Әзімбектей дос қайда?!
Әзімбектей дос қайда?!
304
оқылды

Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына – 30 жыл. Отан алдындағы азаматтық және интернационалдық борышын өтеу үшін жат елге, жат жерге аттанған отандастарымыздың арасында – белгілі айтыскер ақын Әзімбек Жанқұлиев те болған еді. 1981 жылы мамыр айында Жамбыл өңірінен әскерге алынған төрт жігіттің қатарында Әзімбек Жанқұлиев және байзақтық Аманжол Қонысбеков Түркімен­стан­ның Кеджин деген елдіме­ке­нін­де алты ай оқу-жаттығуда бірге болып, механик-жүргізуші біліктілі­гі­мен танк механиктері Ауған жерінде әскери ұрысқа кіреді. Бұлар Ауғанстанның Пулихумри деген қаласына түседі. Бұл өзі Келегай деген елді­ме­кен­ге қарайды екен. Кезінде мұнда француздар біраз жыл билік құрғанға ұқсайды. Кейін жергілікті тұрғындар оларды қырып тастаған. Келегай деген сөздің өзі «қырғын» деген мағынаны білдірсе керек-ті.

– Ауған жеріне табанымыз тиген соң батольон бір болғаны­мен ротамызды бөліп жіберді. Сөйтіп, араға үш-төрт ай салып, Әзімбекпен кездесіп тұрдым. Әр кездескен сайын домбырамен әнін айтып, туған жерін сағынып жүр­ген сарбаздар бір жасап қала­тын­быз. Бір рота әскери іс-қимыл­ға шықса, екінші рота «киш­лактардағы» әскерилерді қорғап, алты ай «ыстық» нүктелер­де қарауылда тұрады. Әзімбектің бір ерлігі ескерілмей қалды дейтін еді жігіттер. Әзімбектердің ротасы кезекші рота есебінде кезекті бір ұрысқа қатысады. Кейде ондай іс-қимыл, әскери ұрыс алты-жеті күн­ге созылып кететін. Ұрыс тау­лы аймақтарда болатын. Бірнеше күнге созылған соғыс барысында сарбаздардың тамағы мен оқ-дәрі «түгесіліп» қалады. Қараңғы түскен кезде басмашылар үздіксіз оқ жаудырып, ара-арасында дауыс күшейткішпен «Мұсылмандар, бізге қарай өтіңдер. «Шуравилер­ді» өлтіріңдер!» деп, әбден шар­шап, қалжыраған сарбаздардың жүйке­сіне тиеді. Міне сондай бір қиян­кескі ұрыста бронотехника отқа оранып, ішіндегі жауынгер­лер сыртқа шыға алмай қалады. Осы сәтте Әзімбек қаруластарын құтқаруға ұмтылып, әлгі әскери тех­никаның астынан кіріп, ар­найы тетікті ашып, сарбаздарды құтқарып қалады. Міне, Кеңес билігі Әзімбектің осы ерлігін ескер­меді, – деп еске алады қару­лас досы Аманжол Қонысбеков.

Әзімбек пен Аманжол оқу-жаттығу жиынында жүргенде бұлармен бірге Энзенберг деген неміс ұлтының өкілі де болған. Өзі еңгезердей, дауысы «гүрілдеп» қалған әлгі Энзен­берг­ке ешкім жанаса бермей, алшақ­тап жүреді екен. Бірде таңертең 100 ша­­қы­рым «маршбросокта» сар­баздар­дың алдында келген Әзім­бек су ішейін деп ожаумен енді іліп ала бергенінде, әлгі Энзен­берг киліге кетіп, Әзімбекті иықтан қа­ғып түсіп, ожауды алып қояды. Бұған дейін жігіттердің «мысы» батпай жүрген еңгезердей Энзен­берг­ке Әзімбек те тісін қай­рап жүрсе керек. Сол жерде Әзім­бек оны атып ұрып, тепкінің ас­ты­­­на алады. Сөйтсе, қомпиған дене­сі болмаса, «қопал» болып шық­қан әлгі дәу мүлдем қайрат­сыз екен.

– Бізге осылайша, Энзенбергті езіп берген Әзімбек ер еді ғой, – дейді Аманжол. Ауғанстанда Аман­жол мен Әзімбек бірін-бірі күнде көрмесе де бір-бір жарым айда кездесіп, туған жерді сағына еске алып, сыр шертісіп, ән-жыр айтып, тіпті анда-санда айтысып та жүріпті. Бір кездескенде Аман­жол мен Әзімбек айтысып, жігіт­тер­дің көңілін көтереді. Ал айтыс­қа жоғарыдағы еңгезердей Энзен­берг­тің оқиғасы желеу болған екен. Туған жерді, ән-жырды сағы­нып жүрген жерлестері де дуыл­дап қолдай кетеді. Сол қысқа айтыс былай қайырылған екен.

Аманжол:

–Қонаққа келдің бізге сен,

                                               Әзімбек,

Өзіңменен айтыстым мен әзілдеп.

Осы жерде сен менен жеңіліп қап,

«Позицияңа» кетіп қалма

                                               безілдеп.

Әзімбек:

–Мойындаман жеңілетін кері

                                                      істі,

Байлап кетем қанжығама

                                              жеңісті.

Учебкада сен өзің куә болдың,

Алып ұрғам еңгезердей немісті.

Аманжол:

–Білем өміріңде сейіл құрдың,

Достарыңды қорғауға

                                    бейім тұрдың.

Өңкиген еңгезердей Энзенбергті,

Көтеріп қаңбақ шалдай

                                      жерге ұрдың.

Әзімбек:

–Энзенбергтің кебін сен киіп

                                                 жүрме,

Жеңіліп қара жерді сүйіп жүрме.

Менімен айтысуға жүрек керек,

Аузы үріп ішеді деген,

                                      күйіп жүрме.

 

Ерман ӘБДИЕВ.

Байзақ ауданы