ХХІ ғасырда ғылым мен техника дамып, өзге жұрт ғарышты игеруге көшкенде, елімізде пошта арқылы сабақ оқитындар бар десе, сенесіз бе? Жұрттың бәрі жұмысын алақандай смартфонмен атқарып жатқанда олай болуы мүмкін емес дерсіз. Шыны сол, қаладағы қатарласы онлайн сабақта отырғанда, шалғайдағы елді мекенде тұратын 3 мыңнан астам бала пошташының жолын тосуға мәжбүр. Өркениеттен сырт қалу деген осы шығар, сірә.
Шалғайдағы баланың шағымы жоқ па?
Коронавирус инфекциясының таралып кетуінің алдын алу мақсатында 16 наурызда елімізде төтенше жағдай жарияланды. Соған байланысты мектеп оқушылары төртінші тоқсанды қашықтан оқуға көшті. Білім және ғылым министрлігі әбжіл қимылдап, жағдайды зерделей келе еліміздегі 3,2 млн оқушыны қашықтан оқытудың төрт бағытын жасап шықты. Телеарналар мен радио, интернет ресурстары арқылы сабақ өту тез жолға қойылды. Қашықтан оқудың осы екі бағытына шағым азайды, тіпті жоқ деуге болады. Үшінші бағыт бойынша коронавирус жете қоймаған өңірдегі шағын жинақты мектептер дәстүрлі оқыту формасын жалғастырып жатыр. Ал төртінші бағыт бойынша сабақ пошта арқылы жүзеге асуы керек болатын. Бұл бағыттағы сабақ қалай жүріп жатыр? Ондай елді мекенде қанша бала бар? Бұл туралы көп айтылмайды. Шалғайдағы жұрттың шағымы жоқ па, әлде шағымын жеткізетін құралы жоқ па, әзірге дәл осы бағыт туралы талқылау жоқтың қасы. Біз осы мәселені қаузап көруді жөн санадық.Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Таңатқызының айтуынша, еліміздегі кейбір елді мекенде мектеп те, интернет те жоқ, сондықтан онда тұратын мектеп жасындағы балалар көрші ауылдарға көлікпен арнайы жеткізіліп отыратын. Ал пандемия кезеңінде оқу материалдарын мұғалімдерден оқушыларға, оқушылардан мұғалімдерге кері жіберу жұмысын ұйымдастыру қажет болды. «Осы мақсатта «Қазпошта» АҚ мен Білім және ғылым министрлігі арасында меморандумға қол қойылған. Аталған құжатқа сәйкес ата-аналарға пошта байланысы қызметі үшін төлем жасаудың қажеті жоқ. Шалғай елді мекендерде өмір сүретін оқушыларға арналған оқу материалдары санитарлық қауіпсіздіктің барлық нормаларын сақтай отырып, жеткізіледі», – дейді ол.Біздің субъективті пікіріміз – бұл амалдың жоғынан жасалған шара. Әйтпесе, интернет болмаса да теледидар бар шығар ол ауылдарда? Теледидар болса, сабақты «Балапаннан» оқи берер еді, шамасы, ол елді мекенде бұл арна көрсетілмейтін шығар? Интернеті жоқ, телеарна көрсетпейтін де ауыл бола ма? Болады екен және Қазақстанда осындай 57 елді мекен бар болып шықты. Мұндай елді мекендер Атырау (13 елді мекен), Маңғыстау (1 елді мекен), Түркістан (6 елді мекен), Алматы (24 елді мекен) және Солтүстік Қазақстан облыстарында (13 елді мекен) орналасқан. Бұл елді мекендерде халық аз болғандықтан, мектеп салу экономикалық тұрғыда тиімсіз екені белгілі. Бірақ интернет тартуға не кедергі?
Үкіметке бір ұсыныс
Әдетте, мұндай шағын елді мекендерде негізінен ауыл шаруашылығымен айналысатындар тұрады. Олар да өзге ауылдың тұрғыны секілді интернетпен қамтамасыз етілсе жаман ба? Егер ертеңгі күні ауыл шаруашылығы саласын дамытамыз, халықты өз еліміздегі өндірілетін азық-түлікпен қамтамасыз етеміз десек, онда интернет тартуды бірінші кезекте осындай шағын елді мекендерден бастаған жөн сияқты. Сонда ғана аграрлы сала мамандарын ауылға тартуға мүмкіндік туады. Әйтпесе, қазіргі күні жасы да, жасамысы да интернеті жоқ жерге бара қоймайды.Цифрлы да, сиқырлы да бола алмадық
Интернет тарту бар да, оның жылдамдығын арттыру тағы бар. Мысалы, Білім және ғылым саласын дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында отандық білім беру ұйымдарының интернет жылдамдығының төмендігі мен цифрлы инфрақұрылымның жетіспеуіне байланысты қиындыққа тап болып отырғаны туралы жазылған. Осы құжатта мектепке дейінгі ұйымдардың 60 пайызы, мектептердің 10 пайызы, колледждердің 18 пайызы әлі күнге дейін жылдамдығы 4 Мбит/с-ке жетпейтін интернет желісіне қосылғаны айтылады. Бұл интернет тартудан бөлек, трафик мәселесі де реттелуі керек екенін көрсетеді. Осындай қиындыққа қарамастан қашықтан оқу жүйесі бір ізге түсті. Бұл жерде сала министрлігі мен мұғалімдердің жанкешті еңбегін атап өтуіміз керек.Мектептер мен университеттерде қашықтан оқыту енгізілгенде интернет жүйесінің беріктік сынағына төтеп бере алмай қалғанын Президент де айтты. Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның өткен аптадаға отырысында Мемлекет басшысы жүйелі кемшіліктер анықталғандықтан, Білім және ғылым министрлігі амалсыз теледидар арқылы сабақ беруге мәжбүр болғанын тілге тиек етті. «Жарнамасы жер жарған E-Learning жүйесі істемей қалды. E-gov-та үзілістер байқалды. Вирустық кезеңнен кейінгі кезеңде біз осы жағдайлардан сабақ алуымыз керек. Ең бастысы, шын мәнінде цифрлы мемлекет болу үшін IT саласын сапалы жаңа деңгейге шығару жоспарын дайындағанымыз абзал», – деді Қ.ТоқаевЕң бастысы, Президент «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жаңа тәжірибені ескере отырып, қосымша қаржысыз қайта қарауды тапсырды. Біреудің кесірі мыңға тиеді демекші, цифрландыруға, интернетпен қамтамасыз етуге жауапты министрліктің сылбыр жұмысының зардабын қашықтан оқуға көшкендер тартып отыр. Қандай сылтау айтылса да кешіруге болмайтын жағдай. Себебі «Цирфлы Қазақстан» бағдарламасының алдында «Ақпаратты Қазақстан – 2020» деген де бағдарлама болған. Сол бағдарлама аясында елді мекендердің басым бөлігі интернетпен қамтылып, цифрлы елде өмір сүретінімізге уәде берілген. Ал бүгінгі таңда елді мекенді қоя тұрып, қалалық жердің өзінде интернет тасбақа жүріске салатынын жасырып қайтеміз? Бір анығы, цифрлы Қазақстан құрамыз деген жарнамамыз жер жарды. Цифрландыруға қатысты қаптаған форум мен жиын өткізгенімізді ешкім ұмытқан жоқ. Ол жиындарға аз қаржы кетпегені тағы белгілі. Содан тапқан пайдамыз не? Сол жиындар нәтижелі болса, үш мың бала бүгін пошташының жолын тосып тұрар ма еді?.. Үш мың бала онлайн-сабақ оқығысы келмейді дейсіз бе? Келеді. Бірақ біз жағдай жасай алмадық...
Тұмар МЫРЗА