Қазақстанға кім инвестиция салып жүр?
Қазақстанға кім инвестиция салып жүр?
661
оқылды

Инвестиция – экономикадағы аса маңызды әрі қажетті термин. Бұл терминнің астарында қаншама қаражат буда-будасымен шашылып жатыр. Соны тиімді кәдеге жарату керек. Қысқаша айтқанда, қарызға берілген ақша. Алайда инвести­цияланған жоба табыс әкелер болса, онда ақша беруші де қарық болмақ. Ал егер банкротқа ұшыраса, онда көк қағазы желге ұшты деген сөз. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан да инвесторлармен үздіксіз жұмыс істеп келе жатыр.

Соңғы деректерге сүйенсек, еліміздегі аса­тын шетелдік инвестицияның 92 пайызын әлем бойынша 10 мемлекет қамтамасыз етіпті. Олар құны 11,3 миллиард доллар болатын қазақстандық жобаларға қаржы салған. Инвестор мемлекеттер ішінде бөле-жара айтар мемлекет – Нидерланды. Олар былтыр алғашқы алты ай ішінде 3,8 млрд доллар инвестиция құйған. Ал жалпы, голландиялық инвесторлар Қазақстанмен экономикалық қарым-қатынас орнатқалы бері 54,2 млрд доллар қаражат ұсынған. Екінші стратегиялық инвестор – АҚШ. Алып держава Қазақстанның пайдасына 2,8 млрд долларды рәсімдеген. Олар көбіне тау-кен өнеркәсібіне, ғылыми және техникалық салаға қаражат бөлуге құштар. Үздік үштікті 1,3 млрд доллар инвестиция салған Швейцария түйіндейді. Швейцариялықтарды негізінен өңдеу өнеркәсібі, көтерме-бөлшек сауда, автомобиль жөндеу саласы қызықтырады екен. Тиісінше бұл ел ақпарат және байланыс саласы бойынша қолға алынатын жобаларға қаражат бөлуді де теріс көрмейді. Бұл ретте 821 млн доллардың жобасын бірлесіп жүзеге асырған Ресейді де атап өткен жөн. Өз кезегінде Қа­зақстан да аталған 10 елмен сыртқы сауда бай­ланысын күшейте түсуге мүдделі. 2018 жыл­дың қорытындысы бойынша, 10 мемлекетпен бірі­гіп жүзеге асырған сыртқы сауда байла­нысы­ның құны 38,4 млрд АҚШ долларына жеткен. Соның ішінде Ресеймен арадағы тауар айна­лымы жоғары деңгейді көрсеткен. Екінші орында – Қытай болса, Нидерланды үздік үштікке енген. 
2013-2014 жылдардағы теңгенің құн­сыздануы, елге келетін әлемдік инвестициялық ағымды біраз тоқыратып тастаған. Алайда бұл іркіліс 2016 жылдан кейін қайта жанданды. Мәселен, еліміздің мұнай-газ саласы сыртқы инвестиция әсерімен потенциалын көтеру үстінде. Былтыр елімізге келіп түскен тікелей шетелдік инвестиция – 6,7 млрд доллар мұнай саласының қажетіне жұмсалған. Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты да сол қаражат есебінен модернизацияланған. Нәтижесінде, 2018 жыл­дың I тоқсанында мұнай өңдеу көлемі 5,4 есеге артып шыға келген. 
Қытай да Қазақстаннан биік инвестиция­лық мүмкіндіктер көреді. Олардың «Айджу» кәсіп­орны еліміздегі күнбағыс майы өндірі­сіне қаражат салған. Одан бөлек көршілес ел Алматы облысында біршама жұмыс атқаруға қызығушылық танытып отыр. 
– «Шарын» ұлттық паркіне жақын маңда жүзеге асатын жобамыз бар. Келесі жылы кен орнын толықтай игеруді бастаймыз деп отыр­мыз және ол әлемдегі ең ірі орынға айналады. Бұл жергілікті азаматтарды жұмыспен қамтиды, сонымен қатар жоғары санатты технологияларды алып келеміз. Бұл технологиялар азаматтардың экологиялық қиындыққа ұрынбай жұмыс істеуіне мүмкіндік береді, – деген еді Jiaxin International Resources Investment Limited бас менеджерінің орынбасары Десмонд Ван былтыр елордада өткен Қазақстан-Қытай форумында. Сарапқа салар болсақ, Қытайдың мемлекеттік банкі Қазақстандағы құрылыстар үшін 50 млрд доллар көлемінде қолдау көрсетіпті. Осылайша, Қытай Қазақстанға инвестиция салу көлемі бойынша төртінші орынға көтерілген. 
Дәл қазіргі сәтте Қазақстан – инвестиция тарту бойынша Орта Азияда ешбір елді шаңына  ілестірмей тұр. Орта Азиядағы бүкіл инвести­ция­ның 70 пайызы бізге тиесілі екен. Былтыр негізгі капиталдағы инвестиция көлемі 21,6 па­­йызға өсіп, 7,5 трлн теңгені құраған. Мұндай деректі Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қа­сымбек келтірген. Ел ішінде инвестиция алу бойынша алғашқы орында Атырау облысы тұр. Бұл өңірге елдегі жалпы инвестицияның 35,8 пайызы тиесілі болып шықты. Одан кейін 16 пайызға жетеқабыл межені бағындырған Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары орналасқан. 
Экономист Жарас Ахметовтың айтуынша, негізгі капиталға, яғни өндірісті модерниза­циялауға, қуатты өндіріс орнының құрылысына арнап инвестиция алу аса пайдалы болмауы мүмкін. Сондай-ақ ол ауыл шаруашылығына инвестиция салу да өзін-өзі ақтамайды деп ойлайды. Оның айтуынша, арзан еңбек ресурстарының көбеюі инвестиция тиімділігін азайтады. Ал сұраныс төмен болса онда ірі бизнесмендер ақша салудан бас тартпақ. 
– Егер тау-кен өнеркәсібінде де шикізат бағасы түсіп кетер болса, онда инвестиция көлемі де азаяды. Ал егер өңдеуші өнеркәсіпке келсек, онда мұндағы жағдай бір қалыпты емес. Бір жағынан аталған саладағы еңбек құны өте қымбат. Сондықтан инвестиция да пайдалы болуы мүмкін. Екінші жағынан капитал да қымбат, – дейді Жарас Ахметов. 
Сарапшы Айдархан Құсайынов та инвес­тицияны жақтай қоймайды. «Қазір біз индус­триалды-инновациялық дамуды арттыру үшін көптеген мемлекеттік бағдарлама шығардық. Қуаты жоғары өндіріс орындарын аштық. Енді  инвестиция емес, ақша керек. Кәсіпорын айналымын көбейту үшін ақша қажет. Оларда бизнес бар, оларда өндіріс бар, енді оны айнал­дыру керек. Маркетингтік қадамдарға арналған ақша болуы керек. Бұған бола инвестиция алудың қажеті шамалы. Ал қазір біздің елде кішкене бір құрылыс салатын болса, шапқылап инвестор іздеп кетеді. Онсыз да көп құрылыс салдық. Онсыз да көп инвестор тарттық. Сол жеткілікті», – дейді А.Құсайынов. 
Ол сондай-ақ инвесторларды субсидия немесе салықтық жеңілдіктермен емес, тиімді, қолайлы жасалған инфрақұрылыммен қызық­тыра алуымыз керек деп есептейді. Соңғы уа­қытта біз жасыл экономикаға арнап та инвес­тиция ала бастадық. Мәселен, 2018 жылы бұл сала үшін 60 млрд теңге инвестиция рәсімдеппіз. Бұл мақсатта – экологиялық зияндылықты жою үшін таза отын тұтынатын автобустарды шығару көзделіп отыр. Жасыл экономиканы дамыту бойынша Ресей, Қытай, Түркия, Бол­гария және БАӘ елдері инвестор атанбақ.