Қарағанды облысының аумағында қар мол түскеніне қарамастан, елді мекендерді су басу қаупі жоқ. Облыс әкімдігі су тасқыны қаупі бар 174 елді мекен қатаң бақылауда деп хабарлады. Облыс аудандарында құтқару қызметінің алты тобы кезекшілік етуде.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша, биыл Қарағанды облысында жауын-шашын мөлшері нормадан бірнеше артық түсті. Бұл облыс тұрғындарының жыл сайын су тасқыны қаупінен зардап шегуіне әкеліп соғатын. Биыл құтқарушыларға көктемде ауа райының қолайлы болуы да септесті.
– Қазіргі уақытта мұздар еріді. Түнгі температура плюс, қар қарқынды еруде. Облыстың басым аумағында қар көп жауғанымен, өзен арнасымен ағып кетуде. Елді мекендер үшін қауіп жоқ. Су қоймалары мен өзендерге күнделікті мониторинг жүргізіледі, – деп хабарлады Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті.
Тапсырманы мүлтіксіз орындауға ауа райы да көмектесті: күндіз жылы, түнде салқын біртіндеп қар еріп, жер сіңіріп үлгерді. Сонымен қатар алдын алу бойынша үлкен жұмыс атқарылды, ТЖ қызметтері тәулік бойы жұмыс істеді. Қарды шығарды, мұзды жарды, су өткізу құрылғыларын тазалалады, қорғаныс құрылыстары нығайтылды. Жазғы уақытта өзен арналарын тазалап, қорғау біліктерін орнатып, оларды нығайту жұмысы жүргізілді.
Су тасқыны қаупі бар аймақтарда жұмыс үздіксіз жүргізілуде. Өңірдегі су тасқынына қатысты жағдай туралы облыс әкімінің орынбасары Ермағанбет Бөлекпаев және Төтенше жағдай департаментінің басшысы Ибрагим Күлшімбаев брифинг өткізді.
Құтқарушылар тікұшақпен облысты айналып өтіп, жағдайды бақылауда. Көктем шыққалы олар аймақты әуеден 5 рет бақылап шықты. Космомониторинг көмегімен аймақта қар жамылғысының ауданы қадағаланды. Облыстың негізгі су қоймаларында еріген су ағыны артты.
– Іске асырылып жатқан шаралардың арқасында су тасқыны кезеңі қалыпты өтіп жатыр. Бұл – аймақтағы өзендердің 18 учаскесінде мұзды жару, су қоймаларынан қадағаланатын төгінділер жүргізу, су өткізу құбырларын тазалау секілді жұмыстар. Біз теміржол және автомобиль жолдарында барлығы 4 900-ден астам құбырды тазаладық, – деді Төтенше жағдай департаментінің басшысы Ибрагим Күлшімбаев.
Ол Төтенше жағдай департаменті қажетті техникамен толық жабдықталғанын атап өтті. Жеке құрам гидрокостюммен, қорғаныш костюммен, бетпердемен, қолғаппен және газқағармен қамтылған.
Төтенше жағдай режиміне қарамастан, өңірде су тасқынына қарсы штаб тәулік бойы жұмыс істеп келеді. Оған Төтенше жағдай департаментінің, облыс әкімдігінің, басқармалар мен өңірлік қызметтің мамандары кіреді.
Қандай да бір елді мекен тұрғындарын көшіруге тура келсе, оны төтенше жағдай режиміне қарамастан хаттамаларға сәйкес көшіреді. Дегенмен су басу қаупі жоқ, – деді мамандар.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,Қарағанды облысы