Жақында академик, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаев өз сұхбатында, қазіргі қазақ ғылымының деңгейі мен еліктеушіліктің салдары, әдебиет пен мәдениеттің жай-күйін айта келе, «қазір қазаққа технократтар керек» депті. «Қазаққа кім керек?
Қазіргі дамыған заманда қазаққа технократ керек. Өйткені біз ертең сөз ұйқастығы, әдемілігімен алға шығып кете алмаймыз. Оны сіз мойындайсыз, мен мойындаймын. Балаңыз мойындамайды. «Ой, атамыз болтун екен», – дейді. «Айта береді»,– дейді. Болды. Біз немен мақтанамыз?! Қазір сұрасаң: «Ойбай, Шыңғысхан қазақ екен, ойбай, Адам ата қазақ екен, ойбай, Иса пайғамбар қазақ екен» дейді. Бұл нені білдіреді?! Бұл біздің ұлттың әлі дамып жетіспегендігін білдіреді. Бала деңгейінде екенін білдіреді. Бұл – провинциализм. Өйткені бүгін мақтанатын ештеңесі жоқ, сондықтан өткенімен мақтанады. Сіз өткенмен мақтанбаңыз. Сіз бүгінмен мақтаныңыз». Оған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Тыныштықбек Әбдіәкімұлы «Математик неден қателесті?» деп жауап қайтарыпты. «Жақсы адам болу үшін, әуелі руханиятты меңгеру шарт. Кемел адамға тән аңқылдаған ақкөңілділік, мәрттік, жомарттық, меймандостық, қайырымдылық, мейірімділік, адалдық, арлылық, соның бәрі математика мен технократия арқасында қалыптаспайды, руханият арқасында қалыптасады. Сонда технократия дегеніміз не? Ол – тәндік қажеттерімізді қанағаттандыру сапасын арттырудың, тұрмысымыздың (өміріміздің емес) салтанатын асырудың, затты затпен зерттеп-біліп, соның бәрін тағы да сол тәндік қажетімізге пайдаланудың, сауда жасап, баюдың тиімді амал-тәсілдері ғана. Руханият бас болмаған жерде, технократия – біздің концентратты ішер асымыз бен автоматты жатар төсегіміз және «цифрлы» әжетханамыз ғана болып қалады. Өйткені технократия бізге өлең жазып, ән шығарып бере алмайды, өнер тудыра алмайды, адамды ізгілікке баули алмайды, қайырымдылық жасап, мейірімділік көрсете алмайды, ұлттық болмысымызды сақтап қала алмайды», – деп қарсы уәж айтады. Әлеуметтік желі екіге жарылды. Ара-ағайындық сөзді Айдос Сарым айтыпты: «Бұл баяғының физиктер мен лириктер арасындағы дауы. Ол дау да ештеңеге апармаған. Ешкім де жеңбеген. Есімде болса, бір ұлы физик, Нобельдің иегері айтыпты: егер балалық шағым қайтып келсе, ғылыммен бірге суретті, музыканы, әдебиетті қатар ұстар едім. Себебі, қартайған шағымда жастықтың буымен өзімді өзім талай байлықтан айырған екенмін депті. Сол сияқты гуманитарлар математикадан сәл де болса хабардар болса, ал технократтар өз мәдениеті мен руханиятынан сусындаса, одан ешкім ұтылмайды. Ал ұтатын қоғам болмақ. Руханиятсыз жүз технократтан үш ақынның артық болатын кезі болады. Қолынан түк келмейтін, ынжық жүз ақыннан бір етікшінің пайдалы кезі де кезігіп жатады. Мәселе бізге қандай ақын немесе қандай технократ керек дегенге ауысуы тиіс. Екеуі де ауадай қажет! Бұндай дау балаға шеше керек пе, әлде әке керек пе деген сияқты дау ғой». Осы жерден тоқтауға да болады. ХХ ғасырдағы көзі ашық азаматтар «қазақ оқығандары» деп аталды. Солардың бәрі елдік мақсатта талай айтысқан, тартысқан, дауласқан шығар. Бірақ бәрі де мақсаттас, мұраттас болғаны анық. Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан секілді өлгенше бір тертеге жегіліп өткендер бар. Абай «Бізге керегі – бірлік, онда да ақылға – бірлік» дейді. Қазір ақылды қазақтардың ой одақтастығы, ақылға бірлігі ғана жетіспей тұрғандай!