«Айқынның» №69 (04.05.2019жыл) санында жарық көрген «Касса аппаратының залалы басқа» атты мақаладағы экологтар көтерген мәселеге Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті келіспейді.
Аталған мақалада Қаржы министрінің 2018 жылғы 16 ақпандағы №206 бұйрығына сәйкес, Қазақстандағы барлық кассалық аппарат иелері 2020 жылға дейін онлайн кассалық аппараттарға өтетіні, бүгінге дейін 200 мың кәсіпкер онлайн кассаға көшкені, биыл 400 мың кассалық аппарат онлайн жүйеге ауысуы керектігі жазылған-ды.Мемлекеттік кірістер комитеті «Егер олардың әрқайсысының салмағы 2 келі екенін ескерсек, 800 мың келі пластмасса қоқыс аймағына жіберіледі. Касса аппаратының 90 пайызы – пластиктен, 5 пайызы – резеңкеден, ал қалған 5 пайызы батареядан тұрады. Ал мұндай қалдықтардың ыдырауы 500 жылға созылады. Оның экологиямызға елеулі залал келтіретіні анық» деген Халықаралық экология академиясының пайымымен келіспей отыр.
Комитет ұстанымын былай білдірді: «2019 жылдың соңына дейін қазақстандық кәсіпкерлер фиксациялау және мәліметтерді жолдау қызметі бар бақылау-кассалық машинасына (БКМ) көшуі тиіс. Яғни, еліміздегі барлық кәсіпкерлер осы тәртіп бойынша жаңа қызметі бар кассалық аппаратпен төлем қабылдауы керек. Болмаған жағдайда өзінің ескі аппаратының бағдарламалық жүйесін өзгертуі тиіс. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2019 жылдың 1 мамырына дейін мәліметтерді жолдау қызметі жоқ 255 191 БКМ тіркелген. Оның басым бөлігі, атап айтқанда 181 566 аппараттың немесе 71,1 пайызының онлайн БКМ ретінде бағдарламалық жүйесін жаңартуға болады», – дейді комитеттің баспасөз қызметі.
Ал телекоммуникациясы жоқ орындарда кассалық аппараттарды онлайн-БКМ ретінде жаңартудың қажеті жоқ. Елімізде ондай кассалардың саны – 12 мың, бұл – жалпы кассалардың 4,7 пайызы.
«Жоюға немесе телекоммуникация желісі жоқ орындарда қолдануға болатын кассалардың саны – 32 110 немесе 12,6 пайыз. Онлайн түрдегі БКМ-ді қолдана білу – көлеңкелі экономика құралдарын қысқартуға, салықтық әкімшілікті жақсартуға, салықтық тексерістерді азайтып, мемлекеттік автоматтандыру қызметін жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар онлайн түрдегі кассаларды қолдану бойынша кәсіпкерлерді жігерлендіру үшін Салық кодексінде салықты 60 мың теңгеге дейін азайту жеңілдіктері бар», – делінген хабарламада.
Ал Кәсіпкерлер мен бухгалтерлер қауымдастығының төрағасы Дмитрий Казанцев модернизацияға жататын кассалық аппараттардың 70 пайызы модернизацияға жатады деген комитеттің дерегімен келіспейтінін айтады.
«Модернизацияға 2015, 2016, 2017 жылдары шығарылған кассалық аппараттар ғана жатады. Олар шамамен қолданыстағы кассалық аппараттың 25-30 пайызын ғана құрайды. Кассалық аппараттағы механизмдерді өзгертудің құны 50 мың теңгеден жоғары тұрады. Бұл жаңа касса аппаратының құнына тең. Оның үстіне, модернизациядан кейін аппаратқа кепілдік мерзім берілмейді. Сондықтан аппарат істен шықса, оны жөндету үшін тағы да ақша шығындауға тура келеді. Сол себепті, 50 мың теңгені касса аппаратын жаңғыртуға жұмсағанша онлайн бағдарламаға төлеген тиімді», – дейді ол.
Қалай десек те, келер жылы телекоммуникация желісі тартылған барлық өңірде онлайн касса аппаратына көшіп боламыз. Касса аппаратын модернизациядан өткізуді яки онлайн касса аппаратының веб-бағдарламасын жүктеп алуды әр кәсіпкер өзі шешетіні анық. Ең маңыздысы, екінші таңдауды жасаушылар касса аппараттарын қоқысқа емес, утилизациялау орындарына өткізсе құба-құп.