Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында халқымызға, ұлтымызға тікелей байланысты, оның бай мәдениеті мен тарихи ұстынын әйгілейтін біраз тақырып кеңінен қамтылған. Соның бірі – түрік өркениеті жайында. Осы орайда белгілі түріктанушы ғалым Құлбек Ергөбек ағамызбен сұхбаттастық.
– Елбасы өз мақаласында түрік халықтарының ортақ онлайн кітапханасын ашу жайлы да айтады. Осыған қатысты ойыңыз қандай?
– Президент 2007 жылы Нахичеванда түрік тілдес мемлекет басшылары саммитінде бір қызықты идея айтты. «Біз Түркістанда түрік халықтарына ортақ Түрік академиясын ашамыз. Оның қасында музейі, көптілді кітапханасы болады» деген еді. Бірақ ол академия Астанадан ашылды. Елбасының сол жылғы сөзінен кейін Түркістанда «Түрік тілдес халықтар кітапханасын» аштым. Онда 24 түрік тіліндегі 41 мың кітап бар. Әзірбайжан тілінен бастап бүгінде жоғалып кетудің аз алдында тұрған шор тіліне дейінгі кітаптар жинақталған. Бұдан бірнеше жыл бұрын шор ақыны Л.Арбачакованың «Шерим менин» (Жерім менің) аталатын поэтикалық жинағы жарыққа шыққан еді. Шор тілінде жарық көрген еңбектің соңы осы Людмила жыр жинағы болмағай деп қауіп ойлаймын... «Түрік тілдес халықтар кітапханасын» жер-жерден келіп түрколог ғалымдар, мамандар, ХҚТУ студенттері еркін пайдалануда. Бірде саха түркологы Н.Васильев араға жыл салып қайта келіп, бір қыс біздің кітапханада отырып түркология бағыты бойынша жұмыс істеді. Тіпті өзіміздің басты түріктанушымыз, академик Әбдуәли Хайдари да «Ой-хой мына кітапхана бай екен. Мен де келіп, осында отырып жұмыс істеймін» деген еді. Түркиядан келген Әсел Лақаева есімді қызымыз «Түрік тілдес халықтар кітапханасымен» мейлінше танысып, Анкарада тап осындай электронды кітапхана ашамын» деп қызығып аттанған. Қазір сол кітапхананы ашыпты. Электронды.
– Сіздің кітапхана жайында жұрт қаншалықты құлағдар?
– «Түрік тілдес халықтар кітапханасының» ашылып, жұмыс істеп тұрғанына он жылдан асты. Жақсы ақын, жүйрік көңіл журналист Жаңыл Асылбекова арнайы хабар жасады кезінде. Түркиядан арнайы телеарна келіп түсіріп, бауырлас елдегі дүйім 81 миллион халыққа көрсетті. Татар, башқұрт, өзбек тілдеріндегі газет-журналдарда бірсыпыра мақала, материалдар да жарық көрді. Төрткүл дүниеден келген түрколог ғалымдар, қонақтар қалдырған пікірлерге қарағанда «Түрік тілдес халықтар кітапханасының» дүниежүзінде әзірге аналогы жоқ...
– «Түрік тілдес халықтар кітапханасының» тақырыбы, тілі, содан шығарып жалпы табиғатына тоқталсаңыз?
– «Түрік тілдес халықтар кітапханасында» түрік халықтары жайлы мәліметтер мол жинақталған. Оның ішінде Эфрон, Брокгауз көптомдық энциклопедиясы, Гранат энциклопедиясы, Южаковский энциклопедиялық сөздігі көптомдықтары бар. Бәрі де XIX ғасырда басылған дүниелер. Тіпті Северцевтің 1873 жылы басылған «Түркістан хаюанаттары» аталатын өте сирек кездесетін кітабы бар. Бұл раритеттік кітаптар – бір жүйе!
Сондай-ақ әліпбилік жүйемен жасақталған түрлі түрік тіліндегі кітаптар сап құрап ол тұр. «Алтай тіліндегі кітаптар», «Әзірбайжан тіліндегі кітаптар», «Башқұрт тіліндегі кітаптар», құмық, қарайым, қырғыз... болып жалғасып кете барады. Тва, шор, хакас тіліндегі әдебиеттермен жинақталады. Бұл саптағы кітаптар саны алды 6 мың, аяғы 5-6 кітап болуы мүмкін. Қолдану аясы тарылған, жойылудың аз-ақ алдындағы шор тіліне дейінгі кітаптар бар. Аналогы болмайтын себебі де сол. Сонымен қатар дүние ғалам түркологтары кітапханасын да жинақтап келемін. Қазақ түркологиясының басында тұрған Бейсембай Кенжебайұлы, башқұрт түркологы М.Идельбаев, 2 мәрте Мемлекеттік сыйлықтың иесі, өзбекстандық Насыр Фазылов, татардың ірі ғалымы академик Х.Миңнегулов, сахалық ғалым Н.Васильев, қарақалпақ ғалымы С.Бахадырова, ұйғыр түркологы Ғ.Садуақасов, түркиялық қайраткер Н.Зейбек, хакас В.Бутанаев... міне осындай айтулы түрколог ғалымдар өздерінің жеке кітапханасын қалыптастырып отыр. Мұны кітапхана ішіндегі кітапхана десе болатын шығар. М.Қаратаев, Ө.Тұрманжанов, М.Әлімбайұлы, Ө.Жәнібек, Т.Кәкішұлы, Ө.Күмісбаев, Ә.Дербісәлі, Ө.Айтбайұлы, Ә.Жүнісбек, А.Осман, К.Сейдеханов, Р.Сейтмет, К.Смайылов, Г.Бельгер (бәрін санамалап жату шарт емес шығар) осындай қазақ ақын, жазушы, ғалымдарының үйіндегі жеке кітапханасынан бас құрайтын тағы бір жүйе кітапхана бар. Сондай-ақ ұстазым, рухани әкем, қазақ түркологиясы басында тұрған Бейсембай Кенжебайұлының атынан түркологиялық музей ұйымдастырып аштым. Әзірге ол да дүниежүзіндегі тұңғыш түркологиялық музей.
«Ұлы даланың жеті қырына» байланысты да жер-жерде мәселені сөз жүзінде талдап, талқылап қоя салмай, идеяларды жүзеге асыру керек дер едім. Сонда Президент айтқан онлайн кітапхана да, барша түрік ұлт-ұлысы тарихын Түркістанға жинақтайтын түрік халықтары музейі де біртіндеп жүзеге асады.
– Президент айтып отырған онлайн кітапхана сіздің ойыңызша қандай негізде жабдықталуы керек?
– Әңгіме бір кітапханада емес. Ұлтты рухани жаңғыртатын кітапхана, музей, өнер галереясы секілді мәдениет үлгілері. ЮНЕСКО негізгі тізімі арқылы қорғалатын Қ.Яссауи, Айша бибі кесенесі секілді ұлы жәдігерлер қалдырған ата-бабамыз ұлы мәдениет иесі болған. Бірақ ұрпағы біздің салғырттығымыздан соның көбі жоғалған, сарқылмаған. Сақтай алмағанбыз. Ұлы түрколог Массон Алтын Орданың кезінде мыңдаған қала салынған дейді. Солай аталатын кітабы бар. Қазақ түркологиясы басында тұрған Б.Кенжебайұлы Алтын Орда заманында бабаларымыз 110 шаһар салғанын, шаһарлық мәдениет жөнінен дүние ғаламға үлгі болғанын айтады. Алтын Орда ықпалы мына жағы Қытай, мына жағы Египетке дейін жеткен. Бабаларымыз түріктілді мәдениетпен бірге арабтілді руханият жасаған дейді. Жиһанкез елші Ибн Батутаның дүниежүзін аралай жүріп өзен суы (Еділ) өзі үйді-үйге кіріп, тұрғындардың қажетін өтеп, сыртқа екінші бір қиырдан шығып кететін ғажайыпты тек Алтын Ордадан ғана көрдім деп жазғаны белгілі. Қалалық мәдениеттің бір көрсеткіші – Сырдариядан су тартып пайдаланып, жуынды суды сыртқа ағызып жіберетін қыш-шығырлар тізбегін Отырардан кемел археолог Кемел Ақышев ашты. Өзіміз бағаламай келгеніміз болмаса, бізде бәрі де болған. Бізге таңылумен келе жатқан бірыңғай көшпелі халық деген ұғым теріс теория. «Ұлы даланың жеті қырында» жылқы мәдениеті жайында айтылады. «Берел» археологиялық қорығынан табылған жылқылар пікірімізге дәлел емес пе?! Елбасы айтуын айтып-ақ келеді. Тек Елбасының ұлт руханияты жайында айтқан бағдарламалық ойын іліп әкетіп іске асыруға келгенде ілесе алмай келеміз. Қайталап айтамын, Түркістанда кітапхана, музей, галерея ашуыма Елбасының Нахичеванда 2007 жылы айтқан сөзі түрткі болды. Бүгін сондай өнікті идеялар «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында концепциялық сипатқа ие болды, тұтас жүйеге айналды. «Ұлы даланың жеті қырына» байланысты да жер-жерде мәселені сөз жүзінде талдап, талқылап қоя салмай, идеяларды жүзеге асыру керек дер едім. Сонда Президент айтқан онлайн кітапхана да, барша түрік ұлт-ұлысы тарихын Түркістанға жинақтайтын түрік халықтары музейі де біртіндеп жүзеге асады. «Түрік тілдес халықтар кітапханасын» кеңейтіп, үлкейтіп салу идеясын көп жылдан қала әкіміне айтып, ағымдағы баспасөзде жазып келемін. Ол идея Елбасы алдында бекіді деп естідім. Кітапхана салу тек үлкен етіп ғимарат тұрғызумен шектелмейді. Лайықты заманауи ғимарат та болуы керек, әрине. Әйтсе де, мәселе мазмұнда. «Түрік тілдес халықтар кітапханасы» болған соң, оған Түрік қағанаты заманындағы Орхон-Енисей руна жазулары секілді тас кітаптар (көшірме болса да), Ұйғыр қағанаты, Қарлуқ заманы жазбалары, ислам дәуіріндегі арабтілді әдебиет, Алтын Орда заманындағы түріктілді кітаптар... дегендей не ықылым уақыттың руханияты жиналуы керек деп есептеймін.
– Кемел идеяңызды жүзеге асыру жолындағы ісіңіз сәтті болсын!