Қазақ жерінің әуелден саятшылыққа, құс салып, аң аулауға қолайлы мекені жетерлік. Қазір бағзы дәстүрдің жолын жалғаған құсбегілер бар. Бірақ олар көрінген аңға құс сала алмайды. Себебі ел аумағында аң-құстың біразы Қызыл кітапқа енген. Алайда Біріккен Араб Әмірлігі мен Қатар шейхтарына шартты түрде жерімізде құс салып, дуадақ аулауға рұқсат берілген. Биыл араб шейхтары қазақ жеріне тағы да аңшылыққа келеді. Олардың қыран құстарымен келуіне Үкіметтің арнайы қаулысы әзірленген. Тіпті, аталған VIP тұлғаларды коронавирусқа қарсы қатаң шаралар да тоқтата алмауы мүмкін.
Қанша лимит берілген?
Дуадақ құрып кетудің алдында тұрған құс ретінде Қызыл кітапқа енген. Бұл құстың өмір сүруіне жайлы мекен – Орта Азия. Шөлейт және шөлді өңірде тіршілік етеді. Тұрқы мен көркемдігі жайлы әңгіме бір басқа. Қазақстан мен Араб елдері 2003 жылдан бері дуадақ тұқымын сақтау мәселесі бойынша ынтымақтасқан. Содан бері жыл сайын біз меңзеген араб шейхтарына құс аулауға рұқсат етілген екен. Биыл арабтардың қазақ жеріндегі саятшылығы 1 қыркүйек пен 15 қараша аралығына жоспарланып отыр. Ал олардың әрқайсысына қанша құс аулауға лимит берілгеніне тоқталсақ. Үкімет қаулысына сәйкес, БАӘ шейхы Халиф бин Зайд Әл Нахаян Түркістан облысындағы республикалық маңызы бар «Арыс» және «Қаратау» мемлекеттік қорығы аумағында – 75, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарындағы «Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік қорығы» аумағында – 92, яғни барлығы 167 дуадақ аулайды екен. Былтыр бұл лимит 133 құс болған. Дегенмен Қазақстанға келіп саятшылық жасайтын тұлғалар қатары мұнымен бітпейді. Тағы бір БАӘ шейхы Сурур Бин Мұхаммед Әл Нахаян қаулы негізінде Маңғыстау облысындағы «Кендірлі-Қаясан мемлекеттік қорығы» аумағында – 44, ал шейх Сеиф Бин Мұхаммед Әл Нахаянға 43 дуадаққа құс салуына мүмкіндік берген. Қатарлық шейх Джасем Бин Хамад Бин Халифа Әл Тани Жамбыл облысындағы «Аңдасай мемлекеттік табиғи қаумалының» аумағында –28, «Жусандала мемлекеттік қорығы» жерінен 77 дуадақ жусатып сала алады. Өткен жылғы олжасымен салыстырғанда оның лимиті өте көп. Былтыр ол 57 дуадақ аулаған. Аталған шейхтардың барлығы өз сұңқар құстарымен келеді. Олардың саятшылық құрардағы мүмкіндігін айтып өттік. Ал осы тұлғалар сауығының есесіне біздің елімізге қандай жақсылық жасамақ?Инвестиция сал да, аулай бер
Осы уақытқа дейін араб шейхтары дуадақ секілді жойылып бара жатқан құс түрлерін елімізде көбейту үшін миллиондаған доллар жұмсапты. Соңғы 13 жылда шығыс елдерінің бай-бағландары Қазақстанда табиғатты қорғау шараларына 26 млн доллар құйған екен. Бұдан бөлек, аң аулау мүмкіндігі үшін 272 млн теңге салық төлеген. Араб жағы мұнымен ғана шектелмей, Түркістан облысының Бәйдібек ауданында дуадақ өсіретін орталық құруға 4,5 млрд теңге инвестиция салған. Осы кәсіпорын қазіргі сәтте жылына 5-10 мыңдай дуадақ өсіруге қауқарлы. Араб тұлғалары әр аулаған құсы үшін ел бюджетіне 260 айлық есептік көрсеткіш, яғни 689 260 теңгеден құн төлейді. Шейхтар аңшылықты көбіне Маңғыстаудың Үстіртінде жасайды. Былтыр жоғарыда атап өткен дуадақ өсіретін орталықтан 600 дуадақ (100 аталық, 500 аналық) Маңғыстауға жеткізіліп, Үстіртке жіберілгенін көзбен көрген болатынбыз. Әрине, белгіленген лимитке сай олардың барлығы ауланбайды, қалған құстар көбеюі тиіс.Оларды жеткізу, жазыққа жіберу секілді басқа да жұмыстармен француз орнитологтары айналысады. Жыл сайын 500-ден астам дуадақ осылайша Үстірт жазығына жіберіліп отыр. Алайда қаншама инвестиция мен атқарылған шаралардан соң дуадақ осы өңірде көбейіп жатыр ма? Біз бұл сауалды Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Ғаббас Досатовқа қойған едік. – Дуадақ– табиғи құбылыстарға өте төзімді құс. Үстіртке жыл сайын 500-ден астам дуадақ жіберілетінін айттық. Олардың әрқайсысына бақылау құрылғысы байланған. Бүгінде Маңғыстау аумағында 10 мыңға жуық дуадақ бар. Мемлекетіміздің заңына сәйкес құстарды бақылап тұрамыз. Араб шейхтары дуадақ аулайтын кезде де біздің қарауымызда болады. Яғни, белгіленген мөлшерден артық аулап қоймады ма, басқалай заңбұзушылық болмады ма деген мәселеге жауаптымыз, – дейді маман.Заң бұзған арабтар да бар
2016 жылы қыркүйек айында Жамбыл облысының Сарысу ауданында заңсыз саятшылық құрған БАӘ шейхтары Қызыл кітапқа енген құстарды қырып тастаған болатын. Екі араб азаматының қымбат көлігінің ішінен 6 қарабауыр бұлдырық құс табылған. Одан бөлек, екі қап дуадақ еті тәркіленген. Абырой болғанда оларды облыс прокурорлары «Охотозоопром» мамандарымен бірлескен рейд барысында қолға түсірген. Қос араб шейхы «Қазақстанға құстарды будандастыру үшін келдік» деп ақталған. Артынша заңсыз құс аулаған азаматтар 3 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеп құтылған еді.Бұрынғылар не дейді?
Қазақ жерінде ХХ ғасырға дейін дуадақ құсы көп болған деседі. Ақын Есенғали Раушанов «Құстар – біздің досымыз» атты кітабында «бала кезімізде Сыр бойында дуадақтар күз келе қойша өріп жүретін» деп дәйекті дәлелін келтіреді. Одан әрі ХІХ ғасырда Сауыр мен Тарбағатай аралығын саяхаттап өткен В.Н.Плотников атты зоолог «Тәуір аңшы жанына еш серік ертпей, жанын қинамай жүріп-ақ күніне 10-15 дуадақты оңай атып алады» деп күнделігіне түрткен екен. Ауыз әдебиетіндегі «Қобыланды батыр» жырына үңілсеңіз де дуадақты үлкен құс ретінде бейнелеген жолдарды ұшыратуыңызға болады. Расымен, дуадақ құсы толысқан кезде салмағы 18-21 келіге дейін тартады. Қазақта жүйрік жылқыны сипаттаған сәтте «Аузымен құс тістеген» дейді. Түркімен жұртында ежелдегі хандар бағалы, асылтұқымды жылқымен аңға шығып, дуадақты қуалайды екен. Жақын барып жеткенде ғана ителгі құсты төндіреді. Жылқының жүйрігі еш қиындықсыз-ақ қанжығаға олжа салары айтпаса да белгілі. Жоғарыда айтып өткен жылқы теңеуі содан шыққан екен. Тәжік жазушысы Садриддин Айнидың еңбектерінде шығыс елдеріндегі ақсүйектердің сүйіп жейтін асының бірі– дуадақ еті екені айтылған. Дуадақтың бағалы болуының сырын осыдан-ақ ұқсақ керек. P.S.Қазақта «аңшы байымайды» деген аталы сөз бар. Демек, саятшылық кәсіп емес, жай көңіл бірлеудің бір амалы дерсіз. Бірақ аңшылықтың да өз кесапаты бар. «Аңсыраса аңшы тоқтамайды» деп осындайда айтса керек. Қызыл кітапқа енген құстар үшін қаржы құйып, оны көбейту амалы құптарлық әрекет. Тек «аңсырағанның» кебі бізге де жетпесе болғаны.