Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтары аудио-визуалды көріністермен безендірілген классикалық музыка кешін тамашалады
– Әсел, жуырда ғана бас қаламызда «Классика жүректе!» атты жеке шығармашылық кешіңізді өткіздіңіз. Концерт беру туралы ой қалай туды?– Бұл кешім Жастар жылына арналып отыр. Осыған орай, жастар жағы көбірек келу үшін концертті ерекше форматта өткізуді жөн көрдім. Өз елімде жеке шығармашылық кешімді өткізу – мен үшін үлкен бақыт. Дайындықты 5-6 ай бұрын бастадық. Басты мақсатым – егемен еліміздегі талғампаз көрерменнің, жас буынның классикалық музыканың құдіретін сезінуіне ықпал ету.
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтары аудио-визуалды көріністермен безендірілген классикалық музыка кешін тамашалады. Орындауымдағы әлемдік классика жауһарлары қайталанбас видеоинсталяциялармен сүйемелденді. Концерттегі қызықты иллюстрацияларды Финляндиядан осы кешке арнайы келген жас суретші Мерле Карп әзірледі.
– Репертуарыңызда қандай шығармалар бар?
– Түрлі дәуір композиторларының шығармалары бар. Атап айтсам, К.Дебюсси, Ф.Лист, Н.Метнер, А.Нұркенова, А.Пьяцолла және С.Прокофьев. Сонымен қатар кеште түрлі халықаралық байқаулардың, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының, Тұңғыш Президенті қорының лауреаты, виолончелші Ермек Құрманаев өнер көрсетті.
– Лондондағы Корольдік академияның түлегісіз. Шетелде білім алуды бұрыннан армандадыңыз ба?
– 15 жасымнан Лондондағы музыка академиясында оқу арманым болды. Арманыма жету үшін «Болашақ» бағдарламасына құжат тапсырып, бақ сынап көрдім. Емтихандардан сүрінбей өтіп, тізімнен аты-жөнімді көргенде, өзімді ең бақытты адам сезіндім. Мен білім алған оқу орнында мықты музыканттар, профессорлар жұмыс істейді. Осылайша, шетелде төрт жыл білім алып, музыка саласында мол азық жинадым. Магистратураны Швейцарияда жалғастырдым.
– Осыған дейін Италия, Ұлыбритания, Германия, Швейцария және Францияда өнер көрсеттіңіз. Шетелдіктер классикалық музыканы қалай қабылдайды?
– Швейцарияда өткен концертіме көбіне қарт кісілер келеді. Италияда классикалық музыка кешіне көрермен көп жиналады. Үлкендер де, балалар да келеді. Өйткені ол жақта музыка ерте дамыған, тарихы әріде жатыр.
– Ал қазақстандық көрермен тарапынан қандай пікір естіп жүрсіз?
– Отандастарым классикалық музыканы жақсы қабылдайды. «Репертуарыңызда неге қазақша шығармалар аз?» деп сын айтып жатады. Осы олқылықтың орнын толтыруға барымды салып жатырмын. Қазан айында тағы концерт беремін. «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында өтеді. Сол концертімде тек қазақ композиторларының шығармаларын орындаймын.
– Концерттеріңізді ұйымдастырумен айналысатын мамандар бар шығар?
– Жеке агенттігім бар. Армения, Ұлыбритания, Қазақстанда – үш мемлекетте жұмыс істейді. Шетелде жұмыс істеп тұрған агенттігім тек менің концертімді ғана емес, сонымен қатар сол жақта өтетін түрлі фестиваль, заманауи музыка кешін ұйымдастырады.
– 15 жасыңызда алдыңызға нақты мақсат қойыпсыз. Классикалық музыкаға деген махаббатыңызды оятқан не нәрсе?
– Музыкасыз өмір сүре алмаймын. Музыка адам жанын емдейді. Жақсылыққа сеніп, тек алға қарай жүруге жетелейді. «Адамзатқа тән ерекше бір қасиет – өзін қоршаған дүниенің әсем сырларына үңілу, содан рухани нәр алу, өзінің нәзік сезімін образдар арқылы паш ету» деген ғой әл-Фараби бабамыз. Музыкадағы тылсым күш жүрек түкпіріне бойлағанда көңіл сарайыңа нұр төгіліп, қиялыңа қанат бітеді. Бала кезден классикалық музыканы тыңдағанда ерекше сезімге бөленіп, шабыттанатынмын.
Назарбаев университетінің кітапханасынан Қазақ ұлттық музыкасының майталманы, халық әуені нотасын қағаз бетіне алғаш түсірген музыкант-этнограф Александр Затаевичтің кітабын тауып алып, оқып, музыка әлеміне тереңірек бойлай түстім. Затаевич қазақ музыкасын зерттеу үшін талмай еңбек етті. Мәдениетімізді, өнерімізді дамытуға үлкен үлес қосты. Алда өтетін шығармашылық кешімде А.Затаевич жинаған композицияларды орындайтын боламын.
– Қандай арманыңыз бар?
– Көрерменімді әдемі дүниелеріммен қуанта бергім келеді. Қазақстанның атын бүкіл әлемге танытсам деймін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ