Атырауда Парламент Сенатының Қаржы және бюджет комитеті еліміздің инвестициялық климатының дамуы мәселесін талқылады. Сенаторлар мен жергілікті атқарушы органдар стратегиялық инвесторларды тарту және экономиканың басым бағыттарында «зәкірлі инвесторлармен» біріккен кәсіпорындар құру жөнінде пікірлерімен бөлісті. Мұнай-газ өндірісі шоғырланған Атырау облысы әлемнің елуден аса елімен тығыз ынтымақтасуда. Басқосуда мұнайлы өңірде жүзден аса біріккен және шетел кәсіпорындары құрылып, өнімді жұмыс істеп жатқаны айтылды.
Мұнайлы өңірге Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы О.Перепечина бастаған Жоғарғы палата депутаттары Е.Мұқаев, С.Еңсегенов, Д.Әділбеков, Ғ.Дүйсембаев, Н.Қылышбаев, С.Плотников, Б.Шелпеков жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында «Инвестициялық ахуалды дамыту: өңдеуші өнеркәсіп саласына стратегиялық инвесторларды тарту және экономиканың басым секторларында «зәкірлі инвесторлармен» бірлескен кәсіпорындар құру» тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысы өтті.
Шараға Сыртқы істер, Ұлттық экономика, Энергетика министрліктерінің, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Kazakh Invest акционерлік қоғамының, «Астана» халықаралық кешенінің өкілдері және облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.
Еліміздің инвестициялық ахуалы жан-жақты сарапталып, алдағы қадамдар айтылған жиында Парламент Сенатының Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина сөз алды. Оның айтуынша,соңғы жылдары инвестициялық климатты жақсарту бойынша қабылданған шаралардың арқасында Қазақстан инвестициялық тартымдылығын арттырып, ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексі мен Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтінгіндегі көрсеткіштерін жақсартты.
– Бүгінгі күні инвестициялық климатты жақсарту бойынша проблемалық мәселелерді жою үшін Үкімет кәсіпкерлік саласында, соның ішінде салық саласында заңнамаларды жетілдіру мәселесін қарап жатыр. Бұл мәселені талқылауда Атырау облысын кездейсоқ таңдаған жоқпыз, бұл аймақ еліміз бойынша бәсекеге қабілеттілік рейтінгінде алдыңғы орында тұр, экономикалық даму қарқыны жоғары өңір, – деп атап өтті Ольга Перепечина.
Атырау облысы отандық ірі инвесторлар үшін де, шетелдік инвесторлар үшін де тартымды аймақ екені рас. Еліміздегі инвестиция көлемінің үштен бірі осы аймаққа тиесілі. Бұл әлемнің елуден астам елімен ынтымақтастықта болып, шетел және біріккен кәсіпорындардың құрылып, жұмыс істеуімен байланысты. Атырау өңірінің еліміз бойынша инвестиция саласында көш бастап тұрғанының да негізгі себебі осы.
Атырау облыстық кәсіпкерлік және индустриялдық-инновациялық даму басқармасы берген мәліметке сүйенсек, 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 110,3 пайызды құрады. Оның ішінде, сыртқы инвестиция көлемі – 454,2 млрд теңге. 2018 жылы индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Кәсіпкерлікті қолдау картасы бойынша облыста 127 жұмыс орны ашылуымен 5,7 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Сонымен қатар ақпараттық-мониторингілік жүйесінде 2019-2025 жылдары құны 4,9 трлн теңге құрайтын 21 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Отандық және шетелдік инвесторларға сапалы және жедел көмек көрсету мақсатында өңірде Kazah Invest ҰК АҚ, «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ және Atyrau Innovations ЖШС қызмет атқарады.
Сондай-ақ Инвестициялар тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында әкімдіктің ресми порталында «Инвесторлар үшін» деген арнайы бөлігі енгізіліп, тиісті ақпараттық толықтыру үнемі жүргізіліп отырады.
Бұдан басқа, инвесторлардың қызметінде кездесетін күрделі проблемаларды талқылау және шешу мақсатында әкімдік жанынан «Инвесторлар тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі» өңірлік кеңес құрылған. Сайып келгенде, Атырау өңірінің инвестициялық ахуалының тұрақты түрде жақсы көрсеткіштерге жетуі, жобаның тиянақты жүзеге асуын қадағалап ұйымдастыруды жолға қойған жергілікті әкімдіктің жұмысына байланысты екені осы жиында сөз болды.
Сыртқы істер министрлігі Инвестиция бойынша комитеті төрағасының орынбасары Лариса Жұмағалиеваның айтуынша, 2019 жылдың қаңтар-наурыз айларында негізгі капиталдағы инвестиция мөлшері 7 пайызға артып, 2,1 трлн теңге болды. Атырау облысында инвестиция осы уақыт аралығында 10,3 пайызға жоғарылап, 1 трлн теңгеге жетті.
– Үкіметте жаңадан дайындалып жатқан заң жобасы ел экономикасын дамытуға зор үлесін қосады деп сенеміз. Бұл заң жобасы елімізге шетелдік инвесторларды тартуға тиімді болады және отандық бизнесті дамытуға серпін береді. Сондықтан жаңа инвесторларды елімізге тартып, елімізде бұрыннан жұмыс істеп жатқан инвесторлармен жұмысты жалғастыруда жаңа қадам жасауымыз керек. Біріккен және шетелдік инвесторлармен шоғырланған Атырау облысында бүгінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен қолға алынған жобалар қатарында 11,4 млрд доллар сомасындағы 7 жоба бар. Оның ішінде 4,7 млрд доллардың 4 жобасы жүзеге асып жатыр. Ал 6,7 млрд доллардың 3 жобасы дайындалуда. Сенат пен жергілікті әкімдіктің бірлесіп ұйымдастырып отырған бүгінгі жиыны еліміздегі инвестиция көлемінің артуына септігін тигізетін ұсыныстар айтылуымен маңызды, – деді Лариса Жұмағалиева.
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, бүгінде аймақ әлемнің 50 елімен байланыс орнатқан, бұл – 1000 компания деген сөз.
– Елбасының әр өңірдің мүмкіндігін пайдалана отырып, экономиканы диверсификациялау туралы тапсырмасы бар. Атырау облысы өнеркәсіптік өндірісте көшбасшы, яғни республикалық көлемнің 25 пайызы – мұнайлы өңірдің еншісінде. Өңдеу өнеркәсібіне де көңіл бөліп отырмыз. Ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі секілді басқа салаларға да инвестиция тартуға мүдделіміз, – деді Нұрлан Ноғаев.
– Елімізге инвестиция тартудың мол мүмкіндіктері бар. Ол бүгінде еліміз бойынша инвестицияда көш бастап тұрған Атырау өңірі бойынша да жақсы көрсеткішке ие болатыны сөзсіз. Бастысы – инвестициялық тартымдылық. Инвестиция тарту жүйесі құрылды, – дейді Парламент Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев. – Премьер-Министр инвестициялық омбудсмен болып тағайындалды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Инвестиция комитеті Сыртқы істер министрлігіне берілді, өйткені инвестиция тартуда сыртқы инвестициялардың үлесі көп. «Қазақинвест» акционерлік қоғамы құрылды, ол барлық жобаларды жинақтап, сапалы іске асуына жәрдемдеседі. Әрине, ішкі инвестициялар туралы да ұмытуға болмайды. Отандық бизнестің мүддесі экономиканың әртүрлі салаларын қамтып отыр. Мәселен ауыл шаруашылығы, мұнай-химия және өзге салалар бойынша. 2012-2016 жылдары «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына жаңа жобалар жасау үшін 13 млрд теңге бөлінді. Осы уақыт аралығында 35 жоба іске асты.
Мұнай-газ саласындағы «зәкірлі жобалар» туралы Kazakh Invest ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Рустам Исатаев:
– Бүгінде компанияның ақпараттық-мониторинг жүйесінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен 157 жоба бар, жалпы сомасы 40 млрд доллар. Сонымен қатар келіссөздер басталған басқа да инвесторлардың тізімі жасалды. Мұндай жобалар саны – 123. Бұл жерде Үндістан, Түркия, Катар елдерінің белсенділік танытып отырғанын атап өтуіміз керек, – деді.
Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов мұнай-химия саласындағы ірі жобаларға тоқталды. Ол – полипропилен және полиэтилен өндіру кешені. Полиэтилен жобасының стратегиялық серіктесі – Borealis компаниясы. Қазіргі уақытта жобалық құжаттамасы дайындалып жатыр. Құрылыс 2021 жылы басталады.
– Инвесторлардың жобаға кіруінің басты шарты – Үкіметаралық келісімге қол қою екенін атап өткім келеді. Келісімде мемлекеттік қолдау шаралары, преференциялар, инвестицияны қорғау заңнамасының тұрақтылығы, инвесторлардың басқа да талаптары көрсетілуі тиіс, – деді Әсет Мағауов.
ТШО компаниясы мен NCOC консорциумының мұнай-газ жобаларының ірі инвесторлары талқыланған мәселеге үн қосып, ұсыныстарын ортаға салды.
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өзекті мәселенің уақытылы көтеріліп отырғанын атап өтті. Әсіресе, балық шаруашылығы саласы, шетелдік компаниялардың қатысы бар ірі жобаларды жүзеге асыруға шетелдік мамандарды тарту, жергілікті компаниялардың үлесі секілді мәселелер күн тәртібінде тұр.
– Заңнамаға енгізілуі мүмкін өзгертулер нәтижесін берері сөзсіз, – деді Нұрлан Ноғаев.
Дөңгелек үстелде өткен басқосуда айтылған ұсыныстарды жүзеге асыру үшін Үкіметке жіберілетін ұсынымдар жобасы әзірленді.
Жиналыс соңында Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина Атыраудағы басқосу инвесторлар үшін заңнаманың тұрақтылығы, валюталық тәуекелді сақтандыру механизмі, салықтық құқықбұзушылықтағы кемсітушілік мәселесіне қатысты инвестициялық климатты жетілдіру бойынша ұсыныстарды алуға мүмкіндік бергенін атап өтті.
– Барлық ұсыныстар қаперге алынып, іс жүзінде жүзеге асуы үшін Үкіметке жолданады, – деп қортындылады Ольга Перепечина.
Елімізге инвестиция тарту мәселесінің мұнай-газ өндірісті аймақта талқылануы осы аймақтағы шетелдік және біріккен инвесторлар арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, жаңашылдыққа бет бұруға ықпал етеріне сенеміз.
Атырау облысы