шалдыққандар саны күрт өсіп кетті. Бұл атқарылған жұмыстың жеткіліксіздігін және қосымша шаралар қажетін көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.
Ол мемкомиссия аймақтардағы карантин шараларының орындалуын қатаң бақылауға алуы тиіс екенін баса айтты. Бұл ретте «полиция мен меморгандардың іс-қимылы тек қатаң шара түрінде емес, орынды әрі ақылға қонымды болуы» қажет. Жөнсіз әрекеттерге жол берілмеуі шарт.
Қасым-Жомарт Кемелұлы барлық медицина қызметкерлерінің қаһарман ерлігіне тәнті екенін атап өтті. Алайда коронавирустық пандемиямен күреске жұмылған ақ халатты абзал жандардың барлығына бірдей ТЖ кезіндегі үстемеақы төленбепті. Көптеген өңірде оны тек COVID-19 жұқтырған науқастарды емдейтін дәрігерлер ғана алған екен. Қалғандарына, мысалы, сол ауруханада карантинге жабылған мейірбикелер мен санитарларға тек аз мөлшердегі сыйақы берілген. Президент медицина мамандарының өз атына жолдаған осыған қатысты арыз-шағымымен таныс екенін жеткізді.
– Біз коронавирусқа шалдыққан сырқаттармен тікелей араласатын медицина қызметкерлеріне көмектестік. Олардың саны шамамен 30 мың. Сонымен бірге жергілікті билік медицина қызметкерлерінің басқа санаттарының мәселесін шешуден бойын аулақ салмауы қажет. Өңірлер өз мүмкіндіктері мен көзқарастарына қарай дәрігерлер мен мейірбикелерді материалдық қолдауы тиіс, – деді Қ.Тоқаев.
Ол медицина қызметкерлерінің індет жұқтырып жатқанына алаңдаушылық білдірді.
– Ауруға шалдыққан әрбір 5 адамның біреуі – медицина қызметкері. Бұған жеке қорғаныш құралдарының жетіспеуі және қауіпсіздік шараларының сақталмауы себеп. Дәрігерлеріміз онсыз да жетпей жатқанда, бұған мүлдем жол беруге болмайды. Науқастарды емдейтін медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын ерекше бақылауға алу керек. Олар жеке қорғаныш құралдарымен толық қамтылуы тиіс. Сондай-ақ дем алатын және уақытша тұратын жерлерін де мұқият ойластырған жөн, – деді Мемлекет басшысы.
Ол полицейлерге, әскери қызметкерлерге, алдыңғы шептегі меморгандар қызметкерлеріне қамқорлық мәселесін көтерді. Волонтерлар қауіпсіздігіне де мән беру керек. Президент пандемиямен шайқастың барлық батыры – дәрігерлер, полицейлер, әскерилер және еріктілер жеке ескерткіш орнатуға лайық екенін жеткізді.
– Алдағы кезеңде тестілеу ауқымын айтарлықтай кеңейтуіміз қажет. Осы арқылы коронавирустың таралуына қатысты толық көріністі көре аламыз. Тәтті өтіріктен ащы шындық артық! Бұл бірінші кезекте, азаматтарымыздың денсаулығы үшін керек. Рас, коронавирус – ауыр дерт, оған қарсы әзірге бірегей дәрі-дәрмек жоқ. Дегенмен дер кезінде диагнозы қойылса және қолданыстағы медпрепараттармен көмектессе, емдеуге илігеді. Денсаулық сақтау министрлігі адам шығынын барынша азайтуға міндетті! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Он бес жыл қыруар қаржы шығындалған цифрландыру саласы сынаққа дайын емесін, дәрменсіздігін паш етті. Осы орайда мысалы, 42 500 теңге әлеуметтік көмекті халық уақытылы алуы үшін Президент 3 күн ішінде төлем карталарын қашықтан алу мәселесін шешуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы алда денсаулық сақтау, білім беру салаларына және ғылымға қатысты түбегейлі реформалар қолға алынатынын аңдатты. Өйткені «дағдарыс көптеген олқы тұстарды жалаңаштады». Реформалар бойынша жұмыс қазірден басталады.
Ел Президенті халқымыздың шамамен 37%-ы толығымен оқшауландырылған карантиндегі қалаларда қалғанын еске салды. Ең негізгі мәселенің бірі – оларды азық-түлікпен қамту. Үкімет пен әкімдерге осы мәселені тұрақты бақылауда ұстау жүктелді.
– Азық-түлік бізде, сөзсіз, жеткілікті. Енді елде дүрбелең туғызбау үшін бағалардың қолжетімді болуын және тауарлардың дұрыс қоймаланып, жеткізілуін қамтамасыз еткен жөн. Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 9 түрінің шекті бағасын бекітті. Одан қымбат сатуға тыйым салынады. Әйткенмен бағаны реттеу тетігі пысықтауды талап етеді. Сауда және интеграция министрлігіне, әкімдермен бірге баға түзілуінің бүкіл тізбегі бойынша бағаны реттеу тетігін оңтайландыруды тапсырамын. Карантиндегі қала тұрғындары үшін коммуналдық төлемдерді азайту бойынша кешенді шешім қабылдауды жүктеймін! Білуімше, әзірге оның шешімі табылмаған, – деді Мемлекет басшысы.
Жұмыссыздық белең алмауы үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» қабылданды. Оның жобаларын жүзеге асыруға, 240 мыңдай жұмыс орнын құруға ғаламат сома – 1 триллион теңге арна тартпақ. Президент осынша қаржы әдеттегідей, құмға сіңген судай жоқ болмауын, нақты нәтиже беруі тиісін нықтады. Үкімет пен әкімдіктер қазақстандық жұмысшылар еңбегін, отандық құрылыс компанияларын және жергілікті құрылыс материалдарын пайдалануы шарт. Осы орайда Қ.Тоқаев ашылуы жоспарланып отырған жұмыс орындарының 95%-ы уақытша екені көрсетілген талдау қолына түскенін хабарлады. Еңбек саласына жауапты шенеуніктер 1 триллион теңгеге небәрі 13 мың адам үшін тұрақты жұмыс орнын құрмақ.
Бүгінде елде көктемгі егіс науқаны басталды. Қ.Тоқаев Үкімет және әкімдіктерге осы маңызды жұмысты ерекше назарда ұстауды тапсырды. Аграршылар арзандатылған дизель отынының сапасына шағымданады: Президентке сапасыз дизель отынының кесірінен қымбат көлік-техника істен шығып жатқанын айтыпты. Ол Энергетика министрі мен әкімдерге ЖЖМ көлемімен қоса енді оның сапасын да бақылауға алуды жүктеді.
– Сапасыз ЖЖМ жеткізу – тек экономикаға ғана емес, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікке тікелей төнген қатер. Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Экономикалық тергеу қызметі сапасы төмен ЖЖМ жеткізетін компаниялар мен жеке тұлғаларды анықтауы керек. Олар елдің қауіпсіздігіне, экономикалық әлеуетіне нұқсан келтіреді. Саботаж жасаушылардың басқа да әрекеттерін құқық қорғау органдары әшкерелеп, қылмыскерлерді жауапқа тартуы тиіс, – деді Қ.Тоқаев.
15 сәуірде төтенше жағдай енгізу туралы Жарлықтың мерзімі аяқталады.
– Қазірдің өзінде ТЖ режимін кем дегенде сәуір айының соңына дейін созуға тура келетіні анық болып отыр. Коронавирус індетінің шырқау шегінен әзірге өткен жоқпыз. Осы себепті елордада, Алматыда, Шымкентте және облыстарда карантиндік режимді сәуір айының соңына дейін ұзартуды тапсырамын, – деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елді әбден ығыр еткен шектеу шараларын жалғастырмаса, жағдай ушығып, індет баршаны жаппай жайлауы, бүкіл ұлт саулығына қатер төнуі мүмкін екенін алға тартты.
Бірақ енді бірқатар кәсіпорындардың қайта ашылуына мүмкіндік беріледі. Әкімдіктер қатаң санитарлық-эпидемиологиялық режимді, қызметкерлерінің бір-бірінен алшақ отыруын қамтамасыз ете алатын кәсіпорындардың тізімін әзірлейді. Дағдарысқа қарсы өңірлік штабтар оларға тексерумен барады және жұмыс орындарына жұмысшылар мен қызметкерлерді жеткізудің тәртібін, басқа да ұйымдастырушылық, техникалық мәселелерін айқындайды.
Ал студенттер, оқушылар қашықтан оқуын жалғастырады, балабақшалар ашылмайды.
– Дамыған елдер де төл олқы тұстары мен кемшіліктерін көріп, қорытынды жасап жатыр. Өйткені пандемияға ешкім де дайын емес еді. Бұрын болмаған ауыр дағдарыстан халқымыз ширап, жаңа кезеңге бейімделіп шығатынына сенімдімін. Қазақстан міндетті түрде осы қиындықты еңсеріп, тұрақты және сапалы өркендеу жолына түседі. Дағдарыс ел келешегі мен оның алдағы дамуы туралы терең ойлануға мүмкіндік береді. Сондықтан бәріміз бір ел болып белсенді жұмыс жүргізуіміз керек, – деп түйді Президент Қ.Тоқаев.