«Қандай дәрі ішіп емделгенімді білмеймін» – жамбылдық науқас коронавирустан қалай айыққанын айтты
«Қандай дәрі ішіп емделгенімді білмеймін» – жамбылдық науқас коронавирустан қалай айыққанын айтты
Фото ашық дереккөзден алынды
251
оқылды
Коронавирус – адамзат тарихындағы ең қауіпті індеттің бірі болып тұрғаны жасырын емес. Тәж тажалы тән таңдамайтынын, шекара деген сөздің шеңберімен де санаспайтынын анық аңғартты. Дәл қазір төрткүл әлем кеселмен өз пайымдарынша күресуде. Біреулер аурудың алдын алғанын айтса, енді екіншілер шарасыз күй кешуде. Ал еліміз сақтық шараларын дер кезінде қабылдап, қазір науқастардың бірқатарының беті бері қарады. Қауіпті індетті жеңіп шыққандардың қатарында жамбылдықтар да бар. Жуырда емханадан үйіне шығарылған Қордай ауданының тұрғынына арнай хабарласып, оқиғасын тыңдаған едік. – Қырғызстан мемлекетінің Бішкек қаласындағы жоғары оқу орнында оқимын. Індеттің тарала бастағанын естіген бойда білім ордасы бәрімізді кері қайтарды. Шекараға келген кезде медицина мамандары аты-жөнім мен мекенжайымды жазып алып, Тараз қаласынан арнайы тексерістен өтуім керектігін айтты. Алайда сол күні  ауылдағы үйіме барып, бір түнімді жақындарыммен өткіздім. Ертесіне мені медицина мамандары  үйімнен алып кетіп, «Бөбек» шипажайына апарып орналастырды. Сол жерде алынған сынамадан менің коронавирус жұқтырғаным анықталды. Дәрігерлер дереу әрекет етіп, мені облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырды. Шындығы керек, індет жұқтырғанымды алғаш естігенде бойымды қорқыныш биледі. Көз алдымнан бүкіл өмірім жүгіріп өткендей болды. Оған қоса, телеарнадан басқа елдерде ажал құшып жатқан жандардың  санын көріп, тіпті бұл дерттен емделе алмаймын деп ойладым. Алайда мені жұқпалы ауруханаға апара жатқанда жедел жәрдем көлігінің фельдшер маманы барынша жігерлендіріп, әлі жас екенімді, бұл ауруды жеңе алатындығыма сендірді. Ауруханада 14 күн бойы дәрігерлер қасымда болды. Бірі екпесін салса, енді екіншілері  әртүрлі әзіл әңгіме айтып, ойымызды жағымды жаңалықтармен шуақтандырып отырды. Таңертеңнен кешке дейін арнайы қорғаныш киімінде жүрген дәрігерлердің қара терге түсіп, арагідік көздері ілініп кетіп жатса да, қасымыздан бір елі қалмай жүргенін көріп басымды идім. Медбикелер болса, орнымыздан тұрғызбады. Тамағымызды қасымызға әкеліп беріп, басқа қажетілігіміздің барлығын орындады. Сол үшін медицина мамандарына мың алғыс айтамын. Ауруханадағы жағдайды  сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бір науқастарды ой мен уайым жеп  қойса, екіншілердің жүйкесі жұқарып, күйзеліске түсіп жатты. Тіпті дәрігерлерден шығаруын өтініп, көз жасын жасыра алмағандар да болды. Қасымда жатқан бір науқас балаларын сағынғанын айтып, күнде жүрегімізді ауыртты. Алайда дәрігерлер мұндай науқастарға барынша басу айтып, психологиялық тұрғыда көп қолдау білдірді. Күнде ішіп жатқан дәрінің атын да, затын да білмедік. Бірақ ақ халатты абзал жандарға сендік. Әрі өзімізді «індетті жеңе аламыз» деп күнде жігерлендірумен болдық. Әсіресе қасымызда жатқан бір қария адамның уайымнан ауыратындығы, егер адам өз-өзін індетке қарсы қойса, оның иммунитеті бәрін жеңіп шығатындығы туралы тағылымды әңгімелері толайым күш берді. Міне, осы сенімнің арқасында бүгін сауығып шығып отырмын. Бәрі бір  Алланың қолында. Ал Жаратқанның қалауымен  адамға дауа дарытатын ол – әрине дәрігерлер. Сондықтан барша жамбылдық медицина саласының мамандарына ерліктері үшін алғыс білдіргім келеді. Және аты жаман ауруға өңірімізде қарсы тұрар мамандар мен дәрі-дәрмектің барына қуанып отырмын. Ақ халатты абзал жандар қолынан келгенінің бәрін жасайды, алайда науқас та күйзеліске түсіп кетпей, оларға жәрдем қылса жеңілмейтін вирус жоқ екеніне көзім жетті. Біздің отбасымыз үшін бұл күндер артта қалды. Ал дәрігерлер ауруханада әрбір науқастың өмірі үшін күресті жалғастыруда. Сондықтан барша қазақстандықтарды ақ халатты абзал жандардың жұмысынан ілік іздемей, Жаратқанның жердегі жәрдемшілеріне қолдау білдіруге шақырамын.  Егер олар болмаса, біздің жағдайымыз не болары бір Аллаға аян!, – деп қандасымыз телефон тұтқасының арғы бетінен  көз жасын жасыра алмады. Иә, қаракөзіміздің ұстаны мен жігеріне тек сүйсінуге болады. Әлем елдерін тізерлеткен коронавирус тажалына қарсы төтеп беру сөзсіз ерлік. Ал бұл жолда кейіпкеріміздің жанынан табылып, демеген дәрігерлеріміздің қаһармандығы қандай мақтауға да лайық. Ендеше, ақ халатты абзал жандарымыз аман болсын деп тілейік! Себебі олар бар да, біздің де індетті жеңетіміз анық. Саятхан Сатылғанов, Жамбыл облысы