Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 800-ден асты. Мемкомиссия отырысында Президент Қ.Тоқаев елорда мен Алматыда жағдай тұрақталғанын, алайда Қарағанды, Ақмола, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарында ауруға шалдыққандар саны күрт өскенін атап өтті және өңірлердегі пандемиямен күрес жұмысын «жеткіліксіз» деп сынады. Расында, індет енді өңірлерде белең алып отыр. Бұған шектеу және оқшаулану шараларының дұрыс сақталмауы себепкер емес пе?
Өңірде емес, өз үйіңде оқшауланған жөн
Жұртшылықты түсінуге болады. Елдегі COVID-19 бастапқы ошағы болған қос мегаполисте – Алматы мен Нұр-Сұлтанда пәрменді шаралардың қолға алынуы нәтижесінде кеселге ұшыраудың жаңа оқиғасының саны азайып келеді. Оның орнына эпидемиялық жағдай ауыл-аймақта нашарлап барады. Мысалы, жұма күнгі таңда коронавирус инфекция (КВИ) індетін жұқтырған тағы 21 адам анықталса, оның тек біреуі ғана елорда еншісіне тиген. Қалғаны тегіс өзге өңірге тиесілі. Алматыда бір адам вирустан қаза тапты.
Әзірге коронавирусқа шалдыққандардың жалпы саны жөнінен Нұр-Сұлтан (226 адам) және Алматы (122) «көш» бастап тұр. Өзге өңір жұртшылығының бұларға күдікпен, қабақ түйе қарайтыны сондықтан.
Көкшетау қаласының тұрғыны Забира Шинтемирова Ақмола облысының әкiмi Ермек Маржықпаевқа жүгініп, облыстағы елді мекендерге елордалықтар мен алматылықтардың келуіне тыйым салуды сұрады.
«Құрметті облыс әкімі! Сізден Көкшетау қаласын жауып тастауды өтінеміз! Бұл бізде эпидемияның жайылуына жол бермеу үшін қажет. Әйтпесе, Нұр-Сұлтан және Алматы тұрғындарының 15-25 пайызы карантинге дейін Ақмола облысына келіп алды. Қаншамасы Көкшетауға кез келген жолмен орналасып алуға тырысуда. Барлық тұрғындар қаланың жабылғанын қалайды және осыны күтіп отыр» деп жазады өз хатында Забира. Осындай шағымдар өзге өңір әкімдері атына да түсіп жатқан көрінеді. Мысалы, 1 сәуірден бастап елорда аспаны жолаушылар ұшақтары үшін жабылды. Осы себепті шетелден қазақстандықтарды эвакуациялап жатқан ұшақтардың Атырау мен Ақтөбе әуежайына бағытталуына осы өңір тұрғындары қарсылық білдіріпті.
«Рас, коронавирусқа қарсы күрестің қуатты құралы – оқшаулану. Бірақ ол мемлекеттің біртұтастығына, жердің бүтіндігіне сына болып қағылмауы керек. Індет ошағына айналған қалалар мен елді мекендер онсыз да карантинге жабылуда. Бұл ретте пандемиядан қорғану үшін әр адамның өз үйінде оқшаулануы, қатты қажеттіліксіз көшеге шықпауы маңызды. Кейбір өңір тұрғындарын тыңдасаң, «індет өршіген қалалардан бізге ешкім келмесін, үйлерінде отырсын, ал біз қалыпты тіршілігімізді жалғастырамыз, әрі қарай сыртта серуен құра береміз» дейді. Бұл әрине, жарамайды», – дейді вирусолог-ғалым Алексей Потехин.
Індет ошағы ұшақпен келген бе?
Өңірлерде жағдай ушығып келе жатқанға ұқсайды. 10 сәуір таңындағы жағдай бойынша Қызылорда облысында – 104, Қарағанды облысында – 61, Ақмола облысында – 61, Атырау облысында – 45, Жамбыл облысында – 45, Түркістан облысында – 34, Шымкент қаласында – 31, СҚО-да – 25, Ақтөбе облысында – 11, Алматы облысында – 10, Маңғыстау облысында – 9, ШҚО-да – 6, БҚО-да – 6, Қостанай облысында – 3, Павлодар облысында 3 науқас тіркелді. Яғни, вирус таралмаған бірде-бір өңір қалмады.
Көптеген өңірде тұрғындардың КВИ-ге қалай «жолыққаны» белгісіз. Бірқатар облыстарға індетті шетелден оралған саяхатшылар әкелген. Мысалы, Қостанайға COVID-19 енгізген жас ерлі-зайыптылар Мысырдан оралыпты. Олар басқа бір науқаспен байланыста болған, барлығы наурыз айында Египетте бірге демалған.
Ең ауыр жағдай Қызылорда облысында қалыптасуда. Мысалы, 8 сәуірде онда 1 күн ішінде өзіндік рекорд орнатылды: 12 сырқат адам табылды. 1 сәуірден бастап Қызылорда карантинге жабылды: оған кіруге де, шығуға да қатаң тыйым салынды. Сол кезде өңірде небәрі 26 науқас болған. Бүгінде олардың саны жүзден асып кетті. Бұлай бара берсе, оның көрсеткіші елорда мен Алматыға жетіп қалуы да ықтимал.
Сыр өңіріне КВИ-ді бірнеше адам ғана әкеліп таратуы мүмкін деген болжам айтылуда. Нақтылай кетсек, Қызылорда облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов 31 наурызда өңірде тіркелген 10 науқастың 8-і бір үйдің адамдары екенін хабарлады. Олардың жасы да әртүрлі: 6 жасар балдырғаннан бастап, 45 жастағы ерге дейін. Үшеуі – 14 жасқа дейінгі балалар. Басқарма жетекшісі сырқат адамдар 388 адаммен араласып үлгергенін анықтаған. Жалпы, сол 10 адамның барлығы Жаңақорған ауданының тұрғындары. Ж.Абдусаметовтің мәліметінше, облысқа пандемия бойынша аса қауіпті елдерден 148 адам келді. Оның 12-і ауруханаларға жатқызылды, қалған 136 адам үйде оқшаулануға жіберілді.
Айта кету керек, Денсаулық сақтау министрлігі ұзақ уақыт бойы шетелден келушілерді карантинге жабудан бойын аулақ салып келді. Саяхатшылардың тек дене қызуы тексеріліп, анкета толтырып, қоя беретін. Ол кезде мыңдаған адамды бірден қабылдауға ірі әуежайлар орналасқан қалалардағы ауруханалар дайын болмаған деседі. Ақыр соңында індет ошағы көбейіп шыға келді.
Коронавирус бой бермей тұрған өңірдің бірі – Ақмола облысында қариялар жаппай кеселге душар болды. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, өңірдегі Аққайың ауылында орналасқан мамандандырылған әлеуметтік қызметтер көрсететін орталықтың (қарттар үйінің) пациенттері COVID-19 жұқтырыпты. Яғни, медициналық ұйымның өзі тарату ошағына айналған. Сол себепті аталған мекемедегі қариялардан және оның қызметкерлерінің барлығынан қан талдауы алынды. Олар өз кезегінде 216 адаммен қарым-қатынаста болған. Салдарынан, осы дерт ошағынан 34 ақмолалықтың коронавирусқа шалдыққаны анықталды. Бұлардың барлығы 2 сәуірде осы аурудан қаза тапқан 1947 жылғы ер адаммен байланыста болды. Артынан қарттар үйінде болған тағы бір адам – 91 жасар әжей коронавирустан дүние салды. Қарттар үйі қызметкерлерімен бірге карантинге жабылды.
2018 жылға дейін Малотимофеевка аталып келген Аққайың ауылы Нұр-Сұлтаннан 30 шақырым жерде тұр. Жалпы алғанда, Ақмола облысында КВИ-ге байланысты 371 сырқат ауруханада жатыр. Тағы 97-і – провизорлық стационарға, 234-і – карантинге, 40-ы жұқпалы аурулар ауруханасында орналасыпты. 792 адам үй карантинінде.
Шымкентке вирусты әкелгендердің бірі – Үндістаннан оралған әйелдер болғанға ұқсайды. Олар Делиден ұшып келіпті. Осыдан кейін үшінші мегаполиске коронавирусқа шалдыққан бірден 5 адам анықталды. Оның барлығы әлгі әйелдермен және олардың отбасы мүшелерімен байланыста болғаны хабарланды.
Қарағандыда алғашқы науқастар 18 наурызда Минскіден ұшып келген. Өңірде коронавирустан өлген нотариустің 16 досы мен туысы да осы індет құрсауына іліккені анықталды. Олар жеке бокста оқшауландырылып, емдеу курсынан өтуде. Үшеуінің жағдайы ауыр. Қарағанды облысында індет ауқымы артуы ықтимал. 1 346 адам үй карантинінде болса, тағы 862 сырқат тәулік бойғы бақылауға алынған.
Өкінішке қарай, КВИ жұқтырғандардың кімдермен байланыста болғанын толық анықтау мамандарға қиынға түсіп жатыр. Кейбір адамдар ондай ақпаратты қасақана жасырады. Мысалы, вирусы анықталған кейбір кәсіпкер бизнесіне зияны тиіп кетпесін, келісімшарттан бас тартпасын деп, келіссөз жүргізген бизнес серіктестерінің, байланыста болған контрагенттерінің атын атаудан бас тартыпты. Қазақстанда бұл үшін қатаң жаза көзделмеген. Шетелдерде қылмыстық қудалау, тіпті өлім жазасына дейін қарастырылды. Егер пандемия республикамызда өрши берсе, жауапкершіліктің қатайтылуы да ғажап емес.
Бизнес демекші, биыл кәсіптің барлық түрі құлдырамайтыны байқалуда. Қорытынды шығаруға ерте, десек те қазірдің өзінде туризм, қонақүй қызметі, құрылыс, жолаушылар әуетасымалы, спорт, шоу-бизнес, газет шығару және баспа қызметі тоқырады. Ал тамақ өнеркәсібі, қорап және қаптама өндірісі, тамақтың бөлшек саудасы, фармацевтика, ауыл шаруашылығы, жүк тасымалы секторларының өсімі қомақты болады деп күтілуде. Бұдан бөлек, телевидение және телекоммуникация саласы мемлекеттің қуатты қолдауы арқасында өрлеуге бет алмақ.
Елдос СЕНБАЙ