Дәрігерлерге күйе жағуға болмайды
Қазір әлеуметтік желі арқылы азаматтар өз ойын ашық білдіре алады. Кейінгі күндері әлеуметтік желілерде «Дәрігерлер осы ауруды әдейі жұқтырып, мемлекеттен ақша алуды көздеп отыр» деген пікірлер айтылып жатыр. Осындай пікірді естігенде көңілің құлазиды. Себебі көпшілік Гиппократ антын қабылдаған маман ретінде дәрігерге зор сенім артады. «Дәрігерлер өздеріне әдейі ауру жұқтырып, ақша тапқысы келеді» деген –жалған пікір. Тек жалған ғана емес, бұл ақ халатты абзал жандарға жағылған күйе деп есептеймін. Өйткені дәрігер де адам, ол кісілердің де ата-анасы, бала-шағасы, туған-туысы бар. Солардың бәрінің көңілін қиып, оларға қауіп төндіріп, өзіне әдейі ауру жұқтырып, сол жерден пайда табам деп ойлау – ешқандай ақылға сыймайтын, тіпті үш ұйықтаса түсіне кірмейтін нәрсе. Дәрігердің күнделікті қызметіне жүгініп, солардың адал қызметінің пайдасын көріп, өз денсаулығын түзетіп жүрген азаматтардың осындай жаман пиғылдарына қайран қаламын. Ел басына қиындық түскен кезде біреудің немесе өз денсаулығына зиян келтіре отырып, содан ақша, нәпақа табуды жөн деп ойласа, ондай адам ешқашан дәрігер бола алмайды және ондай азаматтар ақ халатты абзал жан деген ардақты атқа, ұлы сөзге лайық емес. Ондай адамдар дәрігерлер қатарында нық басып, жұмыс істеп жүре алмайды», – дейді ол.Инфекционист-дәрігерлер жеткілікті ме?
Көптеген елде осы індеттің асқынуына байланысты инфекционист-дәрігерлер, тіпті мейірбикелер жетіспеушілігі байқалып отыр. «Алдағы уақытта бізде де маман тапшылығы болмай ма?» деген ой әрқайсымызды мазалайтыны рас. Себебі институтты бітіріп, қолына дәрігер дипломын бергенде осынша үлкен ауқымда инфекциялық ауру болады деген болжам жасалмаған. Сол үшін көп көлемде инфекционист-дәрігерлер дайындалмаған. Көп мемлекетте дәрігерлер жетіспеушілігі болып жатқаны сондықтан. Біз мұндай тығырыққа тірелмейміз бе? Алмат Тұрысбекұлының айтуынша, жалпы бекітілген стандарттарға сәйкес, халық санына, инфекциялық аурулардың ықтималдығына байланысты Алматы қаласында инфекциялық клиникалық аурухана, балалар инфекциялық ауруханасы бар. Олар жылда кездесетін басқа да инфекциялық ауруларға қарсы күресуге дайын, соған сәйкес штат белгіленген. Қазір инфекциялық дәрігерлердің, эпидемиологтардың жетіспеуіне байланысты зейнет жасында болсын немесе басқа да себептермен үйде отырған мамандарды шақырып, осы ауруға қарсы бірге күресуге ұсыныс жасалды. Олар қолұшын беріп, көмектесуде. Олардың арасында дәрігерлер ғана емес, осындай инфекциялық науқастарға қызмет көрсете алатын медбикелер де бар. Өзіміздің орталықтарда науқастарды қарауға немесе осындай қауіпті ауруы бар деген науқастар түскен жағдайда оларды арнайы тексеруден өткізуге машықтандырылған, қысқаша болса да дайындық сабақтарын алған, науқастарды қалай күтіп, қалай оқшаулау керек, қандай талдамалар алу қажет екенін үйреткен арнайы дәрігерлер, қабылдау бөлімінің, реанимация бөлімінің дәрігерлері, медбикелері бар. Қауіпті індетке қарсы күресте еліміздің, оның ішінде Алматы қаласының дәрігерлері өз антына адал, білікті маман екенін және ауызбіршілігі зор екенін көрсетіп отыр.Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ