Вакцина қашан пайда болады?
Вакцина қашан пайда болады?
609
оқылды
Әлемде коронавирусты жұқтырғандар саны 1,6 млн адамға жетті. Кісі өлімі 95 мыңнан асты. Әзірге мемлекеттер қатаң карантин жариялап, науқастарды терапиямен, қолда бар дәрі-дәрмекпен емдеуде. Алайда вирусқа қарсы вакцина табылған жоқ. Онсыз COVID-19 дерті толық жойылды деп айту қиын. Ендеше әлем күткен жаңа вакцинаны кім, қашан ойлап табады? Коронавирус алғаш Қытайда тіркелген соң оны осы елдің ға­лым­­дары зерттеу мүмкіндігіне ие бол­ды. Олар қаңтар айында COVID-19 дертіне себеп болатын Sars-CoV-2 вирусының геном құра­мын анықтады. Міне, осыдан кейін ғана вакцинаны жасауға мүм­кіндік туды. Бүгін әлемде 70-ке жуық мемлекет, 20-дан аса ком­пания мен лаборатория вак­ци­на жасауға кірісіп кетті. Қазіргі мә­лімет бойынша 20 түрлі вак­ци­на дайындалып жатыр. Дүние­жү­зі­лік денсаулық сақтау ұйымы вак­цина биыл дайын болуы екі­та­лай деп болжам айтады. Ал бас­қа мемлекеттердегі ғалымдар вак­цина 2021 жылдың ортасында пай­да болуы мүмкін дейді. Неге? Себебі вакцина жасап шыға­рыл­ған соң оның қауіпсіздігі мен тиім­­­­­­­ділігін тексеру қажет. Ол үшін алдымен жануарларға, кейін ерік­ті адамдарға тәжірибе жүргізіледі. Осы тест сәтті өтсе ғана вакцина жап­­пай өндіріледі. Аталған про­цес­тің әрбір кезеңі ұзақ уақыт алуы мүмкін. Коронавирус бүгінде ең кең та­раған мемлекет – Америка Құра­ма Штаттары. Науқастардың са­ны 470 мыңға жуықтады. Сон­дық­тан бұл ел вакцина жасап шы­­­­ғаруға қолындағы ресурсын аяп жатқан жоқ. Жалпы, АҚШ-та ин­фекционистер вакцинаны 2021 жылдың көктемінде жасап шы­ғара­мыз деп отыр. Қазірдің өзінде дәрінің бірнеше үлгісі сынақтың ал­ғашқы кезеңдерінен өтіп жа­тыр. Мысалы, осы елдегі Inovio фар­макологиялық компаниясы кандидат-препаратты адамдарға егіп, тексеруді бастап кеткен. Қа­зір сынаққа Филадельфия және Канзас-Сити қалаларында ерікті түрде 40 адам қатысып жатыр. Тәжірибенің нәтижесі тек жазда ғана шығады. Егер ол оң болса, вак­цинаны 1 млн данаға дейін өн­діре алады. Бұдан бөлек, АҚШ-та PittCoVacc препаратының сы­на­ғы аяқталды. Тәжірибені тыш­қан­дарға жасаған. Вакцинаны тыш­қандарға еккенде вирусқа қар­сы иммуноглобулиндер 14 күн бойы өсіп отырған. Қазір ел бас­шы­лығының вакцинаны адамға тек­серуге рұқсат беруін күтіп отыр. Оны жаппай өндіруге  бір жыл қажет екен. Дегенмен барлық зерттеу­шінің болжамы бірдей емес. Коронавирустан қатты зардап шеккен Еуропа елдері дерттің емін табуға барын салуда. Мә­селен, Еурокомиссияның бас­­шысы Урсула фон дер Ляйен Германиядағы CureVac ком­па­ниясының басшысымен келіссөз жүргізген соң алғашқы препаратқа биыл күзде қол жеткізе аламыз деп мәлімдеді. Осы мақсатта Еуроодақ аталған компанияға 80 млн еуро төлеп отыр. Әрине, фон дер Ляйен мәлімдемесі үміт ұялатады, бірақ қауіпсіз вакцинаны өндіруге одан да ұзақ уақыт жұмсалуы мүмкін. Ал Испанияда COVID-19 кеселіне қарсы вакцинаның прототипі мамыр айына жақын пайда бо­луы мүмкін деген болжам бар. Түркияда тышқандарға жасалған тәжірибе сәтті өткен. Енді онда ерікті азаматтарға сынақ жүргізбек. Австралияда препараттың қос түрін сынап жатыр. Оларды Оксфорд университеті мен Inovio Pharmaceutical компаниясы жасаған. Тәжірибені күзендерге тексеріп көрген. Нәтижесі жазда шығады. Тек содан кейін ғана билік рұқсат берсе, препаратты адам ағзасында сынайды. Германияда SARS-CoV-2 вирусының көбеюіне тосқауыл қоятын ингибиторды ойлап тапты. Оны да тышқанға тексерген. Алайда осы ингибитор негізінде вакцина жасауға жыл­дар қажет болуы мүмкін. Польшада коронавирустың белсен­ділігін бәсеңдете алатын дәріні жа­сап шығарды. HTCC деп аталатын пре­парат жануарларда оң нәтиже көр­сеткен. Ал италиялық Takis ком­паниясы вирустың генетикалық материалының негізінде препа­рат дайындады. Алайда тек күзде ғана оны адамдарға егіп, тексере алады. Қа­зақстан ғалымдары да ай қарап отыр­ған жоқ. Ұлттық биотехноло­гия орталығы мен Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты осы бағыттағы жұмыстарды бастап кеткен. Ғалымдар бес кандидат вакцинаны жасап шығарады, алайда сынақтан өткізуге тек біреуін таңдамақ.    width= Жалпы, вакцина табылған күннің өзінде ол барлығына бір­дей көмектесе қояды деп сенім­мен айтуға болмайды. Себебі әр адамның ағзасына әртүрлі әсер етуі мүмкін. Оған қоса, қарияларға вакцинаның тиімділігі төмен бо­луы ғажап емес. Өйткені қарт кісі­лерде иммундік жүйе әлсірейді. Сондай-ақ сынақ кезінде кейбір жануарларға пайдасын тигізген дәрі-дәрмек адамға дәл солай әсере ете қоймас. Бұдан бөлек, әрбір дә­рінің жанама әсері болары белгілі. Жүрекке пайдасы тисе, бүйрекке зиян болуы мүмкін. Осы себепті коронавирусқа қарсы вакцинаның жанама әсерін ешкім жоққа шығара алмайды. Әсіресе, созылмалы ауруы бар азаматтарға тіпті қауіпті болуы мүмкін. Мә­селен, эбола вирусына қарсы вак­цинаны зерттеу процесіне Африкадағы Сьерра-Леоне тұр­ғындары қатысқан. Кейінірек сынаққа қатысқандар арасында буыны ауырып, көру қабілеті на­шарлаған адамдар кездескен. Ал атипиялық пневмонияға (SARS) қарсы препарат табу жолында сынақтың кезінде егілген дәрі күзеннің бауырын ісіріп жіберген. Сондықтан вакцинаның әмбебап, қауіпсіз түрін табу – күрделі әрі ұзақмерзімді іс. Бүгінге дейін коронавирустың 4 түрі белгілі, алайда оның ешбіріне қарсы вакцина табылған емес. Соңғы жылдары әлемді шо­шыт­­қан эбола, зика секілді вирус­­тарға қарсы вакцина табу жұмыс­тары жүргізілді. АҚШ-тың бірнеше фармацевти­ка­лық ком­паниялары эбо­лаға қарсы дәрі-дәрмектер ой­лап тапқанымен, олар ауру шық­қан ошақта жап­пай қолданыл­ма­ды. Яғни, қос вирустың бетін қай­тарар ортақ вакцина әлі дайын емес. Ал коро­навирустың емі қашан табылары белгісіз. 2021 жылы деп айтылған пікірдің өзі болжам ғана. 1984 жылы АҚШ-тың ден­саулық сақтау министрі Маргарет Хаксли ВИЧ-ке қарсы вакцина алдағы бірнеше жылда табылады деп ойлаймын деген екен. Арада 36 жыл өтті. Ол дертке қарсы ем әлі табылған жоқ. Осы уақыт ара­лығында ВИЧ-СПИД-тен әлемде 36 млн жан көз жұмыпты.  

Нұрмұхамед БАЙҒАРА