Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік комиссия эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерінің еңбекақысына ай сайынғы үстемеақы белгілеу туралы шешімді бекіткен еді. Шешім бойынша төлемдер коронавирусты жұқтыру қаупі бар үш топқа 3 ай ішінде жүргізіледі. Олар: «қауіптілігі аса жоғары» – жансақтау бөлімшелерін қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үстемеақы 20 ең төменгі жалақыны құрайды, яғни ең төменгі мөлшері – 850 мың теңге. «Қауіптілігі жоғары» – провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үстемеақы 10 ең төменгі жалақы – 425 мың теңге. «Қауіптілігі орташа» – карантиндік стационарлардағы дәрігерлер, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер (мемлекеттік қызметкерлер), жедел жәрдем жүргізу-шілері және т.б. Үстемеақы 5 ең төменгі жалақы – 212, 5 мың теңге.
Ешқайсысы да үстемеақысыз қалмайды
Сонымен алғашқы үстемеақыға қол жеткізгендер де бар. Алматыда коронавирусқа қарсы күреске тартылған медицина қызметкерлері алғашқы үстемеақы төлемдерін ала басталды. Жалпы алғанда, 1 тәуекел тобына 555 қызметкер, төлем сомасы – 375,1 млн теңге, 2 тәуекел тобына – 2 283 қызметкерге, төлем сомасы – 569,9 млн теңге, 3 тәуекел тобына – 874 қызметкерге, төлем сомасы 118,3 млн теңге берілді. Бұл санаттар туралы БАҚ-та егжей-тегжейлі айтылуда. Қазір көпшіліктің көңілін күпті еткен үстемеақы төлеу мәселесі бір жүйеге келген сыңайлы. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҰАҚ Алматы қалалық филиалы директоры Нұрлыбек Қабдығапаровтың айтуынша, коронавирус инфекциясымен шаһардағы 15 денсаулық сақтау мекемесі жұмыс жүргізіп жатыр. Ал Мемлекет басшысының тапсырмасына сай эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерінің еңбекақысына үстемелер қосу үшін Атырау облысында 288,7 млн теңге бөлінген. Бұл үстемені қазір 350-ден астам дәрігер алды. Атырау облыстық №2 ауруханасына Атырау қаласында алғашқы науқас анықталған күннен бері дамыл көрмей, еңбек етіп жүрген медбике Айсұлу Масалимова: «Коронавирус індетінің қауіптілігіне сәйкес, ауруханамызда науқастар мен емдеуші дәрігерлер үшін барлық жағдай жасалған. Емдеуші дәрігерлерден бастап, медбике қызметін атқарушы біздің өзімізді арнайы қорғаныс киімдерімен жеткілікті қамтамасыз етті. Біздің қауіпті жағдайда еңбек етіп жатқанымызды ескеріп, жалақымызға үстемеақы төлеп, ынталандырып отырған Үкіметке ризамыз. Біз өз міндетімізді адал атқарып, індетпен жеңіске жеткенше күресіп, науқастарды емдеуге бар тәжірибемізді жұмсайтын боламыз» дейді. Ақтөбе облысында да жағдай қалыпты. Дәрігерлерді күпті еткен мәселе оң шешімін тауып жатыр. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысы Әсет Асқарұлына қоңырау шалдық. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес дәрігерлер өздеріне тиесілі үстемеақыға толығымен қол жеткізді. «Үстемеақы алмай қалдық» деген мәселелер туындап жатқан жоқ. Барлық ақпарат басқарма сайтында ашық көрсетілген» дейді.Дәрігердің алғысы шексіз
Ал Қызылорда облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған қызылордалық мейірбике қазіргі таңда жұқпалы аурулар бөлімінде емін алуда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі белгіленген көмекті көрсететін болады. Одан бөлек, 1 тәуекел тобына 35 адам кіреді. Оларға қосымша 5,7 миллион теңге бөлінген. Ал екінші санаттағы 161 медицина қызметкеріне бөлінетін үстемеақы мөлшері – 20,5 млн теңге. Ал 3 санаттағы 179 адам қосымша 7,9 млн теңге алды. Оған Қазалы, Шиелі, Жаңақорған ауданаралық ауруханалар, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы, облыстық фтизиопульмонологиялық орталығы кіреді.Сақтандыру төлемі қалай төленеді?
Біз бұл сауалды Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріпке қойдық. – Әлеуметтік желіде дәрігердің дерт жұқтыруына байланысты әртүрлі алыпқашпа сөздер көп. Тіпті «сақтандыру төлемін алу үшін дерт жұқтырып жатыр» деушілер де бар. Сонымен сақтандыру төлемі кімге беріледі? – Мұндай пікірлер біздің де құлағымызға жетіп жатыр. Яғни, дәрігер 2 миллион алу үшін осындай қадамдарға баруы мүмкін деседі. Жалпы, бұл миллиондар кімге тиесілі? Ол инфекциялық ауруханада коронавирус жұқтырған адамдармен тікелей жұмыс істеп жатқан дәрігерлерге беріледі. Ал егер дәрігер сыртта жүріп, біреуден жұқтырып алатын болса, оған бұл ақша тиесілі емес. Президент қаулысына сәйкес, 2 миллионды тек қана инфекциялық ауруханада күні-түні науқастарды аман сақтап қалу үшін күресемін деп, дерт жұқтырып алған дәрігерлер ғана алады. Қазір COVID-19 инфекциясын жұқтырған медицина қызметкерлері еліміздің 13 аймағынан тіркелді. Қазір 74 медицина қызметкері дерт жұқтырған. Олардың 20-сы Нұр-Сұлтанның карантин орталығында, провизорлық стационарда 10 дәрігер, инфекциялық ауруханаларда 44 дәрігер бар. Ішінде бір дәрігердің жағдайы ауыр болып тұр. Құдай сақтасын, дәрігер бұл дертті көтере алмай, көз жұмса, оның отбасына 10 миллион беріледі. Егер бұл дерттің қиындығын түсінсе, соның басы-қасында жүрсе, мұндай қадамға бара қоймайды. Сондықтан тағы да қайталап айтамын, коронавирус дерті – ойыншық емес. Ойнап-күліп, жазылып шығады деп те айтуға болмайды. Олар адам өмірін арашалап қалу үшін жанталасуда. Инфекциялық ауруханада дәрігерлер де, медбикелер де күндіз-түні еңбек етіп жатыр. Қанша қорғаныс киімін кигенімен, бұл ауа арқылы тарайтын індет болғандықтан, жүз пайыз ешкім кепілдік бере алмайды.Гүлшаһар БЕКЗАТ