Мұнай өндіруді кемітуге келістік
Мұнай өндіруді кемітуге келістік
397
оқылды
Мұнайым – махаббатым менің. Көп жыл бұрын, тоқ жыл­дар­да ғаламторда осындай астарлы, сарказмге толы орыс­ша өлең тараған-тын. Ол мұнай олигархтарының нақ­сүйер­лерін келемеж етті. Алайда қазіргі кезде бұл саладан ән де, сән де кетіп тұр. ОПЕК+ аясындағы келіссөздердің жан­данғанына қара­мастан, 14 сәуірдегі жағдай бойынша «қара ал­тынның» әр бөш­кесі небәрі 31,8-33 доллар аралығында ға­на бағалануда. Мұнайға Қазақстанның да «се­зімі» ерекше: көптеген сенім мен үміт сонымен байланысты. Ол қым­баттаса, елдегі теңгенің құн­сыз­дануы да тоқтайды. Өз кезе­гін­де ұлттық валюта салмақтана түс­се, басқа шауып, төске өрлеген қым­батшылыққа да тосқауыл қойы­лар еді. Айтпақшы, еш соғыс жа­рияламай вирус ел ше­тіне баса-көктеп кіргенде, ел эко­но­микасын Ұлттық қор құтқарды. Бұл қор сол мұнай түсімдерінен құралғаны мәлім.  

«Қара алтын» өндірісін неге ке­міттік?

Осыдан бір апта бұрын ғана Ұлт­тық экономика министрі Рус­лан Дәленов 2020 жылы мұнай өндіру көлемі бұрын бекітілген жос­пардан 4 миллион тоннаға азая­тынын, яғни енді небәрі 86 мил­лион тонна шикі мұнай жер бе­тіне шығарылатынын хабарлады. Бас экономист бұған жаһандық нарықтағы бағаның төмендігі ық­пал еткенін алға тартты. Ал осы­ның алдында Энергетика вице-ми­нистрі Әсет Мағауов әлемдік нарықтардағы бағаның құлдырауы Қазақстанның мұнай-газ кен орын­дарындағы өндіріс деңгейіне он­ша әсер етпейтінін мәлімдеді. Жағ­дайдың өрбу барысы осы екі жос­пардың да өзектілігін жойып­ты: Үкіметтің кешегі отырысында 2020 жылы мұнай өндірісінің бол­жамы тағы төмендетілгені, енді 84,5 миллион тонна ғана болатыны нақ­тыланды. Бұл бір жағынан, ве­домстволардағы болжам жасау жә­не жоспарлау ісі ақсап жатқанын байқатса керек. Дегенмен Энер­гетика министрі Нұрлан Ноғаев жоспардың қайта қаралуын – ОПЕК+ келісіміне Қазақстанның қа­тысуымен байланыстырды. Ке­лісім аясында оған қатысушы мұ­найлы елдерден өндірісті қысқарту сұрал­ды. – OPEC+ таяудағы отырысын­да 2020 жылғы 1 мамырдан бастап әлемдік мұнай өндірісін тәулігіне 9,7 миллион баррельге дейін «жиын­тықты қысқарту» туралы ше­шім қабылдады. Сондықтан біз­де бұл көрсеткішті 2020 жылы 90 млн тоннадан 84,5 млн тоннаға дейін кеміту көзделіп отыр, – деді министр Н.Ноғаев. Қалай болғанда, 2020 жылы 90 миллион тонна немесе 685,9 мил­лион баррель-бөшке Brent мар­­ка­лы мұнай мен конденсат өндіруді қа­растырған бұған дейінгі жоспар адыра қалды. Салыстыру үшін айт­сақ, республикамызда 2019 жылы 90,5 миллион тонна «қара алтын» алынды. 2020 жылғы үш айда Қазақ­станда 23,6 миллион тонна мұнай мен конденсат өндірілді. Бұл 2019 жыл­ғы ұқсас кезеңдегіден 102,6%-ға артық. Осы мерзімде оның 18,9 млн тоннасы шикізат түрінде шет­елге сатылыпты. Яғни, экспорт был­тырғы І тоқсандағыдан 102,7%-ға ұлғайды. Наурыз айында «қара алтын» құны күрт құлағаны белгілі. Саладағы өндіріс деңгейінің құл­дырауына ең алдымен, бағаның құнсыздануы түрткі болмақ. Елде ірілі-ұсақты мұнай-кен орын­да­рының басым көпшілігі жеке ин­весторлар қолында. Олар шы­ғын­мен жұмыс істей алмайды. Бұл – нарық заңы. Энергетика министрі­нің мәліметінше, Қазақстанда мұ­най өндірісінің өзіндік құны 10 дол­лардан (Қашағанда) 65 доллар аралығында құбылады. «Қара алтынның» бастапқы құны оның жер қойнауындағы қандай қатпар­лардан шығарылатынына, тере­ң­дігіне, кен орындарының игерілу дәре­жесіне қарай әртүрлі болып ке­леді. Демек, қазынасы 5 мың метр тереңдікте «жасырылған» әрі қатты қысымда жатқан көптеген кен орнынан қазіргі бағамен «тауар» шығару – өзін-өзі ақтамай­тын іс болып тұр. Өзге елдерде осы өнім әлдеқай­да арзанға түседі. Мысалы, Ресей энергетика министрі Александр Но­вактың айтуынша, Ресейде «қара алтынның» өзіндік құны ор­та­ша есеппен 10-25 доллар. «Роснефть» басшысы Игорь Сечин өз компаниясына қарасты кен орын­дарында бұл көрсеткіш әр бар­рель үшін 3 доллардай екенін жет­кізді.    width= Сауд Арабиясындағы кен орын­дарының көбісінде ұңғыдан шығатын өнімнің өзіндік құны 10 долларға тең. АҚШ-та көмірсутек шикізатының әр баррелінің өзін­дік құны 30-70 доллар аралығында. Ал Канаданың құмдарында 120-150 долларға дейін барады. Канада­ның мұнайлы ел бола алмай отыр­ғаны да осыдан. Отандық «қара алтынды» жаһан­­дық қара базарда сатудан тү­­се­тін түсімнің аз болуына Қазақ­стан­ның өткізу нарықтарынан қа­шық жатуы, кеңес кезінен иге­ріліп жатқан кен орындарында шы­ғымдылықтың төмендеуі се­беп­кер.  

Бензинді COVID-19 тізе бүктірді

Ел Президенті Қ.Тоқаевтың тап­сырмасы бойынша Үкіметтік комиссия мұнайлы 5 облысты ара­лап қайтты. Министрлер каби­не­тінің өкілдері байлығы шалқыған күй­ден бір мезетте мүшкіл халге түс­кен сала кәсіпорындарында кездесулер өткізді. Оның қоры­тын­дысында секторды қолдауға бағытталған іс-шаралардың ке­шен­ді жоспары бекітілді. Индустрия және инфра­құры­лым­дық даму министрі Бейбіт Атам­құловтың дерегінше, жұмыс орын­дарын сақтау жөніндегі жол кар­таларын бекіту, оны жұмыс орын­дарын ашудың өңірлік кар­таларымен үйлестіру, штатты қыс­қартудың орындылығын қарайтын жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданған. Бұдан бөлек, әлем­де­гі бағаның әртүрлі сценарийіне сәйкес өндіріс жоспары түзілмек. Қазақстан өз өндірушілерін қол­дау үшін Ресейден жанар-жа­ғармай сатып алуға тыйым салды. Нәтижесінде, биылғы 3 айда өзі­мізде 4,03 миллион тонна мұнай қай­та өңделді. Бұл 2019 жылғы І тоқ­сандағыдан 100,7% көп. Оны әрі қарай арттыру үшін бензин мен дизельді шетелге сатуға қойылған шектеу алып тасталды. Мұнай өні­мінің барлық түрін – бензинді, ди­зель отынын, авиакеросинді, ма­зут­ты, сұйытылған газды және бас­­қасын экспорттаушылар 1 сәуір­­ден 2020 жыл соңына дейін са­­лық пен баж алымынан босаты­лып­ты. Ел Үкіметі мұнай бизнесін қол­дау­дың басқа да шараларын қолға алу­да. Мысалы, биылғы 31 жел­тоқ­санға дейін бензин, дизель се­кілді тауар өндірушілер акциз алы­­­мын төлемейтін болды. Мемлекет басшысы қойған мін­детке сәйкес, көктемгі дән себу жұ­мыстарын жүргізу үшін егін­шілерге әр литрі 165 теңгеге дейін ар­зандатылған 390 мың тонна ди­зель отыны жеткізілді. Үкіметтің өзі де олардың өні­мін сатып алып, құпия мемлекеттік ма­териалдық резервті толтыруда. Бүгінде мемлекеттің сақтауына қойылатын мұнай өнімдерін жө­нелту басталды. Теміржол цис­тер­на­ларына 3,2 мың тонна авиаотын және 11,2 мың тонна бензин арт­тырыл­ды. Барлық тауар бір көзден сатып алынады. Осы мақсатта жер қойнауын пайдаланушылардың са­тып алу ережесі, «Самұрық-Қа­зы­на» стандарты, сондай-ақ NCOC (Қашағанды игеріп жатыр) пен KPO (Қарашығанақ) сатып алу рәсімдері өзгертілді. Сауда және интеграция ми­нистрі Бақыт Сұлтанов дүние­жү­зін­де мұнай котировкаларының тө­мендеуі кесірінен қазақстандық мұ­най және мұнай өнімдерін ше­тел­ге экспорттау табыссыз бо­лып тұр­ғанын, сала рентабель­ділі­гінен айы­рылғанын білдірді. Оның үс­тіне, елде төтенше жағдай енгізіліп, әуе­дегі және көшедегі қозғалыс қа­таң шектелгелі бері бензин, ди­зель және авиаотынға деген ішкі сұ­раныс айтарлықтай азайыпты. – Осы екі себепті респуб­ли­ка­да­ғы мұнай өнімдері сақталатын ре­зервуарлық парктер тауарға лық тол­ды. Егер бұл жағдай жалғаса бер­­се, ол өндіріс көлемінің одан әрі құл­дырауына және мұнай өң­деу­ші зауыттардың толық тоқтауы­на әкелуі мүмкін, – дейді Б.Сұлтанов. «Неге әлемде мұнай бағасы құл­дыраса, Қазақстанда бензин ар­зандамайды?» – «қара алтын» құн­сызданған сайын бас көтеретін осы сауал бүгінде де әлеуметтік же­лілерде бой көрсетіп қалды. Kazenergy қауымдастығының тү­сін­­діруінше, елде наурыз айының басынан бері бензин мен дизель көтерме бағасы шамамен 10%-ға арзандады. 1 сәуірден бері бөлшек баға да біршама төмендеді. Әлемнің өзге елдерімен салыс­тырар болсақ, 2020 жылғы қаңтар-наурыз айларында Қазақстанда бензиннің бөлшек бағасы 15 пайызға «жеңілдеді» және 1 литрі ша­мамен 0,39 доллар тұрады. АҚШ-та бензин бағасы 0,73-тен 0,66 долларға дейін, Норвегияда – 1,49-дан 1,36 долларға дейін, Гер­ма­нияда – 1,48-ден 1,37 долларға дейін, Гонконгте – 2,27-ден 2,20 дол­ларға дейін, Түркияда – 1,04-тен 0,81 долларға дейін, Ресейде 0,71-ден 0,58 долларға дейін ар­зандаған екен. Қырғыз елінде ЖЖМ бағасы өзгермепті және бен­зин құны 1 литрі үшін 0,56 дол­ларға барабар.  

 width=     Айхан ШӘРІП