Тап бір кино лентасы тәрізді: болған оқиғаның бәрі көз алдымызда өтті, жер жүзін тітіреткен аса қуатты армиясы бар еді; КСРО тарқайтын тұста елдің саяси бекемдігінен түк те қалмаған-ды, ең мықты тірек – әскери әлеуеті де әлсіреді. Әбден тығырыққа тірелген Одақтан тәуелсіз елдер өз үлесін таласа-тармаса алып жатты. Бұл үрдіс Қазақстанға ауыр тиген болатын.
Былайша айтқанда, бірлі-жарым қазақтың лауазымын көтергені болмаса, кеңестік әскер құрамында құрылыс батальондарына барғаннан басқа тірлік те шамалы еді. Әскерді дербес басқару деген бізде болған жоқ. Бәрі бір ортадан, негізінен Мәскеуден шешіліп тұрды. Кеңес Одағының құрамына кіретін барлық елдегі сияқты біздің елде жеке әскери қауіпсіздік туралы заңдар болған жоқ. Әскери доктрина дегенді оқыған, көзі ашық мамандар ғана білетін еді.
1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Президенті, Жоғарғы Бас қолбасшы Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» заңдарды жедел қабылдады. Бұл күн – содан бері Қазақстанның дербес Қарулы Күштерінің құрылған күні.
Одақтық әскери мүлік барлық елге ортақ еді. Мемлекет басшысы сол кезде Қазақстан Республикасының территориясына орналасқан әскери бірлестіктердің, құрамалардың, бөлімдердің, мекемелердің, ұйымдардың, полигондардың, арсеналдардың, сақтау базаларының, қоймалардың, жылжитын және жылжымайтын әскери бұйымдардың ендігі жерде Қазақстан Республикасының заңды мүлкі болып табылатындығы және Қарақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамына енгізілетіндігі туралы жарлық қабылдамағанда, біздің жеке ел болып, аяғымыздан тұрып кетуіміз неғайбыл еді. Әскерлер мен әскери құрылымдардың басшылығына Қазақстан Республикасы Үкіметінің келісімінсіз әскери бөлімдер мен мекемелердің тұрақты мекенжайларын ауыстыруға, сондай-ақ техникаларды, қару-жарақтарды, материалдық-техникалық мүліктерді Қазақстан Республикасының территориясынан шығаруға тыйым салынды.
Бұл сөз жоқ, ерекше батыл шешім болатын.
Біздің қазіргі әскери әлеуетіміз жақсы. Бұрын әскери білім беру жүйесі болған жоқ. Ұлттық қорғаныс университеті, Құрлық әскерлерінің әскери институты, Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институты, Әскери-теңіз институты, Шет тілдері әскери институты дейтін іргелі оқу ордаларының негізі Тәуелсіздік жылдары қаланды.
Қазақта «Ер қаруы – бес қару» деген бар. Ер азамат елге қорған болу үшін қашанда бес қаруы сай болуы тиіс.