XII Астана экономикалық форумына Нобель сыйлығының лауреаттары қатысады. Танымал көшбасшылар мен жетекші халықаралық сарапшылар жаһандық экономикалық мәселелерді талқылап, шешімдерін іздейтін елордалық құрылтайға 100-дей елден делегат жиылмақ.
Биылғы 16-17 мамыр күндері Нұр-Сұлтан қаласында он екінші рет өтетін АЭФ жиынына «Шабыттандыратын өсім: адамдар, қалалар, экономикалар» тақырыбы арқау болады.– Форумның күн тәртібіне әлемдік экономиканың, өнеркәсіп пен технологиялардың жаңа салаларын өркендету, сондай-ақ Қазақстанның және әлемнің басқа елдерінің алдында тұрған жаһандық сын-қатерлер секілді маңызды мәселелерді талқылау кіріп отыр. Әртүрлі іс-шаралар аясында орнықты өсудің, адами капиталды дамытудың және білім мен инновациялардың халықаралық орталықтары ретінде қалалардың әлеуетін арттырудың жаңа жолдары пысықталады, – дейді шараға жауапты құрылым – Экономикалық зерттеулер институтының басқарма төрағасы Ерлік Қаражан.
Ал «Астана EXPO-2017» ұлттық компаниясының басқарушы директоры Руслан Жемковтың айтуынша, АЭФ-те дәстүрлі түрде панельдік сессиялар, дөңгелек үстелдер, конференциялар және бизнес-диалогтар форматында барлығы 50 шара жоспарланған.
Олардың ішіндегі ірілері қатарында Қазақстан басшылығы қатысатын пленарлық отырыс; Халықаралық еңбек ұйымының 100 жылдығына орайластырған халықаралық конференция; Дүниежүзілік сауда ұйымының жоғары органы – Министрлік конференциясын 2020 жылы 12-рет өткізуге дайындыққа арналған аралық отырыс; БҰҰ аясында орнықты даму мақсаттары жөніндегі тұңғыш қазақстандық форум; еуразиялық интеграцияның 25 жылдығына арналған сессия; Қазақстан Үкіметі мен әлемдік интеллектуалдық элитаның қатысуымен өтетін стратегиялық сессия; ЕАЭО, Орталық Азия және Кавказ елдерінің орталық банктері басшыларының дөңгелек үстелі бар.
Биылғы 5 мыңдай қатысушының жартысына жуығы әлемнің жүз шақты елінен келмек. Қатысатынын растаған шетелдік мәртебелі меймандар қатарында 2018 жылғы экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Пол Ромер, 2007 жылғы Нобельдің бейбітшілік сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг, Халықаралық валюта қорының өкімші-директоры Кристин Лагард, Ислам даму банкінің президенті Бандар Хаджар, ЭСКАТО атқарушы директоры Армида Алисджабана, Nokia директорлар кеңесінің төрағасы Ристо Сииласмаа, ШЫҰ бас хатшысы Владимир Норов және басқалары аталды.
«АЭФ-ке белгілі саясаткерлер мен сарапшылардың қатысуы елордалық осы мерекеге деген қызығушылықты білдіреді. Бұл – сонымен қатар олардың ашық сұхбаттастық пен өзара ынтымақтастыққа дайындығының символы. Екі күн ішінде форум аясында шамамен 100 спикер сөз сөйлемек», – дейді Р.Жемков.
Оның мәліметінше, халықаралық валюта қорының қатысуымен ұйымдастырылатын инвестиция жөніндегі дөңгелек үстелге де мән берілуде. Осы және басқа да шаралар шетелдік бизнесмендердің ынта-ықыласын оятып, оларды форумға араласу үшін Қазақстанға келуге және ізінше ел экономикасына және отандық нарыққа қаржы салуға ынталандырады деген үміт артылып отыр.
«Астана EXPO-2017» ұлттық компаниясының басқарушы директоры қазіргі кезде Financial Times, SNN, Bloomberg, BBC, Euronews секілді шетелдік жетекші ақпарат құралдарымен форумды жариялау бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«Мұның барлығы жұмыс тәртібінде пысықталуда. Біз кем дегенде 30-40 шетелдік БАҚ-тан журналистер келеді деп күтудеміз. Бүгінде он шақтысы тіркеліп те үлгерді, – дейді ол. – АЭФ-2019 бюджеті те бекітілді, оған республикалық бюджеттен шамамен 1,4 миллиард теңге бөлінеді. EXPO ұлттық компаниясы ашық сатып алулар өткізді. Техникалық жарақтандыру, безендіру, рәсімдеу, пиар-сүйемелдеу бойынша үлкен конкурсқа 6 компания қатысты. Тендерлік комиссия бірнеше тәулік бойы отырыс өткізіп, жеңімпазды анықтады. Оның бағасының, біліктілік талаптары мен тәжірибесінің сәйкестігін тексерді. Осылайша, HB TV компаниясы жеңімпаз деп танылды. Барлық ақпарат ашық ақпарат көздерінде қолжетімді», – дейді Руслан Жемков.
Ол осындай үлкен конференция өткізу үшін республикалық бюджеттен лайықты қаражат бөлінгеніне сендірді. Тендер нәтижесінше шамамен 100 млн теңге үнемделіпті. Бұл ретте қыруар қаражаттың не үшін қажет болғанын да түсіндіре кетті.
– Бізде 2 күнде 50 сессия қатар жүреді. Кейде 9 іс-шара бір мезгілде іске асырылады. Осыған орай негізгі өткізу орны ретінде EXPO кешені аумағындағы Конгресс орталық белгіленді. «Хилтон» қонақүйі екінші қатардағы өткізу орны ретінде бекітілді. Мұның сыртында, «Астана» халықаралық қаржы орталығы да үшінші локация есебінде белсенді іске тартылады. АЭФ аясында сондай-ақ «Ритц Карлтон» қонақүйі де пайдаланылады. «Риксос» қонақүйінде біздің әріптестеріміз кедендік реттеу бойынша форум ұйымдастырмақ. Яғни, ол да қосымша бір өткізу орнына айналады. St.Regis Astana қонақүйінде Ұлттық банк пен халықаралық валюта қорының Кристин Лагард қатысатын сессиясы жүрмек. Яғни, қаптаған іс-шара, алаң, локациясы бар форум үшін осынша соманың жұмсалуы – сайма-сай деп санаймыз, – деп түйді Р.Жемков.