Елімізде төтенше жағдай режимі басталғалы дәрігерлердің де жұмысы қауырт. Коронавирус дерті Қазақстанда тіркелген күннен бастап, дәрігерлер ауруханада күндіз-түні еңбек етіп жатыр. Осындай қиын кезеңде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерге қосымша үстемеақы төлеуді тапсырды. Ақ халаттылардың еңбегі, денсаулығы үшін мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмектің мақсаты – дәрігерлерді қолдау. Ақтөбе облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының инфекционист-дәрігері Гүлмира Қалмағанбетова коронавирусқа қарсы күресте әріптестерінің тынымсыз еңбегі жайында айтты.
– Ақтөбе облысында коронавирус дерегі тіркелгелі науқастар сауығып кетуі үшін күндіз-түні еңбек етіп жатырмыз. Дәрігерлерді қажетті қорғаныш киімдерімен толықтай қамтамасыз етті. Мемлекет тарапынан індетке шалдыққан науқастармен тікелей жұмыс істейтін дәрігерлерге үстемеақы төленді. Пандемия қауіпті болғандықтан, дәрігерлер үшін жатын орын, тұрмысқа қажетті барлық жағдай жасалған. Төтенше жағдай режимі енгізілгелі коронавирусқа шалдыққан науқастарға дер кезінде көмек көрсету үшін шұғыл әрекет еттік. 23 наурыздан 5 сәуірге дейін жұмыс істеп, қазір ауысыммен "Грейландта" демалып жатырмыз. Аурумен күрес дәрігерге де, науқасқа да оңай емес. Диагнозы ертерек анықталса, дәрігерлердің кеңесіне құлақ асып, уақытылы ем қабылдаса, індеттің де беті қайтады. 22 наурыздан бері үй бетін көрмей, күшейтілген режимде жұмыс істеуге көштік. Әрбір тұрғын төтенше жағдай талаптарын сақтап, қауіпсіздік шараларын ел үшін жасап жатқанын ескерсе екен. Дәрігерлер тәулік бойы халыққа көмектесуге әзір.