Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына – 30 жыл. Отан алдындағы азаматтық және интернационалдық борышын өтеу үшін жат елге, жат жерге аттанған отандастарымыздың арасында – белгілі айтыскер ақын Әзімбек Жанқұлиев те болған еді. 1981 жылы мамыр айында Жамбыл өңірінен әскерге алынған төрт жігіттің қатарында Әзімбек Жанқұлиев және байзақтық Аманжол Қонысбеков Түркіменстанның Кеджин деген елдімекенінде алты ай оқу-жаттығуда бірге болып, механик-жүргізуші біліктілігімен танк механиктері Ауған жерінде әскери ұрысқа кіреді. Бұлар Ауғанстанның Пулихумри деген қаласына түседі. Бұл өзі Келегай деген елдімекенге қарайды екен. Кезінде мұнда француздар біраз жыл билік құрғанға ұқсайды. Кейін жергілікті тұрғындар оларды қырып тастаған. Келегай деген сөздің өзі «қырғын» деген мағынаны білдірсе керек-ті.
– Ауған жеріне табанымыз тиген соң батольон бір болғанымен ротамызды бөліп жіберді. Сөйтіп, араға үш-төрт ай салып, Әзімбекпен кездесіп тұрдым. Әр кездескен сайын домбырамен әнін айтып, туған жерін сағынып жүрген сарбаздар бір жасап қалатынбыз. Бір рота әскери іс-қимылға шықса, екінші рота «кишлактардағы» әскерилерді қорғап, алты ай «ыстық» нүктелерде қарауылда тұрады. Әзімбектің бір ерлігі ескерілмей қалды дейтін еді жігіттер. Әзімбектердің ротасы кезекші рота есебінде кезекті бір ұрысқа қатысады. Кейде ондай іс-қимыл, әскери ұрыс алты-жеті күнге созылып кететін. Ұрыс таулы аймақтарда болатын. Бірнеше күнге созылған соғыс барысында сарбаздардың тамағы мен оқ-дәрі «түгесіліп» қалады. Қараңғы түскен кезде басмашылар үздіксіз оқ жаудырып, ара-арасында дауыс күшейткішпен «Мұсылмандар, бізге қарай өтіңдер. «Шуравилерді» өлтіріңдер!» деп, әбден шаршап, қалжыраған сарбаздардың жүйкесіне тиеді. Міне сондай бір қиянкескі ұрыста бронотехника отқа оранып, ішіндегі жауынгерлер сыртқа шыға алмай қалады. Осы сәтте Әзімбек қаруластарын құтқаруға ұмтылып, әлгі әскери техниканың астынан кіріп, арнайы тетікті ашып, сарбаздарды құтқарып қалады. Міне, Кеңес билігі Әзімбектің осы ерлігін ескермеді, – деп еске алады қарулас досы Аманжол Қонысбеков.
Әзімбек пен Аманжол оқу-жаттығу жиынында жүргенде бұлармен бірге Энзенберг деген неміс ұлтының өкілі де болған. Өзі еңгезердей, дауысы «гүрілдеп» қалған әлгі Энзенбергке ешкім жанаса бермей, алшақтап жүреді екен. Бірде таңертең 100 шақырым «маршбросокта» сарбаздардың алдында келген Әзімбек су ішейін деп ожаумен енді іліп ала бергенінде, әлгі Энзенберг киліге кетіп, Әзімбекті иықтан қағып түсіп, ожауды алып қояды. Бұған дейін жігіттердің «мысы» батпай жүрген еңгезердей Энзенбергке Әзімбек те тісін қайрап жүрсе керек. Сол жерде Әзімбек оны атып ұрып, тепкінің астына алады. Сөйтсе, қомпиған денесі болмаса, «қопал» болып шыққан әлгі дәу мүлдем қайратсыз екен.
– Бізге осылайша, Энзенбергті езіп берген Әзімбек ер еді ғой, – дейді Аманжол. Ауғанстанда Аманжол мен Әзімбек бірін-бірі күнде көрмесе де бір-бір жарым айда кездесіп, туған жерді сағына еске алып, сыр шертісіп, ән-жыр айтып, тіпті анда-санда айтысып та жүріпті. Бір кездескенде Аманжол мен Әзімбек айтысып, жігіттердің көңілін көтереді. Ал айтысқа жоғарыдағы еңгезердей Энзенбергтің оқиғасы желеу болған екен. Туған жерді, ән-жырды сағынып жүрген жерлестері де дуылдап қолдай кетеді. Сол қысқа айтыс былай қайырылған екен.
Аманжол:
–Қонаққа келдің бізге сен,
Әзімбек,
Өзіңменен айтыстым мен әзілдеп.
Осы жерде сен менен жеңіліп қап,
«Позицияңа» кетіп қалма
безілдеп.
Әзімбек:
–Мойындаман жеңілетін кері
істі,
Байлап кетем қанжығама
жеңісті.
Учебкада сен өзің куә болдың,
Алып ұрғам еңгезердей немісті.
Аманжол:
–Білем өміріңде сейіл құрдың,
Достарыңды қорғауға
бейім тұрдың.
Өңкиген еңгезердей Энзенбергті,
Көтеріп қаңбақ шалдай
жерге ұрдың.
Әзімбек:
–Энзенбергтің кебін сен киіп
жүрме,
Жеңіліп қара жерді сүйіп жүрме.
Менімен айтысуға жүрек керек,
Аузы үріп ішеді деген,
күйіп жүрме.
Ерман ӘБДИЕВ.
Байзақ ауданы