Пандемия әлемдегі кез келген елдің экономикасына соққы болып тиіп жатыр. Әлем елдері бар күшін тажал вирусының таралып кетуінің алдын алуға бағыттаған. Citigroup банк компаниясының бас экономисі Кэтрин Ман коронавирус індеті әлемдік экономикаға 5 триллион доллардан астам шығын келтіреді деген болжам жасады. Morgan Stanley банкінің сарапшылары болса, дамыған елдерде ІЖӨ көрсеткіші дағдарысқа дейінгі деңгейіне 2021 жылдың үшінші тоқсанында ғана оралатынын айтыпты. Бұл – алаңдауға негіз болар болжам. Әрине, кез келген төтенше жағдайдың экономикалық һәм әлеуметтік салдары болары белгілі. Мұндайда экономикалық байланысымыз алыстан тамыр тартатын көрші елдердің амандығы мен экономикасының тұрақты болғаны да маңызды.
Сол себепті көрші елдердің бүгінгі қиын кезеңнен шығу үшін қарастырған амалына көз салуды жөн көрдік. Байқағанымыз, көрші мемлекеттердің осы коронавирусқа қарсы қабылдаған әрекеті әртүрлі. Бұл әр мемлекеттің экономикалық мүмкіндігіне, мемлекет басшыларының қалыптасқан жағдайды бағалауына байланысты болса керек. Мысалы, Ресей Федерациясы әлі күнге төтенше жағдай жарияламай отыр. 8 сәуір күні жергілікті билік өкілдерімен онлайн жиын өткізген Ресей президенті В.Путин губернаторларға қажет болса, төтенше жағдай қабылдауға рұқсат берді. Бірақ ішкі-сыртқы жолаушылар қатынасын шектеп, қызмет көрсету саласының жұмысын тоқтатты. Студенттер мен оқушылар көктемгі каникулда осы айдың соңына дейін демалатын болды. Ал экономикалық шешімге келсек, бизнеске қосымша қолдау көрсету үшін сақтандыру жарнасы 6 айға шегерілгенін ғана білеміз. Себебі В.Путин әлгі онлайн жиналысында Үкімет пен Орталық банкке 15 сәуірде бизнесті қолдаудың қосымша бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Бәлкім, жергілікті бизнесті қолдау шарасы сол кезде нақтыланар.
Ал Қытай өзге елдер төтенше жағдай жариялап, карантин енгізіп жатқанда карантинге жабылған қалалардан карантинді алып тастады. Коронавирустың ошағы саналса да бұл ел экономиканы қолдауды осы жылдың ақпан айында ғана бастады. Мысалы, Қытай компанияларына салық жеңілдіктері жасалып, жеңілдетілген несиелер берілді, жеткізу қызметтері қосылған құн салығынан босатылды. Наурыз айының басында Қытай Халық банкі (Қытайдың Орталық банкі – ред.) елдегі банктерге шамамен 79 миллиард доллар құйды, сонымен қатар елдегі банктер үшін резервтік талаптарды азайтты. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Қытайдың мемлекеттік даму банкі 2 миллиард долларға арнайы облигациялар шығармақ ниетте, облигацияны сатудан түскен қаражат індет таралуына қарсы күреске жұмсалады.
Коронавирус туғызған дағдарысқа қарсы шара қабылдаған Қырғыз билігі республиканың бірнеше қаласы мен облысында төтенше жағдай енгізді. Төтенше жағдай енгізілген өңірлердегі азаматтардың құқығы мен міндетін анықтады. Яғни, төтенше жағдай кезінде жұмысшылар мен қызметкерлерді өз еркімен жұмыстан шығаруға тыйым салынды, нақты сенімді себебі болса ғана босатылады. Байланыс құралдарын пайдаланудың арнайы ережесін енгізген. Дипломатиялық қызмет көлігінен басқа көліктер қозғалысына тыйым салынды. Қырғыз Республикасының қаржылық мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, билік жеке және заңды тұлғалардың ерікті жарнасы мен қайырымдылығына мұқтаж, сол үшін есепшот ашты. Қаржы министрлігінің дерегінше, аталған шотқа 18 млн сомнан (215,5 мың доллар) астам қаржы жиналған.
Өзбекстан билігі коронавирустан қорғануға, отандық бизнесті қолдауға белді бекем буып кіріскен сияқты. Бұл елде Қаржы министрлігінің жанынан Дағдарысқа қарсы қор құрылды. Қорға 10 трлн сум аударылмақ. Қорға Өзбекстан мемлекеттік бюджетінен қаржы құйылады, сондай-ақ шығындарды оңтайландыру, халықаралық қаржы институттарынан жеңілдетілген несиелер алу және заңда тыйым салынбаған басқа көздерден қаржы тарту көзделген. Бұл ел отандық кәсіпкерлерге қандай көмек беріп жатыр? Биылғы 1 сәуірден 1 қазанға дейін жеке кәсіпкерлер әлеуметтік салықты ең төменгі мөлшерде төлейді. Алкоголь өнімдерін көтерме саудада сатудан түсетін төлемдерге салынатын салық 5-тен 3 пайызға дейін азайтылды. Тамақ бизнесінен алынатын алымдар белгіленген мөлшерден 25 пайызға төмендетілді. Ал туристік (қонақүй) салықты есептеу және төлеу 1 сәуірден 1 шілдеге дейін тоқтатылды. Ауыл шаруашылығы алқаптарын суару үшін салынатын салық мөлшерлемесі 50 пайызға азайтылды. Жеке тұлғалардың 2019 жылға арналған жылдық жиынтық табысы туралы декларацияны ұсыну 2020 жылдың 1 тамызына дейін ұзартылды.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ