Алдағы сенбіде, яғни 11 мамырда сағат 18:00-де Қазақстан президенттігіне кандидаттарды тіркеу кезеңі аяқталуы тиіс еді. Алайда Орталық сайлау комиссиясы заң талабына сай келетін үміткерлерді 6 мамырға дейін тіркеп қойды. Үміткерлер осы мүмкіндікті пайдаланып, үгіт-насихат жұмысына 5 күн бойы дайындала алады. Ел қазынасынан әр үміткерге үгіт жүргізуі үшін 7 млн 331 200 теңге беру көзделген. Бұл жөнінде Орталық сайлау комиссиясының отырысында айтылды.
Сөз басында айтқанымыздай, ОСК ел басқарудан дәмелі үміткерлерді тіркеуді заңда қарастырылған мерзімнен 5 күн бұрын аяқтады.
«ОСК-ның кандидаттың заң талабына сәйкестігін анықтау туралы мәліметтерді уәкілетті мемлекеттік органдардың 2 күн ішінде ұсыну мерзімін қысқарту, қол қою парақтарын беру мерзімін 2 күнге дейін, сондай-ақ АСК қол қою парақтарын тексеру мерзімін 5 күнге қысқарту туралы шешімдері кандидаттарды тіркеу кезеңін мерзімінен бұрын аяқтауға себеп болды. Босатылған уақыт кандидаттарға штаб қызметін ұйымдастырумен айналысуға, сайлау қорында қаражатты жинақтауға және үгіт кезеңіне неғұрлым сапалы дайындалуға мүмкіндік береді», – деді ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров.
Ал ОСК хатшысы С.Мұстафинаның айтуынша, «ҚР Сайлау туралы» туралы конституциялық заңға сәйкес, мемлекет президенттікке кандидаттарға өз бағдарламасымен бұқаралық ақпарат құралдарына шығу үшін қаражаттың тең бөлігіне кепілдік беретінін жеткізді.
«Кандидаттарға БАҚ-қа шығу үшін қаражат бөлу қағидалары мен көлемі туралы 2018 жылғы 25 тамыздағы №12202 қаулыға сәйкес, кандидаттарға теледидарда – 15 минут, радиода – 10 минут, мерзімді баспасөзде немесе желілік басылымдарда 0,1 баспа парақтан аспайтын екі мақала жариялау үшін бірдей көлемде қаражат бөлу көзделген.
Сондай-ақ «Сайлау туралы» конституциялық заңның 33-бабы 2-тармағына сәйкес, республикалық бюджет қаражатынан кандидаттың сайлау алдында көпшілік шараларын өткізу, үгіт материалдарын шығару, сондай-ақ көлікке жұмсайтын шығындары жабылады. Осыған орай, ОСК қаулысының жобасы әзірленді. Ол құжатта кандидаттың шығын мөлшері 7 млн 331 200 теңге көлемінде белгіленіп отыр», – деді ол.
Кандидаттың сайлау қорында оның өз қаражаты және үміткерді ұсынған республикалық қоғамдық бірлестіктен бөлінген қаражаттың жалпы сомасы ең төменгі жалақының 12 000 есе мөлшерінен аспауы тиіс, ол – 510 000 000 теңге. Екіншіден, республика азаматтары мен ұйымдарының ерікті қайырымдылығының жалпы сомасы заңнамада белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінен 15 000 еседен аспайды, бұл – 637 500 000 теңгені құрайды. Белгіленген мөлшерден тыс түскен артық ақша қаражаты сайлау қорларына есептелуге жатпайды және оларды енгізген азаматтар мен ұйымдарға қайтарылады. Жасырын қайырымдылық қаражаты республикалық бюджет кірісіне аударылады.
«Сайлау қорларына тек заңды жолмен алынған қаражат қана жіберіледі. Сайлау қорының қаражатына билік ету құқы кандидаттарға ғана тиесілі», – деді ол. Егер кандидат өз кандидатурасын алған немесе кандидатты тіркеу туралы шешімнің күші жойылған жағдайда сайлау қорына түскен ақша оларды енгізген азаматтар мен ұйымдарға қайтарылады. Бұл ретте көрсетілген қаражатты қайтаруға байланысты шығыстар оларды енгізген азаматтар мен ұйымдардың есебінен өтеледі.
Сайлау қорытындылары анықталғаннан кейін кандидат күнтізбелік 5 күннен кешіктірмей ОСК-ке сайлау қорына аударылған ақша түсімдерінің көзі және барлық шығындар көрсетілетін өз сайлау қорының қаражатын пайдалану туралы есеп беруі қажет. ОСК сайлау қорытындысы жарияланғаннан кейін 10 күн ішінде БАҚ-та сайлау қорына келіп түскен ақшаның жалпы сомасы және оның көздері туралы ақпаратты жариялайды.
Бұл ретте Халықтық Жинақ Банкі Ортсайлаукомға арнайы шотқа қаражаттың келіп түскені туралы және олардың жұмсалғаны туралы апта сайынғы есепті ұсынады. Аталған есепті ОСК БАҚ-та айына екі рет жариялайды. Арнайы шоттар бойынша барлық қаржылық операция сайлаудан бір күн бұрын 18:00-де тоқтатылады.
Егер үміткер сайлау туралы заң нормаларын және арнайы уақытша шот ашу, сайлау қорының қаражатын жұмсау қағидаларын бұзатын болса, ол кандидатты тіркеу туралы шешімнің күші жойылады.
ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров мемлекет азаматтарға, қоғамдық бірлестіктерге сол немесе өзге кандидатты, саяси партияны қолдап немесе оларға қарсы сайлау алдындағы кедергісіз үгіт жүргізу құқығына кепілдік беретінін атап өтті.
«Заңда мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, сондай-ақ қызметтік міндеттерін атқару кезінде олардың лауазымды адамдары; Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың әскери қызметшілері, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және судьялар; сайлау комиссияларының мүшелері; діни бірлестіктер, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар және халықаралық ұйымдарға сайлау алдындағы үгіт жүргізуге тыйым салынады», – деген ол үгіт жұмыстары бұқаралық ақпарат құралдары арқылы; сайлау алдындағы көпшілік іс-шараларды, сондай-ақ кандидаттардың және олардың сенім білдірген адамдарының сайлаушылармен жеке кездесулерін өткізу арқылы; баспа, дыбыс-бейне және өзге де үгіт материалдарын шығару және тарату арқылы жүзеге асырылатынын жеткізді.
Айдана БЕГІМ