«Хат жазды екен деп бәрін мақұлдай бермейміз» – аутизммен ауыратындар далада серуендей алады
«Хат жазды екен деп бәрін мақұлдай бермейміз» – аутизммен ауыратындар далада серуендей алады
Фото: Интернеттен алынды
131
оқылды
Денсаулық сақтау министрлігі аутизмге шалдыққан балаларға серуендеуге рұқсат берді. Карантин талаптарын сақтамағандардың кейбірі қамауға алынды. Тағы біразына айыппұл салынды. Ескерту алғандардың арасында аутизммен ауыратын балаларын серуенге алып шыққан ата–аналар да бар. Олардың айтуынша, медициналық тұрғыдан мұндай диагноз қойылған балалар күнделікті таза ауаға шығып тұруы тиіс. Осыған орай Денсаулық сақтау министрлігі көшеге шығуға болатындардың тізіміне аутизммен ауыратын балаларды қосты. Аутизмге шалдыққан балалар күніне кем дегенде екі мәрте далаға шығып серуендеуі тиіс. Бұл ауруды емдеуде дәрі–дәрмектен гөрі коррекциялық-педагогикалық әдістер оң нәтиже береді. Autism Kazakhstan қауымдастығының төрайымы Нұргүл Балтабайқызының айтуынша, осы сырқатпен ауыратын ұл–қыздары бар ата-аналарға далаға шығуға енгізілген шектеу қиындық тудырып жатыр. «Өте қиынға соғып жатыр. Себебі, мінез-құлқы өзігеріп жатыр. Бала ештеңе істегісі келмейді. Шыңғыруы мүмкін. Себепсіз жатып, жүгіруі мүмкін. Ең бірінші әдіс – күн тәртібі ұқыпты болуы керек. Тұрақтылықтан ғана жақсы өзгерістер болуы мүмкін», – дейді. Қауымдастыққа алғаш болып Маңғыстау облысынан ата-аналар хабарласқан. Олар карантин кезінде аутист балаларға түсіністік танытуды өтінген. Яғни, далаға шығуға рұқсат сұраған. Аутизм қауымдастығынан түскен хат негізінде Денсаулық министрлігі карантин кезінде көшеге шығуға болатындардың тізімін кеңейтті.
Ал  Бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова: «Аутизммен ауыратын балаларға далаға шығуға рұқсат бердік. Себебі, аутист балалар үйде, жалпы жабық жерлерде ұзақ отыра алмайды. Оларды серуендеуге шығармай қойса, денсаулығына кері әсер етуі де мүмкін. Аутизм синдромының өзіндік ерекшеліктері бар екенін еске сала кеткім келеді. Әрине, ата-аналардың барлығы балаларын далаға шығарғысы келеді. Бұл өзгеше жағдай екенін түсінсе деймін. Хат жазды екен деп бәрін мақұлдай бермейміз. Біз қайткен күнде де карантин талаптарын сақтауымыз қажет», – дейді.
Айта кетейік, баланы ертіп жүрген азаматтың қолында оның диагнозын растайтын құжаты болуы тиіс.