«СӘУІРДЕ ДЕ ТӘУІР БОЛМАЙДЫ» ДЕСКЕН
Қазақстанда алғаш рет COVID-19 вирусын жұқтырған адам тіркелген соң, қоғамның назары бірден осы індетке ауғаны бар. Үкімет те қарап қалмады, түрлі шектеу шарасын енгізді. Біз де індет тым қарқынды тарай қоймайтын болар деп үміттенгенбіз. Алайда олай болмады. Наурыз айында індеттің кесірінен бірнеше отандасымыз көз жұмды. Ал мамандар түрлі болжам айта бастаған болатын. Айталық, Үкімет атқарып жатқан жұмыстарды бұқараға жеткізіп тұру миссиясын Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев 23 наурызда өткен брифингте індет таралуының жоғары деңгейіне жете қоймағанымызды айтқан. Бірақ ол вирустың жайылуының шарықтау шегі қай айға немесе мезгілге тұспа-тұс келетіні жайлы ештеңе демеді. Шамасы түрлі пікір айтқан мамандардың болжамына да күмәнмен қарады ма, кім білсін?! Дегенмен кейін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов вирус сәуір мен мамырда көп тарайтынын айтты. Ол 5 сәуір күні Facebook парақшасында: «Елімізде әлі де індетті жұқтырғандардың жалпы санының өсіп келе жатқаны байқалады. Өзге мемлекеттердің тәжірибесіне қарап, ауру сәуір-мамыр айларында өршиді де, сәуірдің бірінші жартысында шарықтау шегіне жетеді деген болжам жасауға болады. Біздің елімізде аталған аралықта науқастар саны 3 500-ге жетуі мүмкін» деп жазды. Әрі дәл аталған ойын жазған кезде елімізде тіркелген науқастар саны 551 екенін атап өтті. Арада 10 күн өткенде министр айтқан дерек екі еседен астам өсіп кеткен жайы бар. Яғни, сәуірдің бірінші емес, екінші жартысының басында індеттің таралуы күрт көбейіп кетті. Жалпы, денсаулық сақтау саласына қандай да бір қатысы бар атқамінерлер айтқан деректің барлығында індет таралуының шарықтау шегі сәуір-мамыр деп көрсетіліп жүр. Дегенмен ішінара 1-2 аптаны әрі-бері «жылжытып» жіберу де кездеседі. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Ботагөз Жақсылықова эпидемияның шарықтау шегі сәуірдің соңына сәйкес келетінін болжаған. «Эпидемияның шарықтау шегінен әлі өткен жоқпыз. Дегенмен Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантин шараларының арқасында індеттің жайылуын төмендете алдық. Өзге аймақтарда эпидемияның таралып жатқанын көріп отырмыз. Еліміз бойынша оның шарықтау шегі алдағы 1-2 аптаға сәйкес келеді» деген еді 10 сәуір күні министрліктің жауапты хатшысы. Ол айтқан 1-2 аптаның алғашқысының ортасына да келдік. Өкінішке қарай, антирекорд әзірге осы аптаға сәйкес келіп тұр. Ал ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова: «Біздің ғылыми орталықтарымыз дайындаған болжамға сәйкес, Қазақстанда коронавирус инфекциясының шарықтау шегі сәуір айының соңына, мамыр айының басына тұспа-тұс келуі мүмкін. Ол кезде шамамен коронавирус жұқтырғандар саны 2 мыңға жетуі ықтимал», – деді. Комитет төрағасы өз бастығынан кейін 1 аптадан соң мәлімдеме жасағанын ескерсек, соңғы болжам жағдайды барынша нақты көрсететін тәрізді. Оған да уақыт төреші.НАУРЫЗДАҒЫ АНТИРЕКОРД БҰЗЫЛДЫ
Біздің пайымдауымызша, COVID-19 вирусының наурыз айындағы таралу деңгейі қазіргідей тым қарқынды болмаған тәрізді. Әсіресе, екі мегаполисте жағдай қалыпты сияқты көрінген. Алғаш рет дерттен жазылып шыққандар да, көз жұмғандар да індет алғаш анықталғаннан кейін 13 күннен кейін тіркелді. 26 наурызда Нұр-Сұлтан мен Алматыда алғаш рет індеттен жазылып шыққан азамат тіркелсе, сол күні бір отандасымыз көз жұмған. Арада 2 күн өткенде алғашқы антирекорд тіркелді. 28 наурызда еліміз бойынша 78 адамның бойынан вирус табылды. Ал 6 сәуірде тағы 78 адамнан вирус анықталса, 12 сәуірде бұл дерек қайталанды. Өкінішке қарай, «нағыз» антирекорд 13 сәуірде тіркелді. Еліміз бойынша 112 адамның бойынан вирус табылды. 14 сәуір күні таңертең тағы 88 адам қосылды. Сөйтіп, індетке шалдыққандар саны – 1 179 адам. Ең өкініштісі, ұзақ уақыт бойы індеттің таралуы төмендеп келе жатқандай көрінген Алматы қаласында эпидемия қайтадан бұрқ ете түскенге ұқсайды. Шамамен 3 аптаға жуық уақыт онда індет жұқтырғандар саны Нұр-Сұлтан қаласындағы жағдайдан кемі екі, әйтпесе үш есе төмен еді. Алайда соңғы 2 күнде Алматыдан анықталғандар саны 346-ға жетті. Осы тұста тағы бір мәселені айта кету керек. Індеттің таралу жылдамдығына қатысты дәрігерлер ғана емес, ІТ мамандары да, өзгелер де түрлі болжам айтқан. Мәселен, Кибершабуылдарды зерттеу мен анализ жасау орталығының (ЦАРКА) мамандары наурыз айында өз есептерін жариялаған. Әлемдегі статистикаға сүйеніп арнайы модель жасапты. Онда 10 сәуірде елімізде індет жұқтырғандар саны 17 мыңға жетуі мүмкін деген болжам айтылған-ды. Абырой болғанда ондай дерек тіркелген жоқ. Мұның өзі індеттің таралу деңгейі әр елде әртүрлі болуы мүмкін екенін көрсетеді.ӘЛЕМДЕ 22 НАУРЫЗДАН КЕЙІН ӨРШІДІ
Жаһанда COVID-19 індетінің таралу қарқынын онлайн режимді көрсетіп тұратын worldometers.info сайтының мәліметіне көз салсаңыз, эпидемияның таралу деңгейінің 22 наурыздан кейін күрт өскені байқалады. Мәселен, 7 наурызда жаһанда бұл дертті жұқтырған 109 мың адам тіркелсе, 22 наурызда олардың саны 337 мыңға жеткен. Ал 14 сәуірде індет жұқтырғандар саны 1 млн 926 мың болды. Бұл дегеніңіз 20 күнде 5,7 есеге артқанын байқатады. Індеттен көз жұмғандар саны 22 наурызда – 14 640, ал 13 сәуірде 119 618-ге жетті. Яғни 8,1 есе көбейген. Індет алғаш пайда болған Қытайда 1 наурыздан бері дерт жұқтырғандар саны қарқынды өсе қойған жоқ. Сол күні 80 мыңға жетсе, қазір 82 мыңнан асты. Бір жарым айдан астам уақыт бойы шығыстағы көршіміз пандемияны тежеп тұр. Бірақ 10 сәуірден бері бұл елде аздап болса да індет жұқтырғандар саны өсіп келеді. Күніне жүзге жуық адамның індет жұқтырғаны белгілі болып жатыр. Мәселен, 10 сәуірде – 46, 11 сәуірде – 99, 12 сәуірде – 108, 13 сәуірде 88 адамнан вирус табылды. Яғни, Қытайда жаңа індет ошақтарының пайда болу қаупі бар деген сөз. Сондықтан әзірге жаһандық індеттің шарықтау шегінің қай кезге сәйкес келетінін болжау қиын. Америкалық Boston Consulting Group Еуропа мен Американың көптеген елінде індеттің шарықтау шегі сәуірдің ортасынан бастап, мамыр айына дейін жалғасады деген болжам жасаған. Сондықтан АҚШ пен Канада, Еуропаның біраз елдері шілденің, Бразилия, Аргентина мен Оңтүстік Африка Республикасы тамыздың аяғына дейін карантин режимінде болуы ықтимал. Тек Швеция мен Норвегия елдері маусымның соңында карантиннен шығуы мүмкін деседі әлгі сарапшылар.Амангелді ҚҰРМЕТ