Оңтүстік Кореядан 1 наурызда келген 1955 жылғы қызылордалық әйел 9 күн карантинге жатқан. Өкінішке қарай, карантиннен шыққан соң 27 наурыз күні инфекция анықталған. 17 күн ішінде ол «Ақжан» сауда орталығындағы бутигінде сауда жасаған. Тіпті, Махамбет ауылына тойға барған. Тестен де, тексеруден де өткізбеген. Бұл науқасты қараған медбикенің өзі инфекция жұқтырып, ауруы анықталғанша бірнеше адамға қызмет еткен. Осыдан-ақ біздегі денсаулық саласына қаншалықты жауапкершілікпен қарайтыны түсінікті болып тұр.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осындай ауыр кезеңде Үкімет тарапынан атқарылып жатқан шұғыл шараларды қолдауға шақырып, Қазақстан халқына мәлімдеме жасады. Тұңғыш Президент – Елбасы сәуірдің 8-інде тағы бір үндеу жасады. Карантин жарияланған Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға атаулы көмек көрсетуге Nur Otan партиясы жобалары аясында 150 млн теңге, елде коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Тұңғыш Президент қоры есебінен 200 млн теңге бөлінді. Қиын кезеңде елді ұйымдастырып, жол бастап, қолдау көмек көрсеткен Тұңғыш Президенттің де үндеуін халық асыға күтті.
Десек те, қаншама шара атқарылып жатса да, Қызылорда облысында індет өршіп барады. Бүгінде өңірдегі коронавирус жұқтырған азаматтар саны 104-ке жетті.
Адамдар жаздың жайдарлы күніндей көше кезіп жүр. Дамылсыз зуылдаған көліктер. Ерсілі-қарсылы адам. Елде карантин басталғалы 20 күннен асты, бірақ өңірде әлі тоқтау жоқ. Таксилер де үздіксіз ағылып жатыр. Мұндай жағдайда таксимен жолаушы тасуға кім рұқсат береді? «Сақтықта қорлық жоқ». Өңір неге сақтық шараларын ұстанбай отыр? Бейқамдықтың арқасында науқастар саны 104-ке жетті. Бұл анықталғаны ғана. Анықталмағаны қаншама?! Бір ғана Тасбөгет поселкесінде 30 мыңға жуық адам тұрады. Олардың өзі қалаға қарай ағылып жатыр. Қазір зейнетақыны да онлайн өтінішпен тапсырыс беруге болады. Соған қарамастан пошта бөлімшелері алдында ығы-жығы халық тұр. Таласа-тармаса ішке ұмтылады. Бәрінің де қалауы бір: 42 500 теңге алғысы келеді. Ол ақшаны да тиесілі азаматтарға жеткізіп береміз дегенмен, адамдар пошта бөлімшелеріне асығуда.
Қара су ішсе де балалардың амандығын ойлап, үйде отыруға болар еді. Алайда біз әлі де сақтық шараларын сақтамаймыз. Той-томалақты тоқтатқанымызбен, адамдар көп жиналатын орындардан қашқақтап отырған жоқпыз. Той-томалаққа қатысқан, сауда үйіне барған науқас әйелдің қанша адаммен байланыс жасағаны әлі де нақтылана түсуі тиіс. Әйтпесе, өңірде бұл індетті өршітіп аламыз. Қазір бізге керегі не? Денсаулық десек, онда үйде отырып, елден оқшауланған дұрыс. Сонда ғана қауіпті індетті ауыздықтай аламыз.
Миуа БАЙНАЗАРОВА,
Қызылорда облысы