Әлемді жайлаған індеттің алғашқы жұқтырушысы Атырауда 27 наурызда тіркелген болатын. 13 сәуір күнгі мәлімет бойынша, саны 59 болды. Кеше вирусты жұқтырған бес науқас ауруханадан шықты. Алайда Атыраудағы індеттің екі ірі ошағынан келер қауіп сейілер емес. Індет жұқтырғандардың арасында дәрігерлер саны көбейіп тұр. Сенбі күні анықталғандай, Теңіз кен орнында коронавирус жұқтырудың 9 жаңа жағдайы анықталды.Осылайша, 333,80 тұрғыны бар қалада коронавирус жұқтырғандар саны 59-ға жетті. Жұқтырғандардың барлығы – коронавируспен ауырған «ТШО» компаниясының тікелей емес мердігер ұйымының 50 жастағы жұмысшысымен байланыста болғандар. Ол әйелдің 9 жақыны мен онымен байланыста болған 53 адам анықталған. Тағы екі жағдай Атырауда, осындай байланыс жасағандар арасынан табылды. Облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысы бойынша, Жылыой ауданындағы Теңіз кен орнына қарасты «Ватернас» вахта қалашығында 14 күнге карантин енгізілді. 11 сәуір күні Атырау қаласындағы 8 сәуірден бастап карантинге жабылған облыстық аурухана аумағына дәрігерлердің шақыртуы бойынша келген «КТК» телеарнасының тілшісі мен операторының кездесулері келеңсіз жағдайда аяқталды. Жергілікті биліктің Махамбет ауданындағы провизорлық стационарға дәрігерлерді көшіру туралы шешіміне ақ халаттылардың наразылық білдіріп шыққаны мәлім болды. Төтенше жағдайға байланысты құрылған штаб өкілдерінің айтуынша, вирус табылған науқаспен қарым-қатынаста болған дәрігерлерді Махамбет ауданына карантинге ауыстыратыны о бастан сенімді ақпарат емес. Өйткені 10 сәуірде медқызметкерлерді «Береке» шағынауданындағы карантин стационарларына, колледж жатақханасына және «Престиж» қонақүйіне ауыстыру жөнінде шешім қабылданған. Науқастар мен аурухана медперсоналын көшіру не үшін қажет болды десек, құзырлы басқарма басшылары ауруханада КВИ жұқтырғандар саны көбейіп кеткенін мәлім етті. 1-11 сәуір аралығында облыстық ауруханада 18 адамға ауру жұқты, оның ішінде медицина қызметкерлері де бар. Аурухана басшылығы жиналған медқызметкерлерге оларды «Береке» ықшамауданына, колледж жатақханасы мен қонақүйге көшіретінін түсіндірді. Дегенмен медицина қызметкерлерінің бір бөлігі барлық медицина қызметкерлері қонақүйде жатуы тиіс деп санайды. Әрине, дәрігерлер – алғы шепте адамдардың жанын аман алып қалып жүр, олар карантинде ең жақсы жағдайға лайық. Алайда Атыраудағы қонақүй иелері өз меншігін изолятор ретінде бергісі келіп отырған жоқ. Облыстағы жедел штаб тобы мүшелерінің айтуынша, ақ халаттылардың наразылығына қатысты келеңсіздік бойынша тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар аймақта екі науқас қауіпті инфекциядан жазылып шыққан. Жексенбі күні онлайн брифингте Атырау облысы әкімі орынбасары Бақытгүл Хаменова: «Өңірімізде алғаш рет бес науқас емделіп шықты. Бұл азаматтар уақытша үй карантинінде , дәрігерлердің бақылауында болады. Атырау облысы бойынша 59 науқас тіркеліп отыр. Бұл науқастардың ішінде 16-сы медицина қызметкері. Олардың жағдайы жақсы, емдерін аяқтаған соң жұмыстарына кірісетін болады. Қазір осы індеттің бел ортасында жүрген дәрігерлерді қолдау қажет. Олардың демалыс орындарын ұйымдастыруымыз қажет. Осыған өңірдегі кәсіпкерлеріміздің де атсалысуын сұраймыз. Өйткені кешегі облыстық ауруханада карантиндегі дәрігерлердің де шағымы осы жатын орындарға тікелей байланысты.Бұл туындаған жағдайға орай тексеріс жүргізіледі. Қазір дәрігерлермен кездесіп, өтініштерін тыңдап, мәселені бір жақты шештік», – деді. COVID-19 жұқтырған 59 адамның 12-сі – Жылыой ауданындағы Теңіз кен орнының вахта қалашығынан. Олармен жақын байланыста болған 693 адам анықталған, ал жалпы байланысқандар саны – 1 054. Провизорлық стационарда 17 адам жатыр, 333 адам – карантин стационарында. 661 адам үй карантинінде отыр. Атырау облысының бас санитарлық дәрігері Темірбек Мұсағалиев онлайн брифингте «КТК» телеарнасының тілшісі мен операторын оқшаулау алгоритмі туралы айтып берді. – Облыстық аурухана – коронавирус инфекциясын жұқтыру және таралу ошағы. Сондықтан мұнда жеке қорғаныс құралдарынсыз келу қауіпті. Сонымен қатар журналист пен оператор індет жұқтырған адамдармен байланыста болған медицина қызметкерлерімен жақын әңгімелескен. БАҚ өкілдері іс-қимыл алгоритміне сәйкес қалалық Полиция басқармасынан карантиндік және провизорлық стационарларға жеткізілген. Олардан COVID-19 инфекциясы анализ алынды, ПТР-тест нәтижелері жақын арада белгілі болады. Тексеру кезінде оператордың қызуы жоғары болған. Біздің облыста індеттің үш ошағы бар. Олар Атырау облыстық ауруханасы, Теңіз кен орнындағы «Ватернас» қалашығы және Kentesh компаниясы. Бұл аймақтар жедел түрде оқшауланып, карантинге жабылды. Сондықтан облысымызда вирусты жаппай жұқтыру дерегі жоқ», – дейді Атырау облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Темірбек Мұсағалиев. P.S.
Шетелден келген жолаушылардан табылған індеттің арты үш қауіпті ошақтың пайда болуына әкелді. Бұл 650 мыңға жетпейтін тұрғыны бар Атырау үшін қауіпті екені сөзсіз. Облыстық ауруханада жүкті әйелден вирус анықталып, ауруханадағы екі мейірбике мен онымен қарым-қатынаста болған екі науқастың, жүзге жуық дәрігердің карантинге жатқызылуы онсыз да дәрігер маманы жеткіліксіз Атырау өңірі үшін қиын жағдай. Дәрігерлерге қонақүйлерін қимай отырған кәсіпкерлер тарапынан қолдау болмауы кім-кімді де ойландырып қойғандай. Атырау қаласында карантин жарияланса да, талаптарға бағынбай шоғырланып жиналу, блок-бекетті айналып өту секілді заңбұзушылықтар мәлім болып отыр. Кеше «Ескі базар» аумағында үй жануарлары мен тал-теректер көшетін сататын жерде адамдардың тығыз жүруі анықталды. Облыстық Полиция департаменті төтенше жағдай кезіндегі талаптарды орындамаған базар басшысына хаттама толтырып, сотқа жолдаған. Жексенбілік онлайн брифингте Атырау облысы әкімінің орынбасары Б.Хаменова «Наразылық білдірген дәрігерлерге жаза қолданбайды және оларға карантинде жатқан күндеріне жалақы толық төленеді», – деді. Бұл да болса көңіл жұбатарлық екен. Әйтпегенде ше, төтенше жағдайға дайын болмаған дәрігерлерге түсіністікпен қарау – парыз. Өйткені олар да адам, олардың да құқығы тапталмауы тиіс.