Дүниеде қанша жан болса, сонша бір-біріне ұқсамайтын адамдар бар. Қилы-қилы тағдырлар. Бірінің пешенесіне бай болу, бақытты болу бұйырса, енді бірі «барға – қанағат, жоққа – сабыр» тілейді. Ал тұрғылықты жері жоқ, қаңғып жүргендер ше?
Барар жері, басар тауы жоқ
Сөйтсек, күн суыта бастағаннан орталық өз ішінде «Ұтқыр әлеуметтік патруль» жұмысын ұйымдастырады екен. Қаланың Алматы, Есіл, Сарыарқа аудандары бойынша полиция тірек пунктерімен бірлесіп жүзеге асырады.– «Барар жерім, басар тауым жоқ. Үй-күйім ол жоқ, далада қалдым» дегендер біздің орталыққа келеді. Адамның қиын жағдайға түскені түрінен-ақ белгілі ғой. Оның үстіне, осы жерде істеп, адамның өтірік-шынын түрінен танитын болдық. Әйтпесе, бізге келген адамдарды ортылықтың ережесімен таныстырамыз. 2019 жылдың қаңтарынан желтоқсан айына дейін 1342 адам қабылданды, – дейді ол.
Өтірік-шыны аралас
Жасыратын несі бар, бізді фотоаппаратпен көріп, бәрі орындарынан тұрып кетуге тырысып, бет-жүздерін көрсетпеуге тырысты. «Қал-жағдайын сұрастыра бастап едік, бір адам жауап беріп, сөйлесуге ілтипат білдірмеді. Біз де сол күйде шықтық. Әйелдер бөлмесіне барғанымызда, ондай тіксіну байқалмады. Бөлменің бергі шетінде отырған келіншектің сөйлесуге қарсы емесін көріп, «бұл жерге қашан, қалай келдіңіз?» дегенімізде, «Осы орталыққа 20 жасымда келдім. Арқалықтанмын. Ажырасып кеттім. Қызым бар, жасы 22-де» деп әңгімесін бастай жөнелді.43 жастағы келіншектің әңгімесінен «өтірік» айтып отырғанын байқап қалдық. Шошытып алмайын деген оймен «Балалық арманыңыз орындалды ма? Не тілеп едіңіз?» дегенге «Бала кезімде бастауыш сыныптың мұғалімі болғым келді. Сегіз жыл арнайы мектеп-интернатты оқыдым. 1988 жылы жол апатына түсіп, ота жасап, реанимациядан бірақ шықтым. Сөйтіп, мектепті бітіре алмай қалдым. Бастауыш сыныптық білімім ғана бар. Содан ештеңеге жарамсыз болып, психикалық ауытқушылық пайда болды», – деді ол.
Жақсы өмірге әркімнің-ақ бар таласы
Мекеме психологінің мәлімдеуінше, «Келушінің бәрі алғашқы сәтте ештеңе айтпайды. Айтса да, көбісі өтірік. Өтірік айту олардың қанына сіңіп кеткен. Оның үстіне 70-80 пайызы – өзін жоғалтқан адамдар». Бұл жерге түскендердің басым көпшілігі ішімдікке салынуынан, екіншісі – балалары мен немерелеріне керексіз қалуынан.– Жеке кәсіпорындарда жүк тасушы болдым. Әрине, арақ ішкенім рас. Бірақ бәрі ішімдіктен кесірінен деуге де болмайды. Ішімдікті ешкім қинап ауызыма құйған жоқ, өзімнен де бар. Өмірге адам болып келген соң, адам болып өту керек. Тым болмағанда сол адамдықты сақтағым келеді, – деген ол. – Қазір ішімдікті де, темекіне де тастадым. Келіншегім екеуміз пәтер жалдап тұрамыз. Оны осы жерде кездестірдім, бірге жұмыс істедік.
Сексеннен аса қызметкері бар мекеменің жалақысы да айтарлықтай жоғары емес екені бесенеден белгілі. Дегенмен, басшылық Динара Жанатқызынан «қызметкерлердің жалақысы қанша?» деген сұраққа «Жалақымыз аз, ал жүргізушілердікі – мүлдем төмен. Шынын айтсақ, біздің жалақымен өмір сүру қиын. Алайда, бұл жұмысты да біреу істеуі керек қой» деп күлімсіреп қойды.