Заң жобасының мазмұны қандай?
Құжат ардагерлер мен Отан алдындағы әскери және азаматтық борышын өтеген адамдардың құқығы мен әлеуметтік мүддесін қорғау саласындағы мәселелерді реттеу мақсатында әзірленген-ді. Заң жобасы Ауғанстан аумағында ұрыс қимылдарына қатысқан әскери қызметшілерді, сондай-ақ Қазақстанның бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерін орындаған әскери қызметшілерді басқа мемлекет аумағындағы ұрыс қимылдары ардагерлерінің дербес санатына жатқызуды көздейді. Атап айтқанда, оларға Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде ТМД-ның сыртқы шекарасын күзетуді күшейтуге, Чехословакиядағы қақтығыстарды, Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан адамдарды және Ирактағы бітімгершілік операциясына қатысушыларды жатқызу ұсынылады. Осы күнге дейін Ауған жауынгерлері ардагер мәртебесін алуды көздеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов әр істің оңымен болатынын айтқан. «Ауғанстандағы, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан әскери қызметшілер соғыс қимылдарының ардагерлері санатына өтеді, сонымен қатар барлық қолданыстағы жеңілдіктер мен жәрдемақылар сақталады» деген еді министр. Айтса айтқандай, жобада Ұлы Отан соғысы ардагерлері, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдары ардагерлері, жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, еңбек ардагерлері мен осы заңның күші қолданылатын адамдардың басқа санаттары ардагер болып есептелетіні жазылған.Әлеуметтік қолдау бар
Сонымен, еліміздегі соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғаларға берілетін жеңілдіктер заң шеңберінде реттеледі. Мемлекет ардагерлерді әлеуметтік қорғауды жоғарыдағы 5 негізгі санат бойынша бекітеді. Құжат Сенатқа жіберілді. Бұған Ауған ардагерлерінің пікірі қандай? Алдымен Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаевқа қоңырау шалдық. Ол әлем індетпен күресіп жатқанда әлеуметтік тақырыпты көтеру жөн болмасын атап өтті. Дегенмен Ауған соғысының ардагері болған соң жауынгерлерден өтініш көп түсетінін айтты. Оған «сіз кезінде бізге командир болып, өліммен бетпе-бет келуге бұйрық бердіңіз. Енді бейбіт күнде талап-тілегіміздің билікке жетуіне көмектесіңіз» дейтіндер баршылық екен. «Бұл мәселені бұрыннан көтеріп жүрмін. Комитет аталған заңды талқылағанда отырысқа қатысуға сұрандым. Пәтер мәселесін айттым. Бұрындары оларға жеңілдікпен кезекке тұруға болатын-ды. Қазір жалпы кезекке тұруға міндеттеді. Мұндай тізіммен баспанаға қол жеткізу қиын. Екіншіден, ауыл-аймақта тұратын ауған жауынгерлері емделуге бара алмай жүр. Бізді талапқа сай күтіп алатын госпиталь жоқтың қасы. Қазір оларға берілетін квота санын кеміткен соң ауруханаға қаралудың өзі мұң. Бұдан өзге де мәселенің басын қайырғаным бар», – деді Бақытжан Ертаев. Иә, Мәжіліс депутаты көтерген мәселе жерде қалған жоқ. Ауған соғысы ардагерлері мен әр жылдары халықаралық міндеттемесін орындаған әскерилер және Чернобыль ардагерлері мен социалистік еңбек ерлеріне әлеуметтік қолдау күшейеді. Қолданыстағы заңнама күшіне енгенде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Жергілікті атқарушы органдарға тұрғын үймен қамту жүктеліп, жеке үй салғысы келсе бірінші кезекте жер учаскесін беру көзделген. Ал ем-шараға келсек, медициналық қызметті пайдалануға, ауруханаға кезектен тыс емделуге, санаториялық-курорттық орындарға баруға құқығы бар.Жәрдемақының жайы қандай?
Жаңадан енгізілетін санат, яғни басқа мемлекет аумағындағы ұрыс қимылдары ардагерлері үшін 4,8 АЕК мөлшерінде арнайы мемлекеттік жәрдемақы белгілеу ұсынылады. Мұны биылғы мөлшермен есептесек, 12 725 теңге. Ал 1988-1989 жылдары Чернобыль АЭС-індегі апаттың зардаптарын жоюға қатысқан адамдар 2,13 АЕК-тен (2020 жылы 5 647 теңге) 4,8 АЕК-ке дейін (2020 жылы 12 725 теңге) жәрдемақы алатын болады. Одан бөлек, Ұлы Отан соғысына қатысқандар қатарындағы Социалистік Еңбек Ерлері, сондай-ақ Социалистік Еңбек Ерлері үшін жәрдемақы мөлшерін 74,65 және 9,6 АЕК-тен 138,63 АЕК-ке дейін (2020 жылы 367 508 теңге) арттыру көзделген. Себебі осыған дейін Социалистік Еңбек Ерлері мен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған азаматтардың жәрдемақысында едәуір айырмашылық болған екен. Алда Жеңіс күні келе жатыр. БАҚ бетінде ҰОС ардагерлеріне сыйақы беру мәселесі көтеріліп жүр. Кей өңір ардагеріне миллион теңге сыйақы береді-мыс. Еңбек министрі соғыс ардагерлеріне ең төменгі төлем 300 мың, тыл ардагеріне 30 мың теңгеден кем болмау керегін айтқан. Елорда әкімдігі 850 мың теңге көлемінде ақшалай төлем берілетінін мәлімдеген-ді. Бірақ әр облыс көрпесіне қарай көсілетіні белгілі. Алайда осы сыйақы мен жәрдемақы жайы сөз болғанда басқа мемлекет аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлердің шеттеп қалатыны бар. Мүмкін алда жәрдемақы мәселесі тағы бір рет қаралар. Алайда 12 мың теңге ардагер үшін неге жетеді? Күнделікті ішіп-жемнен бөлек, ауру-сырқауды айтып шағынатын жерге де тиын төлеу қажет емес пе? Әрине, мемлекет белгілеген медициналық көмекті естен шығарғанымыз жоқ. Десе де «Қазақстанның Еңбек Ері» мен «Социалистік Еңбек Ері» жәрдемақысын есептегендер жаңадан енгізілген санаттағылардың қолына тиер аз-кем ақшаны санап көрсе керек-ті. Айтпақшы, аталған заң жобасын талқылау аясында жұмыс тобы 4 отырыс пен комитеттің 2 кеңейтілген отырысын өткізген. Шамамен 70 түзетуді қарап, жұмыс тобы отырыстарының қорытындысы бойынша 60 позиция қабылдапты. Ендігі шешім Сенатта. Азға қосып, көптен алу аталған Парламент қанатының құзырына өтті.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ