Мұнайлы астанада инвестицилық даму сараланды
Мұнайлы астанада инвестицилық даму сараланды
426
оқылды

Атырауда Парламент Сенатының Қаржы және бюджет комитеті еліміздің инвестиция­лық климатының дамуы мәселесін талқылады. Сенаторлар мен жергілікті атқарушы органдар стратегиялық инвесторларды тарту және экономиканың басым бағыттарында «зәкірлі инвесторлармен» біріккен кәсіпорындар құру жөнінде пікірлерімен бөлісті. Мұнай-газ өндірісі шоғыр­ланған Атырау облысы әлемнің елуден аса елімен тығыз ынтымақта­суда. Басқосуда мұнайлы өңірде жүзден аса біріккен және шетел кәсіпорындары құрылып, өнімді жұмыс істеп жатқаны айтылды.

Мұнайлы өңірге Парламент Сенаты Қаржы және бюджет ко­митетінің төрағасы О.Перепечина бастаған Жоғарғы палата депу­тат­тары Е.Мұқаев, С.Еңсегенов, Д.Әділбеков, Ғ.Дүйсембаев, Н.Қы­лышбаев, С.Плотников, Б.Шел­пеков жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында «Инвестиция­лық ахуалды дамыту: өңдеуші өнеркәсіп саласына стратегиялық инвесторларды тарту және эко­номиканың басым секторларында «зәкірлі инвесторлармен» бір­лескен кәсіпорындар құру» тақы­рыбына арналған дөңгелек үстел отырысы өтті.

Шараға Сыртқы істер, Ұлттық экономика, Энергетика министр­ліктерінің, Ұлттық кәсіпкерлер па­латасының, Kazakh Invest ак­цио­нерлік қоғамының, «Астана» халықаралық кешенінің өкілдері және облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.

Еліміздің инвестициялық ахуалы жан-жақты сарапталып, алдағы қадамдар айтылған жиын­да Парламент Сенатының Қаржы және бюджет комитетінің төра­ғасы Ольга Перепечина сөз алды. Оның айтуынша,соңғы жыл­дары ин­вестициялық климат­ты жақ­сарту бойынша қабылданған ша­ралар­дың арқасында Қазақстан инвес­тициялық тартымдылығын арт­тырып, ғаламдық бәсекеге ­қа­білеттілік индексі мен Дүние­жү­зі­лік банктің Doing Business ­рей­тін­гіндегі көрсеткіштерін жақсартты.

– Бүгінгі күні инвестициялық климатты жақсарту бойынша проб­лемалық мәселелерді жою үшін Үкімет кәсіпкерлік саласын­да, соның ішінде салық саласында заңнамаларды жетілдіру мәселесін қарап жатыр. Бұл мәселені талқы­лауда Атырау облысын кездейсоқ таң­даған жоқпыз, бұл аймақ еліміз бойынша бәсекеге қабілеттілік рейтінгінде алдыңғы орында тұр, экономикалық даму қарқыны жо­ғары өңір, – деп атап өтті Ольга Перепечина.

Атырау облысы отандық ірі инвесторлар үшін де, шетелдік инвесторлар үшін де тартымды аймақ екені рас. Еліміздегі инвес­тиция көлемінің үштен бірі осы аймаққа тиесілі. Бұл әлем­нің елу­ден астам елімен ынты­мақ­тастық­та болып, шетел және бі­ріккен кәсіпорындардың құры­лып, жұмыс істеуімен байланысты. Атырау өңірінің еліміз бойынша инвестиция саласында көш бастап тұрғанының да негізгі себебі осы.

Атырау облыстық кәсіпкерлік және индустриялдық-инновация­лық даму басқармасы берген мә­ліметке сүйенсек, 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 110,3 пайызды құрады. Оның іш­ін­де, сыртқы инвестиция көлемі – 454,2 млрд теңге. 2018 жылы индус­триялық-инновациялық да­мытудың мемлекеттік бағдар­ламасы шеңберінде Кәсіпкерлікті қолдау картасы бойынша облыста 127 жұмыс орны ашылуымен 5,7 млрд теңгені құрайтын 5 ин­вестициялық жоба жүзеге асырыл­ды. Сонымен қатар ақпарат­тық-мониторингілік жүйесінде 2019-2025 жылдары құны 4,9 трлн теңге құрайтын 21 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Отандық және шетелдік инвес­торларға сапалы және жедел көмек көрсету мақсатында өңірде Kazah Invest ҰК АҚ, «Атырау» әлеу­мет­тік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ және Atyrau Innovations ЖШС қызмет атқарады.

Сондай-ақ Инвестициялар тарту және инвестициялық ахуал­ды жақсарту мақсатында әкім­діктің ресми порталында «Инвес­торлар үшін» деген арнайы бөлігі енгізіліп, тиісті ақпараттық толық­тыру үнемі жүргізіліп отырады.

Бұдан басқа, инвесторлардың қызметінде кездесетін күрделі проблемаларды талқы­лау және шешу мақсатында әкім­дік жа­нынан «Инвесторлар тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі» өңірлік кеңес құры­л­ған. Сайып кел­генде, Атырау өңі­рінің инвес­ти­циялық ахуалының тұрақты түр­де жақсы көрсеткіш­терге жетуі, жобаның тиянақты жүзеге асуын қадағалап ұйымдас­тыруды жолға қойған жергілікті әкімдіктің жұ­мысына байланысты екені осы жиында сөз болды.

Сыртқы істер министрлігі Ин­вестиция бойынша комитеті төра­ғасының орынбасары Лариса Жұмағалиеваның айтуынша, 2019 жылдың қаңтар-наурыз ай­ларында негізгі капиталдағы ин­вес­тиция мөлшері 7 пайызға ар­тып, 2,1 трлн теңге болды. Атырау облысында инвестиция осы уақыт аралығында 10,3 пайызға жоғары­лап, 1 трлн теңгеге жетті.

– Үкіметте жаңадан дайын­далып жатқан заң жобасы ел эко­номикасын дамытуға зор үлесін қосады деп сенеміз. Бұл заң жоба­сы елімізге шетелдік инвестор­ларды тартуға тиімді болады және отандық бизнесті дамытуға серпін береді. Сондықтан жаңа инвестор­ларды елімізге тартып, елімізде бұ­рыннан жұмыс істеп жатқан инвес­торлармен жұмысты жал­ғас­тыруда жаңа қадам жасауымыз керек. Біріккен және шетелдік инвесторлармен шоғыр­ланған Атырау облысында бүгінде шетелдік инвесторлардың қаты­суымен қолға алынған жобалар қатарында 11,4 млрд доллар со­ма­сындағы 7 жоба бар. Оның ішінде 4,7 млрд доллардың 4 жобасы жү­зеге асып жатыр. Ал 6,7 млрд дол­лар­дың 3 жобасы дайындалуда. Се­нат пен жергілікті әкімдіктің бір­лесіп ұйымдастырып отырған бүгінгі жиыны еліміздегі инвес­ти­ция көлемінің артуына септігін ти­гізетін ұсыныстар айтылуымен ма­ңызды, – деді Лариса Жұма­ғалиева.

Атырау облысының әкімі Нұр­лан Ноғаевтың айтуынша, бүгінде аймақ әлемнің 50 елімен байланыс орнатқан, бұл – 1000 компания деген сөз.

– Елбасының әр өңірдің мүм­кіндігін пайдалана отырып, эко­номиканы диверсификациялау туралы тапсырмасы бар. Атырау облысы өнеркәсіптік өндірісте көшбасшы, яғни республикалық көлемнің 25 пайызы – мұнайлы өңірдің еншісінде. Өңдеу өнер­кә­сібіне де көңіл бөліп отырмыз. Ауыл шаруашылығы, өңдеу өнер­кәсібі секілді басқа салаларға да инвестиция тартуға мүдделіміз, – деді Нұрлан Ноғаев.

– Елімізге инвестиция тарту­дың мол мүмкіндіктері бар. Ол бү­гінде еліміз бойынша инвести­цияда көш бастап тұрған Атырау өңірі бойынша да жақсы көрсет­кіш­ке ие болатыны сөзсіз. Басты­­сы – инвестициялық тартым­ды­лық. Инвестиция тарту жүйесі құ­рылды, – дейді Парламент ­Се­на­­тының депутаты Ғұмар Дүй­сембаев. – Премьер-Министр инвести­циялық омбудсмен болып таға­йын­далды. Индустрия және ин­фра­құрылымдық даму министр­лі­гінің Инвестиция комитеті Сырт­қы істер министрлігіне бе­рілді, өйткені инвестиция тартуда сырт­қы инвестициялардың үлесі көп. «Қазақинвест» акционерлік қо­ғамы құрылды, ол барлық жоба­лар­ды жинақтап, сапалы іске асуы­на жәрдемдеседі. Әрине, ішкі инвестициялар туралы да ұмытуға болмайды. Отандық бизнестің мүддесі экономиканың әртүрлі салаларын қамтып отыр. Мәселен ауыл шаруашылығы, мұнай-химия және өзге салалар бойынша. 2012-2016 жылдары «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына жаңа жобалар жасау үшін 13 млрд теңге бөлінді. Осы уақыт аралығында 35 жоба іске асты.

Мұнай-газ саласындағы «зә­кірлі жобалар» туралы Kazakh Invest ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Рустам Исатаев:

– Бүгінде компанияның ақпа­раттық-мониторинг жүйесінде шетелдік инвесторлардың қаты­суымен 157 жоба бар, жалпы со­масы 40 млрд доллар. Сонымен қатар келіссөздер басталған басқа да инвесторлардың тізімі жасалды. Мұндай жобалар саны – 123. Бұл жерде Үндістан, Түркия, Катар ел­дерінің белсенділік танытып отыр­ғанын атап өтуіміз керек, – деді.

Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов мұнай-химия сала­сындағы ірі жобаларға тоқталды. Ол – полипропилен және полиэ­ти­лен өндіру кешені. Полиэтилен жобасының стратегиялық се­рік­тесі – Borealis компаниясы. Қазіргі уақытта жобалық құжат­тамасы дайындалып жатыр. Құрылыс 2021 жылы басталады.

– Инвесторлардың жобаға кі­руінің басты шарты – Үкіметара­лық келісімге қол қою екенін атап өткім келеді. Келісімде мемле­кеттік қолдау шаралары, префе­ренциялар, инвестицияны қорғау заңнамасының тұрақты­лы­ғы, инвесторлардың басқа да та­лап­тары көрсетілуі тиіс, – деді Әсет Мағауов.

ТШО компаниясы мен NCOC консорциумының мұнай-газ жобаларының ірі инвесторлары талқыланған мәселеге үн қосып, ұсыныстарын ортаға салды.

Атырау облысының әкімі Нұр­лан Ноғаев өзекті мәселенің уа­қытылы көтеріліп отырғанын атап өтті. Әсіресе, балық шаруашылығы саласы, шетелдік компаниялардың қатысы бар ірі жобаларды жүзеге асыруға шетелдік мамандарды тарту, жергілікті компаниялардың үлесі секілді мәселелер күн тәр­тібінде тұр.

– Заңнамаға енгізілуі мүмкін өзгертулер нәтижесін берері сөз­сіз, – деді Нұрлан Ноғаев.

Дөңгелек үстелде өткен басқо­суда айтылған ұсыныстарды жүзеге асыру үшін Үкіметке жіберілетін ұсынымдар жобасы әзірленді.

Жиналыс соңында Қаржы жә­не бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина Атыраудағы басқосу инвесторлар үшін заңна­маның тұрақтылығы, валюталық тәуекелді сақтандыру механизмі, салықтық құқықбұзушылықтағы кемсітушілік мәселесіне қатысты инвестициялық климатты жетіл­діру бойынша ұсыныстарды алуға мүмкіндік бергенін атап өтті.

– Барлық ұсыныстар қаперге алынып, іс жүзінде жүзеге асуы үшін Үкіметке жолданады, – деп қортындылады Ольга Перепечина.

Елімізге инвестиция тарту мә­селесінің мұнай-газ өндірісті ай­мақта талқылануы осы аймақ­тағы шетелдік және біріккен ин­вес­тор­лар арасындағы ынты­мақ­тастықты нығайтып, жаңашыл­дық­қа бет бұруға ықпал етеріне сенеміз.

 

Атырау облысы