Жарғанаттан жаралған, жауапсыздықтан нәр алған
Жарғанаттан жаралған, жауапсыздықтан нәр алған
2,304
оқылды
Кеше Қытайда корона­вирустан бір адам көз жұм­ды. Осының алдында, 9 сәуірде тағы екі адам қайтыс болды. Екі күнде шың елінде COVID-19 жұқтырудың 100-ден аса жаңа оқиғасы тіркелді. ҚХР-дың «қаралы көрсеткіші» қайта­дан өсе бастады және 82 мың адамға таяды. 1 мил­лиард 400 миллионнан көп хал­қы бар ел үшін бұл – теңіз­дегі тамшы. Әйтсе де, әлгі дерек жа­һандық пандемия­мен күресте ұлы жеңістің ауылы әзір­ге алыс екенін көрсетк­ендей. 10 сәуірде әлемде үрейлі ін­дет­ке шалдыққандар саны 1 мил­лион 605 мыңнан асып жығылды. Оның 95,7 мыңнан астамы жантәсілім етті. Алғашқы ондықта: АҚШ (науқастар – 469 мыңдай, қаза тапқандар – 16 мың 697), Испания (тиісінше, 153,2 мың; 15 мың 447), Италия (144 мыңдай; 18 мың 279), Германия (118,2 мың; 2 мың 607), Франция (118 мыңдай; 12 мың 210), Қытай (82 мыңдай; 3 мың 336), Иран (66,2 мың; 4 мың 110), Ұлыбритания (65,1 мың; 7 мың 978), Түркия (42,3 мыңдай; 908) және Бельгия (25 мыңдай және 2 мың 523). Испан ақпарат құралдары ел еңсесін көтеру үшін «оптимистік» жаңалықтар көрсеткен: ауру­ханалардың жансақтау бөлім­дері бұрынғыдай лық толы емес екен, өткен аптадағыға қара­ғанда бос орындар пайда бо­лыпты. Тіп­ті, қол­дары сәл боса­ғанына қуан­ған меди­цина маман­дарын да жария­лаған. Бірақ сарап­тамалық порталдар «медальдің екінші жағына» үңіл­ді: ауру­ханалардың босауы ис­пан билігі­нің коронавирус ин­фек­циясын (КВИ) жеңгенінің белгісі емес, ауырғандардың көбінің дүние салуы салдары көрінеді. Бір тәу­лікте ғана Испанияда 655 науқас өмірден өтті. Енді Мадрид мәйіт­ха­налары шектен тыс толды. Әсіресе, әлемдік державалар ауыр жағдайды бастан кешіріп жатыр: АҚШ-та тек 1 тәулік ішінде бірден 33 мың 536 адам дертке душар болып, бір күн ішінде 1 мың 900 америкалық бақиға аттанды. Еуропа көшбасшысы Францияда бір тәулікте ғана кеселдің 4 мың 799 жаңа дерегі тіркеліп, 1 мың 341 француз құрбан болды. Іргедегі алпауыттың жағдайы да мәз емес: Ресейде бір апта бойы күн сайын 1-1,5 мың вирус жұқтырған адам тіркеледі. Осыдан үш апта бұрын ғана, яғни 23 наурызда солтүстік көршіде небәрі 438 адам COVID-19 құрсауына ілікті және бірде-бір адам шығыны болмады! Ал 10 сәуірде РФ-да науқастар саны 12 мыңға жетті. 94 адам көз жұмды. Сөйтіп, бірнеше апта бұрын ғана «қара тізім» соңында болған Ресей 17-орынға дейін көтерілді.  

Карантиннен құтылар күн таяу ма?

Қытай атышулы Ухань қала­сындағы карантинді жойғанда барша адамзат үшін жеңіс күні жақын қалды деген берік үміт пай­да болғандай еді. Әйткенмен, өзге елдерде шектеу шараларын жою туралы сөз қозғау ерте. Мысалы, Испанияда бір айға енгізілген карантин аяқталуға жақындады. Алайда 26 сәуірде де ресми шек­теулер жойылмайтын түрі бар. Сарапшылар испан елінде тек мамыр айында ғана эпидемиямен күресте ілгерілеу болуы мүмкін деп отыр. Әзірге коронавирустан көз жұмғандар саны жөнінен Испания әлемде Италиядан кейінгі екін­ші орында тұр. Мемлекетте қозғалыс барынша азайтылды: азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алуға, қарт ата-анаға күтім жасап және итті серуендету үшін ғана сыртқа шығуға рұқсат. Басқа тірлікпен көшеде сенделгендерді полиция аяусыз жазалауда: жарты миллиондай адамға айыппұл салынған, бұл ауырғандар санынан үш еседей көп. Кәсіпорындар жұмысының тоқтауы кесірінен Испанияда жұмыссыздар армиясы 3,5 миллионға жеткен. Испандықтардың жігерінің жаситын жөні бар. Испания тұр­ғын­дарының адамзаттың жалпы са­нындағы үлесі 0,6%-ды, ал эпидемиядан қаза болған­дар санындағы үлесі 18%-ды құрайды. Оның үстіне, бұл ел дертке ұшыраған медицина қыз­мет­керлері саны жөнінен дүние­жүзінде бірінші орында: шама­мен 20 мың ақ халатты абзал жан кесел жұқтырыпты. Испан ауруха­наларында қорғаныш құралдары – респиратор, халат, сани­тарлық жабдық жетіспейді. Сарапшылардың байламынша, егер КВИ пандемиясын соғысқа теңесек, испан генералдары солдаттарды жауға қарсы қарусыз, каскасыз жіберген. Негізі, бүкіл планета көлемінде пандемия тойтарылмай, ешбір ел шектеу шараларынан бас тар­та алмаса керек. Мысалы, Вашинг­тондағы Ақ үйде өткен бри­финг­те коронавируспен күрес жөнін­дегі президенттік жұмыс тобы статис­тикалық модельді таныстырды: оған сәйкес, егер америкалықтар бір ай бойы каратин шараларын мүлтіксіз сақтамаса, маусым айы­ның ортасына қарай АҚШ-та 100 мыңнан 240 мың адамға дейін көз жұмуы ықтимал. Президент Дональд Трамп елде 13 наурызда төтенше жағдай жариялады. Дегенмен бүкіл мем­лекет көлемінде карантин енгізу­ден бас тартып, бұл құқықты әр штаттың құзырына қалдырды. Салдарынан, штаттардың бір бө­лігі Қазақстандағыдай көшеге аса қа­жеттіліксіз шығуға тәулік бойғы шектеу қойса, қалған штат­тар коменданттық сағатпен шек­телген: яғни, таңнан кеш­ке дейін сыртқа шығуға бола­ды. Прези­денттік топ америкалықтарға үй­лерінде оқшаулануға кеңес берді. Бұл ұсынымның заңды күші бол­мағандықтан, шектелгісі келмейтіндер оны құлағына да ілмейді. Сондықтан CNN бүкіл әлем жазылса да, Америка SARS-CoV-2 вирусын әрі қарай тара­татын жаңа ошаққа айналуы ықтимал дейді. Бірқатар сарапшы Трамптың тірлігін ұлы депрессия кезіндегі президент Герберт Гувер саяса­тымен салыстырады: респуб­ликалық партия атынан сайланған президент өткен ғасырдың 30-жылдары федералдық дең­гей­де дағдарысқа қарсы шаралар ен­гізудің қажеті жоқ деп табанд­аумен бол­ған. Нәтижесінде, алып елді жай­рата жаздады.  

Үндістанның қаталдығы неге әлемді сүйсінтті?

Жаһандағы интернет пай­даланушылар Үндістандағы шараларға сүйсінуде: 1,3 миллиард адам тұратын елде 6 мың 771 адам ғана КВИ жұқтырды. Бұл мысалы, осыдан он еседей аз хал­қы бар Ресейдегіден екі есеге, 5 мыңға аз. Ғаламтор үнді поли­цейлерінің карантин режимін бұзғандарды үйлеріне дүрелеп, таяқпен қуып тығатыны туралы видеороликтерге толып кетті. Қа­тал тәртіп сақшылары тіпті қозға­лысына рұқсат етілген жур­налис­терді де аямайтындарын бай­қатты. Үн­діс­тан көшбасшысы – премьер-министр Нарендра Моди 24 наурызда барлық штатта қатаң шектеу енгізді. Үнді үкіметі жұртшылық алдында әрбір үндінің өмірін сақтауға уәде берген. Азиялық елдегі қаталдық өзін-өзі ақтады: халқы тығыз ел пан­демияның кең жайлауына жол берсе, оның кесапаты бар­ша әлемге тарамақ. Онсыз да қайыр­шысы басым Үндістан тұрғындары аман қалу үшін өзге елдерге жаппай босып, азық-түлік тапшылығы туындап, қылмыс өршуі мүмкін. Үндістан қаржы министрлігі үйлерінде оқшауланатын осал топтарға тамақ жеткізу үшін 22,5 млрд доллар бөлді. Бұл тұрмысы күнкөріс шегінен төмен 300 мил­­лион адамға қанша күнге жетері бел­гісіз. Сонымен бірге саясат­керлер демократияға үйрен­ген үнділердің үйде көп отыруға шы­дамы жетпейтініне алаңдайды. Мысалы, Н.Моди дәрігерлердің ерлігіне тәнті болып, халықты кешкі сағат 5-те медицина ма­ман­дарына бір мезгілде қошемет көрсетіп қол соғуды сұрады: белгіленген уақытта барлық көше тұрғындары қол шапалақтап, мәз-мейрам болған. Осы орайда, еш карантин енгіз­бей күресіп жатқан Швецияның тәжірибесі қызықты. КВИ тізімін­де Үндістанның алдында орна­ласқан осы мемлекетте ин­фекция­ны жұқтыру оқиғалары бір­шама ке­міпті. Нәтижесінде, оны Ресей, Израиль «басып озды». Сарапшылар ауқатты швед мемлекетінде азаматтар еш ка­­рантинсіз-ақ өз бетінше оқшау­­ланып алғанын айтады. Кейін­гі он­жыл­­дық­тарда матриархат дәуірле­­ген Швеция­да үл­кен отбасы­лар тым аз. Жалғыз­бастылар басым. Адамдар бір-бірі­мен араласпайды. Скандинавия­ның өзге елдері де осы себепті ін­дет­пен табысты күресіп жатыр. Әрине, қонақжай қазақ халқына бұл үлгі бо­ла алмас. Алайда бүгінде оқшаулану­дың маңызы зор. Өйткені ұрпақтар сабақ­тастығы тығыз, немерелері мен ата-әжесінің әр жексенбіде дастарқан басында кездесуі дәстүрінен көпке дейін бас тартпаған Испания мен Италия «саяқтарды» сүйетін вирустан қатты зардап шекті, қа­риялар қатары селдіреді. Бүгін­де абзал ақсақалдар мен ақ жау­лықты әжелерге жас ұрпақтың қамқорлығы – алыстан араласу, қашықтан көмек көрсету болмақ.  

Айхан ШӘРІП