Кез келген жерге барғанда қандай көріністі көресіз? Қазір үйге келген мейман да, кафеде отырған адамдар да алақандарындағы ұялы телефонға үңіліп отырады. Баяғыдай шүйіркілесіп, өзара ортақ әңгіме айтып отыру далада қалды. Көптеген ата-ана балаларын тамақтандырған кезде олардың қолдарына гаджет ұстата салады. Телефон болмаса тамақ ішпейтін бала көп. Сонда не боп барамыз? Бір деректен «Қазақстанда 18 миллион адам болса, 24 миллион абонент тіркелген» дегенді көзіміз шалған. Шамамен алғанда ересек кісілер кем дегенде екі телефоннан ұстап жүр деген сөз ғой. Әрине, заман өзгерді. Ақпараттық толқынның астында қалдық. 15 жастан асқан Қазақстан тұрғындарының 70 пайызы әлеуметтік желіні қолданады екен. Facebook, YouTube, Twitter, VKontakte, Pinterest, Instagram сияқты әлеуметтік желілерде тіркеліп, күн сайын соған телміріп отырған бір адам. Еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшин мырза әлеуметтік желідегі жазбасында «Үш жасқа дейінгі баланы қоршаған ортамен және адамдармен өзара әрекет етуге: сенуге, қарым-қатынас орнатуға, өз сезімдерін білдіруге, өз күштеріне сенуге үйреткен маңызды. Ол үшін балаларды отбасы өміріне тарту, олармен сөйлесу, ойнау, серуендеу қажет. Сәбиді планшеттегі мультфильммен немесе смартфонмен алдау өте оңай, бірақ сол қажет пе? Бос уақыттың артық минуттарының бағасы тым үлкен. Әрбір құбылыс сияқты қазіргі заманғы технологиялардың айқын артықшылығы мен кемшіліктері бар. Гаджеттер, шын мәнінде, оларды дұрыс пайдаланбаса, баланың физикалық және психологиялық денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Алайда оларды уақытпен дұрыс және мөлшерлеп қолдану елеулі пайда әкелуі мүмкін» деп жазыпты. Мамандар пікірінше, ересек адам бір сағаттан артық компьютермен жұмыс істемеуі керек екен. Компьютердің алдында көп уақыт өткізетін адамдардың ең алдымен көзі құриды. Портативті құрылғылармен ойнайтын балалардың 30 пайызы семіздікке тез ұшырайды. Заманның жақсы құрылғыларының болғаны жақсы-ақ. Бірақ ұлт саулығын кім ойлайды? Технология жағынан әлемнің алдына түсіп отырған Жапония интернетті қолдануда балалар мен жасөспірімдерге белгілі бір шектеу қойған. Олар неге мұндай қадамға барып отыр? Балалар негізгі уақытты жақын адамдарының ортасында өткізуге тиіс. Қимыл ойындарын ойнап, таза ауада серуендеп, кітап оқуды өмірлік серік етуі қажет деп үйретеді. Жас өскін жастардың жүйкесі нашар: үлкендер бір жерге жұмсаса баруы, орындауы қиын; тез шаршағыш, еріншек, жауапкершіліктен қашуға бейім келеді; көздерінің көруі нашарлағанымен қоймай, өз ойын айтып жеткізе алмайтын халге жетті. Жапондардың үлгісімен бізге де кішкентайларды планшеттен белгілі бір уақытқа шектеу керек шығар?!.