Көмек алушылар саны артты
Көмек алушылар саны артты
250
оқылды

Қазақстанда жаңар­тылған, яғни қаражаты көбейтілген атаулы әлеу­меттік көмек алудан үмітті адамдар саны 800 мыңға жуықтап қалды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Елбасының «Әлеуметтік қам­қорлық» жаңа әлеуметтік шараларын жүзеге асыру аясында осы жылдың 1 сәуірінен бері жаңартыл­ған атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алуға құжаттар қабылдау жүргізілуде. Өтініштер жергілікті жұмыспен қамту орталықтарында және ауылдық әкімдіктерде қабылданады.
Биылғы 2 мамырдағы жағдай бойынша «Е-халық» жүйесі ар­қылы барлығы 799 032 адамды қамтитын 148 649 өтінім қабылданды. Оның ішінде 100 566 өті­ніш бойынша АЕК тағайындау туралы оң шешімдер шығарылды. Тағы 41 647-сі қаралуда» деп мәлім етті министрлік.
Ең көп өтініш берушілер қатары халық тығыз қоныстанған Түр­кістан облысында тіркеліп отыр. Олардың саны 180 179 адам­нан тұратын 30 382 отбасыны құрады. 
Одан кейінгі жайғасқан Алматы облысында 93 399 адамнан құралған 17 698 отбасы, ал үштікті тұйық­та­ған Шымкент қала­сында 88 478 адам­нан тұратын 17 275 от­басы жа­ңартылған АЕК түрінде мемлекеттен көмек алуға тілек білдіріпті.
Бұдан бөлек, бұрыннан АӘК алып келе жатқан 269 330 мүшесі бар 48 380 отбасыға бұған дейін тағайындалған сомалар автоматты режимде қайта есептеліп, мөлшері арттырылған. 
Жалпы алғанда, бүгінде жаңартылған форматтағы атаулы әлеуметтік көмек 84 287 отбасыға жал­пы сомасы 9,4 миллиард теңге кө­ле­мінде төленіп те қойылыпты. Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нис­трлігі АЕК-тің өтініш берген айдан бастап тағайындалатынын және өтініш беру күніне тәуелді емес екенін еске салады. Мәселен, мамыр айының басында өтініш бергендерге де, осы ай соңында бергендерге де мамыр айы үшін толық төленеді.
Елбасының тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап, АӘК көрсету критерийі күнкөріс деңгейінің 50%-нан 70%-на дейін көтеріліп, 20 789 теңгені құрады. Нәтижесінде, жәрдемақы алушылар саны былтырғы 571,6 мың адамнан биыл 830 мыңға дейін өседі. Бұл ретте егер бұған дейін АӘК-тің орташа мөлшері отбасының әр­бір мүшесіне шаққанда, небәрі 4 834 теңгені құраған болса, енді әр ­балаға 20 789 теңгеден төленеді.
Тұтастай алғанда, 2019 жылы атаулы әлеуметтік көмекке бюд­жет­тен барлығы 130 миллиард тең­геден астам қаражат шығындалмақ.

Елдос СЕНБАЙ