Дәрігерлерге үстемеақы толық беріле ме?
Дәрігерлерге үстемеақы толық беріле ме?
322
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыр­ма­­сына сәйкес, мемлекеттік комиссия эпидемияға қарсы іс-ша­ралар­ға тартылған медицина қызметкерлерінің ең­бе­кақы­сына ай сайынғы үстемеақы  белгілеу туралы ше­шім­ді бекіткен еді. Шешім бойынша төлемдер ко­ро­н­авирусты жұқтыру қаупі бар үш топқа 3 ай ішінде жүргізіледі. Олар: «қауіп­тілігі аса жоғары» – жансақ­тау бөлімшелерін қоса алғанда, ин­фекциялық стационарлардың дә­рігерлері, орта және кіші ме­ди­ци­на қызметкерлері. Үстемеақы 20 ең төменгі жалақыны құрайды, яғ­ни ең төменгі мөлшері – 850 мың тең­ге. «Қауіптілігі жоғары» – про­ви­­­зорлық стационарлар мен жедел жәр­дем дәрігерлері, орта және кіші ме­­дицина қызметкерлері. Үс­те­меа­қы 10 ең төменгі жалақы – 425 мың теңге. «Қауіптілігі орташа» – ка­рантиндік стационарлардағы дә­рігерлер, орта және кіші ме­ди­ци­на қызметкерлері, сани­тарлық дә­рігерлер (мемлекеттік қызмет­кер­лер), жедел жәрдем жүргізу-­ші­лері және т.б. Үстемеақы 5 ең тө­мен­гі жалақы – 212, 5 мың тең­ге.  

Ешқайсысы да үстемеақысыз қалмайды

Сонымен алғашқы үстемеақыға қол жеткізгендер де бар. Алматыда коронавирусқа қарсы күреске тартылған медицина қызметкерлері алғашқы үстемеақы төлемдерін ала басталды. Жалпы алғанда, 1 тәуекел тобына 555 қызметкер, төлем со­масы – 375,1 млн теңге, 2 тәуекел тобына – 2 283 қызметкерге, төлем сомасы – 569,9 млн теңге, 3 тәуекел тобына – 874 қызметкерге, төлем сомасы 118,3 млн теңге берілді. Бұл санаттар туралы БАҚ-та егжей-тег­жейлі айтылуда. Қазір көпшіліктің көңілін күпті еткен үстемеақы төлеу мәселесі бір жүйеге келген сыңайлы. «Әлеуметтік медициналық сақтан­дыру қоры» ҰАҚ Алматы қалалық филиалы директоры Нұрлыбек Қаб­дығапаровтың айтуынша, ко­ронавирус инфекциясымен ша­һар­дағы 15 денсаулық сақтау мекемесі жұмыс жүргізіп жатыр. Ал Мемлекет басшысының тап­сырмасына сай эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерінің еңбекақысына үстемелер қосу үшін Атырау облы­сында 288,7 млн теңге бөлінген. Бұл үстемені қазір 350-ден астам дәрігер алды. Атырау облыстық №2 ауруха­насына Атырау қаласында алғашқы науқас анықталған күннен бері да­мыл көрмей, еңбек етіп жүрген мед­бике Айсұлу Масалимова: «Ко­ро­на­вирус індетінің қауіптілігіне сәйкес, ауруханамызда науқастар мен емдеу­ші дәрігерлер үшін бар­лық жағдай жасалған. Емдеуші дә­рігер­лерден бастап, медбике қызме­тін атқарушы біздің өзімізді арнайы қорғаныс киімдерімен жеткілікті қам­тамасыз етті. Біздің қауіпті жағ­дай­да еңбек етіп жатқанымызды ес­керіп, жала­қымызға үстемеақы төлеп, ынталан­дырып отырған Үкі­метке ризамыз. Біз өз міндетімізді адал атқарып, індетпен жеңіске жет­кенше күресіп, науқастарды ем­деуге бар тәжіри­бемізді жұмсайтын боламыз» дейді. Ақтөбе облысында да жағдай қалыпты. Дәрігерлерді күпті еткен мәселе оң шешімін тауып жатыр. Облыстық Денсаулық сақтау бас­қармасы басшысы Әсет Асқарұлына қоңырау шалдық. «Мемлекет бас­шысының тапсырмасына сәйкес дә­рігерлер өздеріне тиесілі үсте­меақыға толығымен қол жеткізді. «Үстемеақы алмай қалдық» деген мәселелер туындап жатқан жоқ. Барлық ақпарат басқарма сайтында ашық көрсетілген» дейді.  

Дәрігердің алғысы шексіз

Ал Қызылорда облысында ко­ронавирус инфекциясын жұқтырған қызылордалық мейірбике қазіргі таңда жұқпалы аурулар бөлімінде емін алуда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бел­гіленген көмекті көрсететін болады. Одан бөлек, 1 тәуекел тобына 35 адам кіреді. Оларға қосымша 5,7 миллион теңге бөлінген. Ал екінші санаттағы 161 медицина қызмет­ке­рі­не бөлінетін үстемеақы мөлшері – 20,5 млн теңге. Ал 3 санаттағы 179 адам қосымша 7,9 млн теңге алды. Оған Қазалы, Шиелі, Жаңақорған ауданаралық ауруханалар, об­лыс­тық медициналық жедел жәрдем стан­сасы, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы, облыстық фтизио­пуль­монологиялық орта­лығы кіреді.    width= Сондай-ақ Ақмола облысы про­визорлық стационар медбикесі Ләззат Белялова екінші топқа, яғни «қауіптілігі жоғары» тобына кіреді. Ол өзінің үстемеақы алғанын, қазір карантинде болғандықтан, әлі тексеріп көрмегенін айтты. «Үсте­меақы түсті деп, ұялы телефоныма хабарлама келді. Дәрігерлердің қызметін бағалап, осылай көмек көрсетіп жатқаны үшін алғыс айта­мын» дейді. Ал Жамбыл облысы бойынша COVID-19 инфекциясымен күресіп жатқан дәрігерлерге үстемеақы бе­ріле бастады. 270 медицина қызмет­кері үстемеақыға ие болды. Олардың ішінде 40 дәрігер, 129 орта медицина қызметкерлері, 89 кіші медицина қызметкерлері және 12 жедел жәр­дем жүргізушісі бар. Бірінші топқа, яғни «қауіптілігі аса жоғары» са­натқа кірген 28 медицина қыз­мет­керлері, екінші санатқа кіретін 37 дәрігер, 3 санаттағы 205 медицина қызметкерлеріне арнайы үстемеақы берілді. Жамбыл облыстық жұқпалы аурулар бөлімінің 4 ішек аурулар бөлімшесінің меңгерушісі Лиза Тұрғанова: «Дәрігерлерге белгі­лен­ген үстемеақыны алып, қуанышым қойныма сыймай отыр. Бұл біздің адал еңбегімізге беріліп отырған әділ баға деп білемін. Үкімет тара­пынан көрсетілген мұндай қолдау жұмысымызға жігер беріп, қауіпті індетпен күресте әріптестеріме күш береді деп сенемін» дейді. Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы жұқтыру қаупі топтарына сәйкес COVID-19 коро­навирусымен күресу бойынша эпи­демияға қарсы іс-шараларға қаты­сатын медицина қызметкер­лерінің тізімін жергілікті медициналық мекемелердің ұсынысы бойынша қарастырды. Осы мақсатта респуб­ликалық бюджеттен бөлінген қара­жаттан денсаулық сақтау ұйымда­рының 1 448 қызметкеріне, оның ішінде 205 дәрігердің, 882 орта ме­дициналық қызметкердің, 361 кіші медициналық қызметкердің еңбек­ақысына үстемақы төленді. Соны­мен бірге облыс әкімінің қаулысын орындау үшін жергілікті бюджеттен 1 023 медицина қызметкеріне, оның ішінде 178 дәрігерге, 528 орта меди­циналық қызметкерге, 317 кіші ме­дициналық қызметкерге сыйақы беруге де қосымша қаражат қарас­тырылды.  

Сақтандыру төлемі қалай төленеді?

Біз бұл сауалды Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріпке қойдық. – Әлеуметтік желіде дәрігер­дің дерт жұқтыруына байланысты әртүрлі алыпқашпа сөздер көп. Тіпті «сақтандыру төлемін алу үшін дерт жұқтырып жатыр» деушілер де бар. Сонымен сақтандыру төлемі кімге беріледі? – Мұндай пікірлер біздің де құ­лағымызға жетіп жатыр. Яғни, дә­рігер 2 миллион алу үшін осындай қадамдарға баруы мүмкін деседі. Жалпы, бұл миллиондар кімге тие­сілі? Ол инфекциялық ауруханада коронавирус жұқтырған адамдармен тікелей жұмыс істеп жатқан дәрі­герлерге беріледі. Ал егер дәрігер сыртта жүріп, біреуден жұқтырып алатын болса, оған бұл ақша тиесілі емес. Президент қаулысына сәйкес, 2 миллионды тек қана инфекция­лық ауруханада күні-түні науқас­тарды аман сақтап қалу үшін кү­ресемін деп, дерт жұқтырып алған дәрігерлер ғана алады. Қазір COVID-19 инфекциясын жұқтырған медицина қызметкерлері еліміздің 13 аймағынан тіркелді. Қазір 74 ме­дицина қызметкері дерт жұқтырған. Олардың 20-сы Нұр-Сұлтанның ка­рантин орталығында, провизор­лық стационарда 10 дәрігер, ин­фекциялық ауруханаларда 44 дә­рігер бар. Ішінде бір дәрігердің жағдайы ауыр болып тұр. Құдай сақтасын, дәрігер бұл дертті көтере алмай, көз жұмса, оның отбасына 10 миллион беріледі. Егер бұл дерттің қиынды­ғын түсінсе, соның басы-қасында жүрсе, мұндай қадамға бара қой­майды. Сондықтан тағы да қай­­талап айтамын, коронавирус дер­ті – ойын­шық емес. Ойнап-күліп, жа­зылып шығады деп те айтуға бол­майды. Олар адам өмірін ара­шалап қалу үшін жанталасуда. Инфек­циялық ауруханада дәрі­герлер де, медбикелер де күндіз-түні еңбек етіп жатыр. Қанша қорғаныс киімін кигенімен, бұл ауа арқылы тарайтын індет болған­дықтан, жүз пайыз ешкім кепілдік бере алмайды.  

Гүлшаһар БЕКЗАТ