Мәжіліс Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева және Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Гүлнар Иксанова Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалында көпбалалы аналар қоғамдық ұйымдарының көшбасшыларын қабылдады.
Мәжіліс вице-спикері өз сөзінде Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік бастамаларын, әсіресе, партияның «Бақытты отбасы» ұлттық жобасы аясында табысы төмен көпбалалы отбасыларға нақты қолдау көрсетілетінін ерекше атап өтті. Сонымен бірге, маңызды әлеуметтік бастамалардың барлығы заң тұрғысынан реттелетінін жеткізді.15 мыңға жуық көпбалалы отбасының үштен бір бөлігі – тұрмысы төмен 5 мың жанұяға «Бір терезе қағидаты» бойынша жұмыс істейтін Алматыдағы орталық көмек көрсетеді. Орталықта бірқатар көпбалалы аналар жұмыспен қамтылған. Мұнда күніне 50-60 адам жәрдем сұрап келеді. Екі айдың ішінде 1 086 көпбалалы отбасына көмек көрсетілген.
Әңгіме барысында Алмалы, Түрксіб, Медеу аудандық көпбалалы аналар ұйымдарының өкілдері Елбасыға жасалып жатқан қамқорлық үшін ризашылығын білдірді.
Олар кездесу барысында депутаттарға ұсыныстары мен пікірлерін жеткізді.
Өз кезегінде Гүлмира Исимбаева халықтың, оның ішінде көпбалалы аналардың мәселесін шешу барысында кері байланысты іске қосу арқылы Nur Otan партиясы әрқашан қолдау көрсететінін және айтылған ұсыныстардың депутаттар тарапынан ескерілетінін айтты.