Инвестиция – экономикадағы аса маңызды әрі қажетті термин. Бұл терминнің астарында қаншама қаражат буда-будасымен шашылып жатыр. Соны тиімді кәдеге жарату керек. Қысқаша айтқанда, қарызға берілген ақша. Алайда инвестицияланған жоба табыс әкелер болса, онда ақша беруші де қарық болмақ. Ал егер банкротқа ұшыраса, онда көк қағазы желге ұшты деген сөз. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан да инвесторлармен үздіксіз жұмыс істеп келе жатыр.
Соңғы деректерге сүйенсек, еліміздегі асатын шетелдік инвестицияның 92 пайызын әлем бойынша 10 мемлекет қамтамасыз етіпті. Олар құны 11,3 миллиард доллар болатын қазақстандық жобаларға қаржы салған. Инвестор мемлекеттер ішінде бөле-жара айтар мемлекет – Нидерланды. Олар былтыр алғашқы алты ай ішінде 3,8 млрд доллар инвестиция құйған. Ал жалпы, голландиялық инвесторлар Қазақстанмен экономикалық қарым-қатынас орнатқалы бері 54,2 млрд доллар қаражат ұсынған. Екінші стратегиялық инвестор – АҚШ. Алып держава Қазақстанның пайдасына 2,8 млрд долларды рәсімдеген. Олар көбіне тау-кен өнеркәсібіне, ғылыми және техникалық салаға қаражат бөлуге құштар. Үздік үштікті 1,3 млрд доллар инвестиция салған Швейцария түйіндейді. Швейцариялықтарды негізінен өңдеу өнеркәсібі, көтерме-бөлшек сауда, автомобиль жөндеу саласы қызықтырады екен. Тиісінше бұл ел ақпарат және байланыс саласы бойынша қолға алынатын жобаларға қаражат бөлуді де теріс көрмейді. Бұл ретте 821 млн доллардың жобасын бірлесіп жүзеге асырған Ресейді де атап өткен жөн. Өз кезегінде Қазақстан да аталған 10 елмен сыртқы сауда байланысын күшейте түсуге мүдделі. 2018 жылдың қорытындысы бойынша, 10 мемлекетпен бірігіп жүзеге асырған сыртқы сауда байланысының құны 38,4 млрд АҚШ долларына жеткен. Соның ішінде Ресеймен арадағы тауар айналымы жоғары деңгейді көрсеткен. Екінші орында – Қытай болса, Нидерланды үздік үштікке енген.2013-2014 жылдардағы теңгенің құнсыздануы, елге келетін әлемдік инвестициялық ағымды біраз тоқыратып тастаған. Алайда бұл іркіліс 2016 жылдан кейін қайта жанданды. Мәселен, еліміздің мұнай-газ саласы сыртқы инвестиция әсерімен потенциалын көтеру үстінде. Былтыр елімізге келіп түскен тікелей шетелдік инвестиция – 6,7 млрд доллар мұнай саласының қажетіне жұмсалған. Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты да сол қаражат есебінен модернизацияланған. Нәтижесінде, 2018 жылдың I тоқсанында мұнай өңдеу көлемі 5,4 есеге артып шыға келген.
Қытай да Қазақстаннан биік инвестициялық мүмкіндіктер көреді. Олардың «Айджу» кәсіпорны еліміздегі күнбағыс майы өндірісіне қаражат салған. Одан бөлек көршілес ел Алматы облысында біршама жұмыс атқаруға қызығушылық танытып отыр.
– «Шарын» ұлттық паркіне жақын маңда жүзеге асатын жобамыз бар. Келесі жылы кен орнын толықтай игеруді бастаймыз деп отырмыз және ол әлемдегі ең ірі орынға айналады. Бұл жергілікті азаматтарды жұмыспен қамтиды, сонымен қатар жоғары санатты технологияларды алып келеміз. Бұл технологиялар азаматтардың экологиялық қиындыққа ұрынбай жұмыс істеуіне мүмкіндік береді, – деген еді Jiaxin International Resources Investment Limited бас менеджерінің орынбасары Десмонд Ван былтыр елордада өткен Қазақстан-Қытай форумында. Сарапқа салар болсақ, Қытайдың мемлекеттік банкі Қазақстандағы құрылыстар үшін 50 млрд доллар көлемінде қолдау көрсетіпті. Осылайша, Қытай Қазақстанға инвестиция салу көлемі бойынша төртінші орынға көтерілген.
Дәл қазіргі сәтте Қазақстан – инвестиция тарту бойынша Орта Азияда ешбір елді шаңына ілестірмей тұр. Орта Азиядағы бүкіл инвестицияның 70 пайызы бізге тиесілі екен. Былтыр негізгі капиталдағы инвестиция көлемі 21,6 пайызға өсіп, 7,5 трлн теңгені құраған. Мұндай деректі Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек келтірген. Ел ішінде инвестиция алу бойынша алғашқы орында Атырау облысы тұр. Бұл өңірге елдегі жалпы инвестицияның 35,8 пайызы тиесілі болып шықты. Одан кейін 16 пайызға жетеқабыл межені бағындырған Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары орналасқан.
Экономист Жарас Ахметовтың айтуынша, негізгі капиталға, яғни өндірісті модернизациялауға, қуатты өндіріс орнының құрылысына арнап инвестиция алу аса пайдалы болмауы мүмкін. Сондай-ақ ол ауыл шаруашылығына инвестиция салу да өзін-өзі ақтамайды деп ойлайды. Оның айтуынша, арзан еңбек ресурстарының көбеюі инвестиция тиімділігін азайтады. Ал сұраныс төмен болса онда ірі бизнесмендер ақша салудан бас тартпақ.
– Егер тау-кен өнеркәсібінде де шикізат бағасы түсіп кетер болса, онда инвестиция көлемі де азаяды. Ал егер өңдеуші өнеркәсіпке келсек, онда мұндағы жағдай бір қалыпты емес. Бір жағынан аталған саладағы еңбек құны өте қымбат. Сондықтан инвестиция да пайдалы болуы мүмкін. Екінші жағынан капитал да қымбат, – дейді Жарас Ахметов.
Сарапшы Айдархан Құсайынов та инвестицияны жақтай қоймайды. «Қазір біз индустриалды-инновациялық дамуды арттыру үшін көптеген мемлекеттік бағдарлама шығардық. Қуаты жоғары өндіріс орындарын аштық. Енді инвестиция емес, ақша керек. Кәсіпорын айналымын көбейту үшін ақша қажет. Оларда бизнес бар, оларда өндіріс бар, енді оны айналдыру керек. Маркетингтік қадамдарға арналған ақша болуы керек. Бұған бола инвестиция алудың қажеті шамалы. Ал қазір біздің елде кішкене бір құрылыс салатын болса, шапқылап инвестор іздеп кетеді. Онсыз да көп құрылыс салдық. Онсыз да көп инвестор тарттық. Сол жеткілікті», – дейді А.Құсайынов.
Ол сондай-ақ инвесторларды субсидия немесе салықтық жеңілдіктермен емес, тиімді, қолайлы жасалған инфрақұрылыммен қызықтыра алуымыз керек деп есептейді. Соңғы уақытта біз жасыл экономикаға арнап та инвестиция ала бастадық. Мәселен, 2018 жылы бұл сала үшін 60 млрд теңге инвестиция рәсімдеппіз. Бұл мақсатта – экологиялық зияндылықты жою үшін таза отын тұтынатын автобустарды шығару көзделіп отыр. Жасыл экономиканы дамыту бойынша Ресей, Қытай, Түркия, Болгария және БАӘ елдері инвестор атанбақ.